Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жер сілкінісінен зардап шеккен Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында табиғи апаттың салдарын жою бойынша жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Жиында аудан әкімдері жағдайға қатысты есеп берді. Зардап шеккен азаматтар тіркелмеген, барлық нысан қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Дегенмен, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында 14 әлеуметтік нысанның ішінара зақымданғаны анықталды. Оның ішінде 9 білім беру мекемесі, 2 денсаулық сақтау нысаны, 1 әлеуметтік қорғау орталығы, 1 спорт кешені және 1 мәдениет үйі бар.
Қазіргі таңда қосымша бүлінген нысандарды анықтау және зерделеу жұмыстары жалғасуда. Аудан әкімдеріне барлық ауылдық елді мекендерді аралап, жағдайды өз көздерімен көру, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және қажет болған жағдайда психологиялық көмек көрсету тапсырылды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған жалған ақпараттарға назар аударып, тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.
“Тұрғындарды алаңдатқан мәселе – Меркі ауданына техникалардың келуі мен уақытша шатырлардың орнатылуы. Бұл төтенше жағдайлардың алдын алу алгоритміне сәйкес жүргізіліп жатқан шаралар. Алаңдауға негіз жоқ. Барлық жұмыстар қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атқарылуда,” – делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, 28 наурыз күні түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді. Жер асты дүмпулерінің ең жоғарғы күші Меркі ауданында 5 баллға жетті. Т.Рысқұлов ауданында 4 балл, ал Тараз қаласы мен басқа аудандарда 2 балл шамасында болды.
Жер сілкінісі 15:56-да қайта сезілді. Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жедел штаб жұмысын жалғастыруда.