Білім беру реформаларына шолу

3654
Adyrna.kz Telegram

Жоғары білім беру жүйесі 4 жыл ішінде түбегейлі өзгерді. Ең маңызды өзгерістер  оқытушылар құрамының еңбек жағдайына, академиялық еркіндікке қатысты және оқу орындары бұдан былай білім беру бағдарламаларын өз бетінше әзірлей алатын болды. Студенттерді қазіргі заман талабына сай орталықтандырылған жүйеде оқыту үшін қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылды. Кешенді түрде жүргізілген реформалар білім беру жүйесінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Елімізде білім беру секторын жаңғыртуға, оның жұмыс күшінің талаптарына сай келуін қадағалауға, цифрлық технологияларды оқу процесіне енгізуге бағытталған түрлі бастамалар мен бағдарламалар іске асырылды.

2020 жылы коронавирустық шектеулерге байланысты білім беру жүйесі бірқатар қиындықтарға тап болды: шалғайдағы елді мекендерде интернеттің болмауы және техникалық ақаулар оқу процесін айтарлықтай қиындатты. Білім беру негізінен қашықтықтан жүргізілді. Дәл мұндай жағдай бұрын-соңды болмағандықтан, бірқатар нормативтік-құқықтық актілер жаңартылды. Білім беру ұйымдары қызметінің жаңа біліктілік талаптары, үлгі-ережелері қабылданды. 2020-2025 жылдарға арналған білім беруді дамыту бағдарламасында технологиялық жабдықтауға арналған жоғары талаптар, мамандықтардың жаңа атласы және болашақ түлектердің құзыреттілік үлгілері де көрініс тапты.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов орта және орта кәсіптік білімнің қолжетімділігін арттыру жөніндегі жұмыстармен қатар, коронавирустық шектеулерден туындаған қиындықтар білім беру жүйесіндегі әлсіз тұстарды анықтағанын, алдағы уақытта оқытушылар даярлайтын жоғары оқу орындарының саны қысқаратынын айтты. "Қазір бізде мұғалімдер дайындайтын 85 ЖОО бар. Бұл көп деген сөз емес. Мәселе мынада, олардың барлығы сапалы маман дайындайды дей алмаймыз. Сондықтан жоғары оқу орындарына қойылатын біліктілік талаптарын күшейту арқылы біз олардың санын  қысқартатын боламыз. Бүгінгі таңда бұл талаптарға тек 25-27 ЖОО сәйкес келеді».

Мемлекеттің мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарына қаражат бөлгенін жеке атап өткен жөн, осы шараның шеңберінде 18 мыңнан астам мұғалім 12 пән бойынша тегін біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

2021 жылы Президенттің тапсырмасын орындау аясында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов келесі реформалар пакетін ұсынды:

1. 2025 жылға дейін мектепке дейінгі білім беруді 71%-дан 95%-ға дейін ұлғайту;

2. Мектепке дейінгі білім беру үшін ваучерлік қаржыландыруды және ұйымдардың баламалы нысандарын енгізу;

3. Оқулықтардың мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар әзірлеу, оқулықтарды міндетті сараптамадан өткізу;

4. 2025 жылға дейін 5000 мектепті жөндеуден өткізу;

5. Колледждерге оқытудың 2 жылдық және 1,5 жылдық форматтарын енгізу;

6. Әр аймақты 7 заманауи колледжбен қамтамасыз ету;

7. Педагогикалық жоғары оқу орындарына қабылдау үшін шекті балды 50 ден 75 балға дейін көтеру;

8. Жоғары білім беруді оңтайландыру;

9. 2025 жылға қарай Қазақстан аумағында жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының кампустарын ашу;

10. QS рейтингінде белгіленген жоғары оқу орындарының санын 2025 жылға қарай 15-ке дейін жеткізу;

11. Жатақханалардағы орын санын 2025 жылға қарай 50 000-ға дейін ұлғайту.

 2022 жылы құрылымдық реформалардың тиімділігін арттыру және Қазақстанның білім беру жүйесін дамыту мақсатында Білім және ғылым министрлігі екі ведомствоға бөлінді: Ғылым және жоғары білім министрлігі және Білім министрлігі. Осылайша, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру деңгейлері үшін жеке министрлік пайда болды.

