Қытайдағы ұйғыр мәселесі қазақтың есебінен шешілмек пе?

3755
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі уақтағы Ши Жинпин басқаруындағы Қытай билігі Шыңжаңдағы этникалық аз ұлттарға, оның ішінде, қазақ, ұйғыр, тибет, дүңгендерге солақай саясат жүргізіп, әртүрлі ілік-сылтаумен оқу-үйрету лагерлеріне (жұрт ішінде концлагер атанып кеткен) жаппай кіргізіп жатқаны айтылып, жазылып жүргелі де 2 жылға жуықтады.

Біз әрине, Қытайдағы қандастарымыздың, қандас болғанда да, ұлты қазақ азаматтардың хал-жағдайына алаңдаймыз.

Дербес мемлекет ретінде қалыптасып, әлемдік саяси аренадан өзіндік орнын белгілеген бүгінгі Қазақстан шеттегі ресми 5 миллион, бейресми 10 миллион қазақтың ата қонысы. Шекара сызығының арғы жағындағы ағайынның әрбірі үшін Қазақстан билігі алаңдайды, араша тұрады. Бұл біздің биліктің бұлжымас міндеті де.

Міне, Қытайдағы репрессиялық саясат басталғалы бері Қазақстанның Сырты істер министрлігі түрлі деңгейде Қытайдағы этникалық қазақтарға араша түсіп-ақ, келеді. Оны терістеуге және хақымыз жоқ.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22-шілдесіндегі №477-IV Заңы бар. Ол – «Халықтың көші-қоны туралы» Заң. Осы заңда шеттегі этникалық қазақтардың Қазақстанға көшіп-келуінің талап-ережелері егжей-тегжейлі жазылған. Біз соның ішінде бір-екі тұсын мысал етейік, ендеше...

Жоғарыдағы Заңның 1-тарауы, 1-бабының 13-тармағында былай деп жазылған екен:

«Оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туылған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары».

Заңның бұл тармағы «Оралман» деген  санатқа нақты кімдердің жататынын анық көрсетіп тұрса керек.

«Оралман – тарихи отатына, яғни Қазақстанға тұрақты тұру мақсатында келген, этникалық қазақ және оның ұлты қазақ балалары» деп тайға таңба басқандай жазылған.

Одан әрі, Заңның «Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары мен міндеттері» деп аталатын  4-бабының, 9-тармағында былай дейді:

«Этникалық қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуына жәрдемдесуге» Қазақстанның құзырлы органдары міндетті деп жазылған.

Міне, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі және өзге де жауапты мемлекеттік органдар осыны негізгі ала отырып, осы күнге дейін шама-шарқында жұмыс жасап келді.  Оның барлығы бұқаралық ақпаратта ашық жарияланып жатты.

Бұл ретте қоғамдық ұйымдар да Қытай билігінің қудалауына түскен қандастардың мәселесін мемлекеттік және халықаралық мінберлерге жеткізді. Соның ішінде, «Адырна», «Жебеу», «Атажұрт», «Қытай зерттеу институты», «Ел-Аманат» т.б. мемлекеттік емес ұйымдардың, қоғамдық қорлардың жұмыстарын атап айтуға тұрарлық.

Дейтұрғанмен, қазір әлеуметтік желіде, қоғамдық ортада Қытайдағы этникалық қазақтардың мәселесін Қытайдағы ұйғырлар мәселесімен байланыстыруды, сол арқылы енді-енді мемлекетаралық деңгейде реттеліп келе жатқан қандастар мәселесін, қазақ мәселесін қасақана қайта ушықтыруды көздеген ұйымдар мен жекелеген азаматтар бас көтеріп, үн қата бастады.

Мақсаттары – Қытайдағы ұйғыр проблемасын қазақтың, Қазақстанның есебімен шешу болса керек. Біз солай ұқтық.

Басқасын айтпасақ та, жарты ғұмырын шеттегі қазақтың Қазақстанға көшіп келуіне арнаған, сол жолда адал қызмет еткен, Заң жобаларын әзірлеуге бір кісідей-ақ араласқан Ауыт Мұқибек деген азамат бар. Қазір «Нұр Отан» партиясында кеңесші қызметінде жұр.

