«Қазақстан киберқалқаны» дегеніміз не?

477
Adyrna.kz Telegram

Еліміз интернет пен смартфондарды, түрлі технология жетістіктерін пайдалануда әлемде алдыңғы қатарда десек артық болмас. Бізде бала туғаннан қолына смартфон ұстатамыз. Бәрін ескерсек те, кибершабуылдар жайлы ой тасада қалады. «Қазақстан киберқалқаны» деген не? Бұл тұжырымдама кімге тиімді? Осы және IT туралы өзге де тақырыптар туралы айтып көрелік.

Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанынан құрылған ақпараттық қауіпсіздік комитеті барын бірі білсе, бірі білмес. Аталған ұйымның еншісіне Қазақстанның киберқауіпсіздігі жүктелген. Еліміз жуырда «Қазақстан киберқалқаны» ұлттық киберқауіпсіздік тұжырымдамасын бекітіп, іске асыруды бастап кетті. Шынын айтқанда, жаңа технологиялар мен электрондық қызметтер әрбір азамтаттың өміріндегі ажырамас бөлікке айналды. Жалпы, кибер қалқан құру идеясы 5 жыл бұрын басталған. Сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы қаңтарда Үкіметке Қазақстанның Кибер қалқанын құруды тапсырған-ді.Үкімет 5 айдан кейін тұжырымдаманы бекітті. Алғашында тұжырымдама сипаты тым сүрең болған. Олай дейтініміз Үкіметтің қабылдағаны елдегі киберқауіпсіздік жағдайына негізделген тұжырымдама жобасы еді. Онда тек мемлекеттің мүдделері ғана ескерілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанынан құрылған ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Кенжебекұлы Әбдіқалықов МӘС Өңірлік бөлімшесімен әңгімелескенде айтқан болатын. Одан кейін өткен қоғамдық талқылаулар барысында талай рет тұжырымдама сынға ұшырады. Мамандардың дені «біржақты» деп сынға да алды.

Қазақстан соңғы жылдарда киберқауіпсіздікті дамытуды нықтап қолға алды. Тағы бірер жылда өзге мемлекеттерге үлгі боларлық істер атқарары анық. Бұлай деуіме негіз бар. Еліміздің киберқауіпсіздік тұрғысынан алған рейтингтегі позициясы бар-жоғы үш жылдың ішінде 103-ші орыннан 31-ші орынға көтерілді. Мемлекеттің мүддесінен бөлек жеке сектордың жай-күйі қалай деген қалыпты сауал туатыны анық. Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру міндеті жүктелген. Сол жақтан жеткен хабар бойынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 40-қа жуық компания, сондай-ақ 19 жеке қауіпсіздік операциялық орталығы, 7 жеке аккредиттелген сынақ зертханасы, 8 жоғары оқу орны және киберқауіпсіздік мәселелерімен айналысатын 25 орта оқу орны бар екен.

Демек, «Қазақстан киберқалқаны» ұлттықкиберқауіпсіздік тұжырымдамасы жемісін беріп жатыр.

Пікірлер