Білім беру туралы деректерді цифрландыру жөніндегі бастама бүкіл білім беру жүйесі үшін жалпы ақпараттық өріс құруға түрткі болды - ұлттық білім беру деректер базасының (ҰБДБ) арқасында оған енгізілген мәліметтер үшін білім беру мекемелері толық жауапкершілік алды. ҰБДБ білім берудің бірыңғай дерекқоры және аналитикалық жүйе ретінде енгізілді. Бұл ақпараттық жүйеге оқытушылардың контингенті, штат саны және өзге де кадрлық құрам, даярлықтың барлық деңгейлеріндегі білім беру мекемелерінің техникалық жарақтандырылуы туралы мәліметтер енгізіледі, бұл бейінді министрліктер мен қадағалау органдарының уақтылы мониторинг жүргізуіне мүмкіндік береді.

Ғылым

"Ғылым туралы" Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, соның арқасында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын институттардың қызметін қамтамасыз ету мен қаржыландыру ісі қайта қаралды.

3 жыл ішінде ғылымды қаржыландыру көлемі 70% - ға ұлғайды. Ғылыми қызметкерлердің еңбекақысы да 70% - ға өсті.

ҰМҒТСО және Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, соңғы 5 жылда Қазақстан ғылымында артып келе жатқан бәсекелестік ортаның 5 тенденциясын сенімді түрде атап өтуге болады:

* ЖОО базасында технопарктер мен ғылыми институттардың ашылуы. Мемлекет стартаптар үшін қосымша гранттар бөледі.

* Қазақстанда ғылым біртіндеп коммерциялық сипатқа ие болуда. Жеке мекемелер Қазақстанда ғылыми зерттеулермен 24,9%-ға жиі айналыса бастады. Кәсіпкерлік сектор туралы да айтуға болады (+38,4%).

* Ғылымдағы шетелдік меншік ұйымдарының үлесі 38,5%-ға өсті, бұл шетелдік ұйымдар тарапынан ғылыми зерттеулерге қызығушылықты байқатады.

* Ғылыми мекемелердегі кадрлар құрамы өзгерді. Елдің ғылыми қызметкерлерінің жалпы саны аздап азайғанымен, жекеменшік ұйымдарда жұмыс істейтін ғалымдардың саны артып келеді, бұл ғылымның біртіндеп коммерциялық жолға түсуін білдіреді.

* Ғалымның соңғы 5 жылдағы орташа жасы жоғары іскерлік белсенділіктің жас аралығында, яғни 35-тен 54-ке дейін (+5,7%).

* ЖОО ғылыми процеске қатысушы ретінде елдің инновациялық экожүйесін қалыптастыру бойынша IT-зерттемелерге атсалыса бастады.

Жоғары білім

Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесіндегі көптеген оң өзгерістерді атап өткен жөн.

 Жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары мен оқыту траекторияларын әзірлеуде өкілеттілігі зор. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының жауапкершілігі артты. Білім беру бағдарламалары еңбек нарығының талаптарына сәйкес болуы керек (яғни жұмыс берушілермен келісілуі қажет).

"Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен аккредитациялық агенттіктер дайындық бағыттары бойынша жоғары оқу орындарының рейтингтерін жасай бастады. Жыл сайынғы рейтингті жасау кезінде түлектердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасу деңгейі назарға алынады. Мұндай механизм білім беру мекемелерінің күшті және әлсіз жақтарын анықтауға мүмкіндік береді.

Тәуекел дәрежесін бағалаудың жаңа өлшемдері мен біліктілік талаптары бүгінгі жоғары білімге елеулі түзетулер енгізді және бірқатар мәселелерді жеңілдетті. Мысалы, енді кадрлық қажеттілікті қанағаттандыру және көздеген дәрежеге қол жеткізу үшін жоғары оқу орындарына салалық ортадан практик оқытушыларды шақыру ұсынылады, бұл ретте олардың ғылыми дәрежесі болуы міндетті емес, тиісті тәжірибесі болса, әсіресе басқарушылық салада жұмыс істесе, сол жеткілікті. Бұл шара ірі компанияның қаржы директорына студенттерге өз сабақтарында салық есебінің ерекшеліктерін түсіндіруге, ал тәжірибелі адвокатқа құқықтық пәндердің практикалық ерекшеліктерін ашуға мүмкіндік береді.

Жоғары оқу орындары бірыңғай QR-кодпен және аккредитациялық агенттіктердің логотиптерімен қорғалған жеке үлгідегі дипломдар беруге мүмкіндік алды. Академиялық еркіндік білім беру жүйесіне еңбек нарығына лайықты мамандар даярлау жауапкершілігін жүктейді, бұл қазіргі заманның талаптарына сай келеді.

Білім беру қызметінің лицензиясы бұдан былай мерзімсіз емес және үнемі растап отыруды талап етеді. Мұндай шара жоғары оқу орындарының білім беру нарығындағы өзгерістерге дайын болуы үшін, өз көрсеткіштерін жақсартуға ынталы болуы үшін қажет.

2021 жылдан бастап жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы да жоғары жалақы ала бастады. Оқытушының ең төменгі жалақысы - 200 000 теңге, аға оқытушының еңбекақысы – кемінде 230 000 теңге, қауымдастырылған профессор – 260 000 теңге, профессор – 350 000 теңге. Ал, ұлттық жоғары оқу орындарында профессордың жалақысы 400 000 теңгеден кем болмауы тиіс.

 ЖОО-дағы оқытушылардың жүктемесі қайта қаралды - 2021 жылдан бастап бір толық ставканың ең жоғары көлемі 680 сағаттан аспайды.

Стипендиялық төлемдердің мөлшері 2021 жылы 20% - ға және 2022 жылы 20% - ға ұлғайтылды. Мысалы, бакалавриат студенттері үшін 2022 жылдан бастап стипендиялық төлемдердің мөлшері 36660 теңгені құрайды (2021ж. 31423 теңге, 2020 жылы 26186тг. болған), магистратура үшін - 89 987 теңге (2021ж. 76 950 теңге, 2020 жылы 66 913тг. болған), докторантура үшін - 195 500 теңге (2021 жылы 172 500 теңге, 2020 жылы 150 000 болған). Әрине, бұл экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың ғылымға келуіне әсер етті.

Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарына өз студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету  жауапкершілігі жүктелген. Осылайша, жаңа мамандықтарға студент қабылдау үшін ЖОО жатақханаларында соған сай орындардың болуы міндетті.

5 әлеуметтік бастама шеңберінде жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін студенттік жатақханаларды қайта құру және жаңадан салу жөніндегі бағдарлама жүзеге асуда, оның шеңберінде инвесторлар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 4 жыл ішінде Қазақстанда 50 жаңа жатақхана пайдалануға беріліп, 2025 жылға дейін 75 жаңа жатақхана салу жоспарлануда.

Орта білім

2019 жылы "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданды, ол есеп беру көлемін қысқартуды, жалпы еңбек жүктемесін азайтуды және оқытушылар құрамының еңбек жағдайын жақсартуды көздейді. Мәселен, 2020 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп, колледж және балабақша педагогтарының жалақысы жыл сайын 25% - ға артып келеді. "Педагог мәртебесі туралы" заңмен бірге оқытушылар қосымша әлеуметтік кепілдіктерге ие болды және өздеріне тән емес қызметтерден ресми түрде босатылды.

Колледждерге ерекше тоқталғымыз келіп отыр. 2021 жылдан бастап тәлімгерге өндірістен еңбекақы төлеу, материалдардың шығынын өтеу, студенттер мен арнайы киімдерді сақтандыру қарастырылған. Мұндай шара оқытудың дуальды үлгісін дамытуға және түлектердің жұмыс берушілерімен ықпалдасуна әсер етеді. Колледждердегі оқыту траекториялары осылайша еңбек нарығының талаптарына бейімделеді, ал колледждердің өздері, жоғары оқу орындары сияқты, дайындық бағыттары бойынша рейтингке ие болды. Дуальды оқыту 5,5 мыңнан астам кәсіпорынның қатысуымен 535 колледжде енгізілді.

Дегенмен, білім беру жүйесінде әлі де шешілмеген күрделі мәселелер бар: кейбір елді мекендерде 3 ауысымдық мектептер және күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер жұмыс істеп тұр. 2026 жылға дейінгі бала туу қарқынын ескере отырып, оқушы орындарының тапшылығы миллионға жетуі мүмкін, бұл сонымен қатар педагогикалық кадрларды даярлау бойынша қосымша міндеттер туғызады, 2022 жылы 277 мектеп салынды және "Жайлы мектеп" ұлттық жобасына сәйкес тағы 840 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Бүгінгі таңда мектеп пен колледж түлектері ҰБТ-ны 5 ретке дейін тапсыруға, сондай-ақ оқу жылы барысында 3 рет гранттарға қатысуға үміткер бола алады. Осыған қарамастан, коронавирустық пандемияның салдары әлі де білімге әсер етуде. 2022 жылы наурызда Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижелері жарияланды, орташа балл жоғарғы балдың (140) 69,08% -ын құрады, оқушылардың шамамен 40%-ы ең төменгі балды жинай алмады.

Білім алушылардың тестілеуден өтуіне екі мүмкіндік ұсынылғанмен, елеулі өзгерістер болған жоқ. ҰБТ нәтижелері білім беруді одан әрі реформалау қажеттілігін көрсетіп берді.

ҰБТ нәтижелерінің сараптамасы

ҰБТ нәтижелері

2019 жыл

2020 жыл

2021 жыл

2022 жыл

Орташа балл

65,5

64,06

69,08

66

140 ұпайдың 50-ін жинай алған жоқ

25,2%

32%

39,4%

33%

Дереккөздер бойынша құрастырылған: ,,,

Қорытынды

Соңғы жылдары білім беру саласында жүргізілген ірі реформалардың бірі - оқу процесінде цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға бағытталған бастамалар болды.

Жоғары білім беру жүйесін оңтайландыру жүргізілді - жоғары оқу орындары азайды, бірақ олар академиялық еркіндікке ие болды. Жоғары оқу орындары түлектерінің құзыреттілігі заман ағымына сай болуға тиіс, осыған байланысты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары білім беру бағдарламаларын уақтылы жаңартуға және олардың мазмұнына толық жауапты болады. Студенттік орталықтандырылған тәсіл Болон процесінің негізгі қағидаты ретінде, экономика мен білім беруді ықпалдастырумен қатар, алдағы уақытта елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз етеді.

Қазақстан Үкіметі білім беру саласында озық тәжірибелермен алмасу үшін халықаралық ұйымдармен және шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатты. Бұл қатынастар білім беру реформаларын қолдау және Қазақстандағы білім беру секторының жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті және жоғары сапалы болуын қамтамасыз ету мақсатында құрылды.

Мұғалімдердің еңбек жағдайлары мен жалақысын жақсарту үшін түрлі қадамдар жасалды. Мұғалімдердің жалақысы көтерілді, олар үшін жақсы еңбек жағдайын жасау және мұғалім мамандығының жалпы мәртебесін көтеру қарастырылды. Бұл шаралардың мақсаты - білім беру саласына жоғары білікті оқытушыларды тарту және олардың оқушыларға сапалы білім беруін қамтамасыз ету.

Жалпы цифрландырудың арқасында түлектердің құзыреттілік үлгісі, сондай-ақ білім беру ұйымдарына қойылатын біліктілік және техникалық талаптар түбегейлі қайта құрылды, бұл одан әрі дамудың негізін қалады.

Осыған қарамастан, білім беру саласы әлі де жаңа мектептер салуды, қолда бар инфрақұрылымды жаңартуды, ұлттық және PISA, PIAAC сияқты халықаралық тестілеу нәтижелерін жақсартуды талап етеді.

Сондай-ақ, робототехника, цифрлық қауіпсіздік, бағдарламалау, инженерия және т.б. салалардағы заманауи мамандықтарға көп көңіл бөлінуі керек.

 Дегенмен, оқытушылық әлеуеттің жетіспеушілігі, кадрлардың қартаюы, техникалық және компьютерлік сауаттылықтың жеткіліксіздігі әлі де байқалады. Бұл мәселелердің барлығы уақытты және білімге қосымша инвестицияларды қажет етеді.

Тұрақты артықшылықтарға қол жеткізу үшін мына ұсыныстарды атап өткен жөн:

1. Технология мен заманауи жабдыққа инвестиция салу студенттерге цифрлық экономикада табысқа жету үшін қажетті ең жаңа құралдар мен ресурстар ұсынады.

2. Жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу: Еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеуді жалғастыру студенттерді болашақтың сын-қатерлеріне дайындауға көмектеседі.

3. Оқытудың әртүрлі кезеңдерінде үздіксіз оқыту қағидаттарын сақтау мамандарды даярлаудың жоғары сапасын қамтамасыз етеді.

4. Білім алушылар мен білім беру қызметкерлеріне қамқорлық жасау да оң нәтиже береді.

Степан Шрамко

 

Пікірлер