Әлеуметтік желіде қазақ ауылдарына тән "балалап, тамырын кеңге жайып" кеткен мәселені ашық, кесіп айтқан азаматқа қатысты видео жарық көрді. Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Тұзды мекенінің тұрғыны ауылдықтардың "мойнына мінбелеген" мәселелерді жайып салып, шенділерді састырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ауылдағы мал шаршашылығы мен егін шаруашылығына қатысты келеңсіздіктерді, жер мәселесі мен жерді "басып алған" жуандардың әрекеті сөз болды. Қоғам белсендісі Айсұлтан Жақыпов мұндай видеоны халыққа көрсетуден шенділердің өзі тайсақтап, басын ала қашатынын жазады:
- Негізі шынайы жағдай осындай. Кандидаттар әдемі сөйлегенді ғана жариялайды көбіне. Бірақ, бұл видеоны да кандидаттың штабындағы жігіттердің парақшасынан алдым. Жарнамасы мен PR аз кандидат екен. Видеодағы азамат Қарағандының 18 округіне қарасты ауылының тұрғыны. Жаздай Бұқар жырау, Осокаровка ауылдарын аралап баққанмын. Бұзау егінге түссе қамап қоятындар бар екен. Шығарып алу үшін төрт мың теңге бересің. "Бұзау ауылдың маңында жайылмаушы ма еді" дерсіздер. Кей ауылдардан екі жүз метр ұзамай жатып егіс алқабы басталады.Ақ-сұр күртелі партия осындай жерлерді қайтаруға жұмыс істеуі керек. Айдаладағы жерлерді қайтарып алғанымен ауыл тұрғындарына пайдасы жоқ болуы да мүмкін...Жаздай жазып та, айтып та бақтық. Тіпті, ауылдардан видео да түсірдім... - деді қоғам белсендісі.
Видеоны көрген оқырмандар ауыл тұрғынын қостап, қолдап кетті. Олардың айтуынша, бұл Қазақ еліндегі барлық ауылдарға таңсық емес жайт.
"Заң бойынша жер иесі алқабын мал өтпейтіндей қоршап алуға міндетті. Егер қоршалмаған болса, еркін жайыла берсін. Малыңды қамауға құқы жоқ! Қамаса - онда сотқа беруіңе болады";
"Қарағанды облысында мал жәйілімі дефицит. Кеибір аудандарда шабындық алқаптар мүлдем жоқ деуге болады. Әкім қаралар қарапайым қазаққа бұйырмасын деп таныс тамырларына артқы есіктен беріп жіберген. Халыққа тиесілі жерлер бір тышқақ лағы жоқ дөкейлерге қызмет жасап жатыр";
"Жер ауылдан 5км қашықта болуы шарт...";
"Бұл барлық жерде өте маңызды мәселе " деп ашынды оқырман қауым.
"Адырна" ұлттық порталы