Журналист Нұрсұлтан Құрман Парламенттік сайлауға үміткерлер арасында дебат ұйымдастырмақ

2445
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Журналист Нұрсұлтан Құрман Парламенттен үміттілер арасында дебат ұйымдастырмақ. Ол бұл туралы өзінің Instagram парақшасында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айтуынша, алғашқы дебат 28 ақпан күні болады.

“Сайлауға байланысты үгіт-насихаттар басталып кетті. Менің ютуб арнам тамаша мүмкіндік беріп отыр: арнайы дебат ұйымдастырамын. Тікелей эфирде болады, 7 бірдей партияның өкілдері болады. Парламенттен үмітті әртүрлі бөлімдерге бөлдім. Үш түрлі тақырыпты алдым: ауыл, мәдениет, жастар. Алғашқы пікірсайыс 28 ақпанда болады. Қай жерде болатынын алдын-ала айтамын”,- деді журналист.

Сондай-ақ, ол дебаттың регламенттерін де таныстыра кетті.

“Дебаттың регламенті:

1 раунд. «Таныстыру». Берілген тақырып аясында партияның сайлауалды бағдарламасын 30 секунд ішінде айтып шығу.

• Басқаша айтқанда, бір сториздің уақыты. Ауылға қатысты партияның қандай ұсыныстары бар екенін 30 секундта айтуға болады деп ойлаймын. Қызыл сөздің қажеті жоқ, қысқалық – нақтылық.

2 раунд. «Блиц-суалнама». Әр спикерге 1 минут беріледі. Модератор ретінде мен әрқайсысына тақырып аясында сұрақтар қоямын, 1 минутта барынша көп сұраққа мазмұнды жауап беру керек.

3 раунд. «Пинг-понг». Дебатқа қатысушылардың әрқайсысы қарсыласына тақырып аясында 1 сұрақ қойып, өзіне қойылған 1 сұраққа жауап береді. Жеребе тартпаймыз, қай партия өкілі кімге сұрақ қойғысы келеді – өз еркі. Әділдік үшін барлығына бірдей мүмкіндік береміз. Сұрақ қоюға 30 секунд – жауап беруге 30 секунд қана беріледі.

4 раунд. «Қысқа-нұсқа». Бұл раундта модератор ретінде мен әр дебатерге тақырып аясында 4 сұрақ қоямын, әр сұраққа жауап беруге 15 секунд қана уақыт беріледі.

5 раунд. «Блиц-үндеу». Әр спикерге дебатты қорытып, сайлаушыға үндеу жасау үшін 20 секунд беріледі.

Мәселені төтесінен қойып, нақты шешімін айтатын саясаткерлердің заманы туды!

ЕСКЕРТУ. Әр дебат белгілі бір тақырыпқа арналатын болғандықтан, уақытты тиімді пайдалану үшін спикерлерге бекітілген тақырып аясында сөйлеуге кеңес беремін”,- деп жазды Нұрсұлтан Құрман.

Пікірлер