Кенесары ханның ескерткішін орнатуға қырғыздар қарсы емес – Мұрат Арықбаев

2631
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысына қарасты Меркі ауданында Хан Кененің ескерткіші 2018 жылдан бері жыр болып келеді. Асқар Мырзахметовтың кезінде басталаған дау Бердібек Сапарбаевтың тұсында шешілмей, Нұржан Нұржігітовке «мұра» болып қалды. Бір қызығы осы үш әкімнің кезінде бірнеше кешен мен ескерткіш ашылды. Мысалы Асқар Мырзахметовтың кезінде Тектұрмас кешені мен Асқар Тоқпановтың ескерткіші, ал Сапарбаевтың тұсында «Біз біргеміз» және «Қазақ еліне мың алғыс» монументі ашылды. Нұржан Нұржігітов тізгінді ала сала Дінмұхамед Қонаев пен Шерхан Мұртазаның ескерткішін ашып тастады. Әйтсе де аталған атқамінерлердің Кенесары ханға келгенде кежегесі кейін кетіп отырғаны қызық.

«Аdyrna.kz» ұлттық порталына Мұрат Арықбаев хабарласып, Кенесары ханның ескерткішін 5 жылдан бері орыната алмай жүргенін айтты. 2018 жылы басталған дау үш бірдей әкімнің тұсында неге шешілмеді?

Кенесары ханның ескерткішін орнатуға қай жылдан бастап кірістіңіздер?

– Кенесары  ханның ескерткішін қоюуға арналған жердің рұқсатын 2019 жылдың 17 маусым күні алдым. Бірақ рұқсат алмастан бұрын яғни, 2018 жылы Хан Кененің ескерткішін орынатып тастаған едік. Кейін жергілікті әкімшілік «Ескерткіш қойылған жер жекеменшік жер екен. Сендер рұқсатсыз қойдыңдар» деген соң 10 соттық жерді 2019 жылы қайта рәсімдедік.

Сондай-ақ әкімшілік «Ескерткіштің көлемі кішкентай» деген соң Кенесары ханның ескерткішін қайта жасаттық. 2020 жылдың 14 қазан күні Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешовтың төрағалығымен Астанадағы монумнетті өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия біздің ұсынысты қарады. Сондай-ақ сол кездегі Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың Меркі ауданындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойында Кенесары ханның ескерткішін орнату ұсынысына қолдау көрсетілсін деген хаттамасы болған.

Кеше Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубековтың қабылдауына кіріп, сөйлестім деп айттыңыз. Аудан әкімімен арада қандай әңгіме болды?

– Аудан әкімі «Кенесары ханның ескерткішін орнатуды қолдап отырмыз. Мәдениет министрлігінен хат келсе, біз оған ешқандай қарсы емеспіз» деп отыр. Мұның алдында мен «Ескерткішті салып біттік. Абаттандыру жұмыстарына көмектесесіз бе?» деп сұраған болатынмын. Аудан әкімі бюджеттен арнайы қаржы бөліп, абаттандыру жұмыстарына көмектесетінін айтты.

– Сіз бұған дейін Жорабек Баубековтың облыс әкімі орынбасары Еркін Үйсімбаевпен сөйлескенін айттыңыз ғой. Екеуі не туралы сөйлесіпті?

– Жорабек Нұрмергенұлы облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың Астанамен сөйлескенін айтты. Бірақ облыс әкімінің нақты кіммен сөйлескенін білмеймін. Әйтсе де ол аудан әкіміне «Қырғыздар тарапынан ешқандай қарсылық жоқ» депті. Бұл сөзді маған аудан әкімі айтты.

– Аудан әкімі Қырғызстан тарапынан Кенесары ханның ескерткішін қоюға ешқандай қарсылық жоқ деп отыр ма?

– Иә.

– Бұл аудан әкімі мен Үйсімбаевтың арасындағы әңгіме ғой...

– Иә, солай ғой деймін. Аудан әкімі болған соң облыстағы басшылармен хабарласқанын кеше айтып отыр. Араларында «Қырғыздар тарапынан қарсылық бола ма?» деген сөз болған шығар.

– Кенесары қазақтың ханы. Біздің өз ханымыздың ескерткішін орнатуға «Қырғыздар тарапы қалай қарайды?» деуіміз қаншалықты қисынды?

– Олардың біздің ішкі ісімізге араласуға қисыны жоқ сияқты. Біз өзіміздің ханымыздың ескерткішін өзіміздің жерімізде қойып жатырмыз. Солай емес пе?

Тектұрмас кешені

Шерхан Мұртаза ескерткіші

– Меркідегі Кенесары ханның ескерткіші 2018 жылдан бері, яғни Асхат Мырзахметовтен бастап, Бердібек Сапарбаев және қазіргі әкім Нұржан Нұржігітовтың кезінде де шешілген жоқ. Асхат Мырзахметовтың кезінде «Тектұрмас» кешені мен Асқар Тоқпановтың ескерткіші, Бердібек Сапарбаевтың кезінде «Қазақ еліне мың алғыс» және «Біз біргеміз» монументі ашылды. Қазіргі әкімнің кезінде Дінмұхамед Қонаев пен Шерхан Мұртазаның ескерткіші бой көтерді. Билік Кенесары ханның ескертішіне неге немқұрайды қарап отыр?  

– Кенесары ханның ескерткішімен бірге Сеңкібай батырдың ескерткішін орнату 2020 жылғы хаттамада көрсетілген болатын. Әу баста аталған батырдың ескерткішіне байланысты түзетулер жасалуы керек деген шешім шықты. Әйтсе де Сеңкібай батырдың ескерткіші былтыр ешқандай түзетусіз Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында қойылды. Мұны біз батырдың ескерткішінің ашылуына барған кезде байқадық. Бұған дейін Асқар Тоқпанов, Дінмұхамед Қонаев, Шерхан Мұртазаның ескерткіш ашылып кетті.  Ал Кенесары ханның ескерткіші 5 жылдан бері жыр болып келе жатыр.

P.S. Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубековке хабарласып, «Хан Кененің ескерткішін орнатуға Қырғыз елінен неге рұқсат алу керек?» деп сұрағымыз келген. Алайда аудан басшысымен сөйлесу мүмкін болмады. Егер жергілікті әкімдік тарапынан мән-жайды түсіндіреміз десе, Аdyrna.kz ұлттық порталы өз алаңын ұсынады.

Айтпақшы Мұрат Арықбаев бастаған азаматтар 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай ескерткішті ашқысы келеді. Алайда Жамбыл облысы әкімі мен Мәдениет министрінің жайбасарлығынан Кенесары хан біраз уақыт қораптың ішінде отыра тұратын шығар.

Серік Жолдасбай

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер