Ғылым біздің жерде әуел бастан болған. Әл-Фараби дәуірінде Аристотель ілімін Орта Азияда жалғастырушы, жаңғыртушы жаңа лек қалыптасса, Алтын Орда кезінде соның көбі хатқа түсіп, кітап болып қатталды. Негізі ғылым-білім дамыған жерде ұлттың санасы өсіп, мемлекеттің әлеуеті күшейіп, іргесі бекігеніне тарих куә.
Одан бертін Шоқан, Ыбырай, Абай салған ғылым жолы қазақ руханиятына әлемдік өркениет жетістіктерін сіңіріп, жаңа стандартпен дамуға үн қосып, дем берді. Ұрпақ сабақтастығы деген ұғым одан кейінгі кезеңде қазақ ғылымының ренессансы іспетті еңбек сіңірген Алаш арыстарының еңбегіне тікелей қатысты дер едім.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бірінші жартысында Орта Азиядағы ең көп ұлт болған 6 млн-нан астам қазақ азаматтарының ішінен алыс және жақын шет елден жоғары білім алып, Шәкәрім Құдайбердіұлы сияқты ғылым іздеп Стамбул кітапханасына дейін барған мықты, өзекті, жалынды жаңа лек өсіп шықты.
Алаштанушы Ұшқын Сәйдірахман, Елдос Тоқтарбайдың бүгінге дейінгі анықтаған дерегі бойынша репрессия кезінде 25 000 оқыған азамат атылса, соңғы 30 жылда олардың тек 3000-ның аты-жөні анықталған. Олардың ішінде заң аспиранты, шығыстану магистрлері сияқты ғылыми дәреже алған қазақ оқығандары бар.
Ал осы анықталған азаматтардың қазақ тілінде математика, география, астрономия, педагогика, психология, лингвистика, тарих және тағы басқа іргелі салалар бойынша жазған кітаптарының ішінен бұрын-соңды жарияланбаған 100 оқулықтың тізімін анықтап отыр. Сол 100 оқулықта қазақ тіліндегі салалық терминдерден бастап қаншама құнды деректер бар.
Ал қазіргі қазақ ғылымы қарқынды дамып жатыр деп айта алмаймын. Кешегі Сәтпаевтар салып берген сара жол қазір бір жері әбден тозып, ал келесі бір жерін жылтыратып, жаңартып қойған соқпаққа көбірек ұқсайтын сияқты. Әрине, ескі жүйеде қалып қойған, сол тоз-тозы шыққан ережелері ақшамен қорғата салуға жол ашып отырған көрші елдерге қарағанда салыстырмалы түрде көш ілгеріміз деуге негіз бар.
Дегенмен де ғылымға шынайы, концептуалды, конструктивті қолдауды сезіну қиын болып тұр. Бір жағынан әлемдік талапқа сай, заман көшінен қалмайтын халықаралық стандарттар жасалып жатыр. Екінші жағынан дайындықсыз, үстіртін қабылданған шешімдер “отчет” үшін жан пида имитациясын туғызып келеді.
Мәселен, бізде Болон процесі сынды жаңа стандарттардың тәртібі бойынша, докторанттарға халықаралық ғылыми базаларға мақала шығару талабы қойылады. Негізгі мақсаты — әр ғылым саламыз өз сорпасында қайнай бермей, халықаралық ғалымдарға да түсінікті болып, әділ бәсекелестікке, жаңа ғылыми жаңалық ашуға жол салу, соған бағыттауға итермелеу.
Алайда, қазақтың жас зерттеушілері түгілі алдыңғы буын ғалымдарының басым көпшілігі ағылшын тілін ғылыми дәрежеде меңгерген бе? Ол стандартта (APA, IMRAD, т.с.с.) ғылыми мақала жазуға дайындық жұмыстары жүргізілді ме? Жоқ. Сосын оның жолын, көзін, тілін білмейтін бірақ тәп-тәуір әлеуеті бар қазақ ғалымдары ақшаға құныққан “жыртқыш” журналдарға жем болып, мыңдаған долларын соларға беріп, қорғауын күтуге мәжбүр. Осы былықты реттемейінше “халықаралық журналдар біздің ғалымдардың жұмысын бағалап жатыр” деген жалған түсінік туғызудың болашағы баянсыз болары анық.
Қазақ ғылымының бүгінгі өрісін кеңейтіп, тынысын ашатын тың серпілісті сол мұрамызды түгендеп, халыққа насихаттаудан бастау керек деп санаймын. Сонда ғана ұлттық тамырға нәр барып, заманауи ғылымның “дәнін алып, қауызын тастауға” иммунитет қалыптасып, мотивация пайда болып, ниет күшейері сөзсіз.
Алма САЙЛАУҚЫЗЫ,
алаштанушы ғалым