Міне, сол Ауыт Мұқибек жуырда «Фейсбук» желісіндегі жеке парақшасында мынадай жазба жариялады. Алдымен сол жазбаны оқып көріңіздер:

Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

Мағжан Жұмабаев

Сондықтан, Түркінің қара шаңырағы болған біз қандастарымыз ғана емес, бүкіл түрік текті ұлттарға болсуымыз, қол ұшын беруіміз керек.
Түркі баласы бір-біріне үрке қараса, алды-алдына шыққан антұрғанның сақалы құсап, бытырап жүрсе, баяғы сол "Шетінен бөліп ал да билей бердің" құрбаны болып қала бермейміз бе?!
Керек болса, ҚР "Азаматтық туралы" заңына толықтыру енгізіп, өз еркімен ұлтын ҚАЗАҚ деп жаздырғысы келетін Түркі тектес ұлттар мен олардың ұрпақтарын жеңілдетілген тəртіппен Қазақстан азаматтығына қабылдауға қорықпай жол ашуымыз тиіс.
Қазіргі таңда Шыңжаңда саяси қысым астында қалған Түркі баласына Түркі тектес Тəуелсіз Мемлекеттердің мемлекеттік емес ұйымдары тізе қоса отырып, "Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын" негізге ала отырып, болысса, Қытайдың аяғы аспаннан келер еді деп ойлаймын.
Қашанғы бұғып, жалтақтай береміз?!
Мемлекеті бар ұлттың ешкімнен именетін, өзін қор санайтын жөні жоқ! Құлдық сана -- құдыққа құлатады.
Қазаққа дүниеге ескі советтік, қытайлық көзқараспен емес, бүкіл түркілік биіктен қарайтын мезгіл əлдеқашан жетті!!!

Ауыт Мұқибек

17.02.2019

 

 

Ауыт Мұқибектің бұл жазбасы бізді түрлі ойға жетеледі. Шеттегі қазақтың мәселесін өзінің жеке бас мәселесінен артық қоятын азаматтың бұл қайткені дедік. Сосын жазбаны әрі оқып, бері оқып, ақтап алудың амалын іздедік. Бәлкім, Ауыт Мұқибек мырза «Түркі бірлігі» идеясын сөз етпек болған шығар дедік.

Олай десек, неге Ауыт Мұқибек бұл идеясын осыған дейін жазған жоқ? Неге Қытайдағы ұйғырлар мен қазақтар мәселесін біріктіргісі келетін әлгі жатпиғылды топтардың тіріліп шыққан кезінде жазып отыр?

Енді Ауыт Мұқибектің жазбасындағы мына бір сөйлемдерге көз жүгіртейікші:

«ҚР "Азаматтық туралы" заңына толықтыру енгізіп, өз еркімен ұлтын ҚАЗАҚ деп жаздырғысы келетін Түркі тектес ұлттар мен олардың ұрпақтарын жеңілдетілген тəртіппен Қазақстан азаматтығына қабылдауға қорықпай жол ашуымыз тиіс».

Бұл жерде Ауыт Мұқибек мырза ұлтын қазақ деп жаздырып алған кез келген адамға, мейлі ол ұйғыр болсын, мейлі ол дүңген болсын, азаматтық беруіміз керек дегенді ашық айтып отыр.

Рас, қазір Қытай билігі «ұйғыр терроризмі» деген түсінікті Қытай түгілі әлемдік деңгейде дәріптеп болды. Шегіне жеткізді. Күллі Еуропа көзіне ұйғырды террорист, радикал ретінде танытты. Өкінішке орай, солай болды. Сол процесс енді-енді басталып жатқанда Ауыт Мұқибек неге «ұйғырды» ақтап сөйлеген жоқ? Неге түркі жұрты тып-тыныш жатты? Қазір мәселе асқынғаны былай қойғанда, шегіне жетті. Енді әлемнің алдында ұйғырды ақтап алу процессін бастау кімге ұпай әпермек? Әрине, ұйғырға.

Мемлекетаралық келіссөздер нәтижесінде Қытай билігі саяси үйрету лагерлерінен этникалық қазақтарды бірте-бірте босатып жатқаны белгілі. Енді-енді тынышталып, бір ізге түсіп келе жатқан мәселеге радикалды сипат беру кімге тиімді? Тағы да ұйғырға...

Ауыт Мұқибек мырзаның дәл осы ұйғыр тақырыбы қоздаған тұста «тұтас түркі бірлігі» деген жалаң сылтауды сөз етіп, «ұйғырға да азаматтық берейік» дегенін ақылы бар адам бірден ұқты. Бұл кімге тиімді? Тағы да ұйғырға!

Ауыт Мұқибек ұсынған бұл ұсыныс Қытайдағы ұйғырдың мәселесін қазақтың, Қазақстанның есебінен шешудің сұранып тұрған жолы.

Жоғарыда айттық, Ауыт Мұқибек мырза Астанадағы «Нұр Отан» партиясында кеңесші қызметін атқарып жүр.

Сонымен сөз түйіні. Бұл Ауыт Мұқибектің жеке ұсынысы ма? Әлде «Нұр Отанның» ресми позициясы ма? Жеке ұсынысы болса, Ауыт Мұқибек мырза неге оның анықтап жазбаған?  Әлде білдей бір билік басындағы партияның ресми кеңесшісі осындай олқы пікірді айта бере ме? Бұған «Нұр Отан» партиясы ресми жауап беруі керек!

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер