Елнұр Бейсенбаев: «Халықтың мәселелесін шешу – «AMANAT» партиясының бірінші кезектегі міндеті»

2067
Adyrna.kz Telegram

«AMANAT»-тың атынан депутаттыққа кандидаттар және партия белсенділері су басқан үйлердің тұрғындарымен кездесіп, гуманитарлық көмек көрсету үшін Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына барды. Бұл туралы партияның Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев Facebook парақшасында мәлімдеді.

«Өткен аптада партияның республикалық штабының мүшелері үгіт-насихат науқаны кезінде осы облыстарға барып, өңірдегі су тасқынының салдарын өз көзімен көрді. «AMANAT» бұл жағдайды үнемі бақылауда ұстады. Сондықтан дауыс беру аяқтала салысымен, партиялықтар осы аймақтарға қайта жол тартты. Аманаттықтар инфрақұрылым нысандары мен жолдардың жай-күйін тексереді. Олар зардап шеккендердің барлығы келтірілген залал үшін өтемақы алып, аймақтағы жағдайды қалпына келтіру үшін қажетті көмек туралы ақпарат жинайды», – делінген хабарламада.

Елнұр Бейсенбаев партия бағдарламасында еліміздегі инфрақұрылымды жаңғырту, қала мен ауыл тұрғындарын маусымдық су тасқынынан қорғап, гидротехникалық құрылыстар жүйесінде тәртіп орнату көзделгенін атап өтті.

«Партия өзінің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті және бүгінде аса өзекті болып отырған мәселені тікелей төтенше жағдай орын алған аймаққа барып шешпек. Халықты толғандыратын мәселелерді шешу – «AMANAT» партиясының бірінші кезектегі міндеті. Біз әрдайым халықпен біргеміз!» – деп атап өтті партияның Атқарушы хатшысы.

 

Пікірлер