Қазақтың атақты Қостанай жылқысы жойылудың аз-ақ алдында тұр

3303
Adyrna.kz Telegram
Арғымақтар даласына айналған Сарыарқаның саржалқын даласынан ат тұяғының дүбірін есту мұңға айналғандай. Ежелден қазақтың тұрмыс-тіршіліктегі таянышына айналған  шоқтығы биік Қостанай жылқыларына тықыр таянды. Этнограф қаламгердің жазуынша, ұзақ жүріске, тебіндеп жайылуға төзімді Қостанай жылқысына соңғы уақытта тіпті мән берілмеген. Қазіргі күні кезіндегі 44 000 жылқыдан 48 бас жылқы ғана қалған, деп мәлімдейді "Адырна" ұлттық порталы. 
Тарихшы Амандық Әмірхамзин әлеуметтік желіде Қостанай жылқыларының жағдайын айтып, дабыл қақты.
- Атақты Қостанай жылқысы жойылудың алдында тұр!  Біреу білер, біреу білмес бірақ, біздің Тобыл-Торғай жері егінге ғана емес, мал өсіруге де қолайлы. Әрине, Қазақстан бойынша астық өсіруден Қостанай облысы бірінші орында. Ал, Торғай даласында атақты Еділбай қойы еркін жайылса, сүтті һәм етті Әулиекөл сиыры, суық климатқа төзімді, дене тұрқы ірі және жыл бойы қолға ұстамай-ақ, далада жайылатын Қостанай жылқысы өлкемізде сұрыпталып шыққан еді. Қостанай жылқысының бір кездері саны қырық төрт мыңға жеткен деген дерек бар.
Енді, Қостанай жылқысының тарихына азды-кемді тоқтала кетейік. Аталған жылқы тұқымының пайда болуы 1887 жылы Торғай жылқы зауытында, 1888 жылы Қостанай жылқы зауытында, 1890 жылы Орынбор жылқы зауытында басталады. Яғни, ең алдымен қазақы жылқының қаны көбірек болды деген сөз, кейін Қостанай жылқысы Дон, Астрахань жылқыларымен және өзге де тұқымдағы жылқыларымен будандастырылды.
20 ғасырда кейбір мәліметтерге қарағанда заманында, яғни 1916 жылы Торғайдағы ұлт-азаттық қозғалсына қатысқан көтерілісшілерді мініс аттарымен жабдықтаған атақты Бірәлі байдың жылқылары Қостанай жылқысының тұқымын жақсартуға себеп болды. Қалай десек те, 1920 жылдары селекция жұмыстары қайта басталып, Қазақстанның Майкөл және Қостанай жылқы зауыттарында, Ресейдің бізбен шекаралас (кезіндегі қазақ жері) Троицк жылқы зауытында мініс және ет бағытында жылқының жаңа түрін шығару жұмыстары жүргізіледі.
Автор осылайша Қостанай жылқыларының асыл тұқымды сұрыптан екенін аңдата келе, қазіргі "жер сипап қалған" жайымызға тоқталады:
- Қостанай жылқысы Қазақстанның солтүстік, батыс және оңтүстік өңірлерінде, Ресейдің бізбен шекаралас аймақтарында көптеп өсіріле бастайды. Тіпті, кезінде Сарыторғай жылқы зауытында да Қостанай жылқысы жақсы өсім береді. Оны қазіргі Сарыторғай ауылы халқы жақсы біледі деп ойлаймын. Онда, әрине, Қостанай жылқысынан өзге де жылқы түрлері, тіпті пониға дейін болғанын жергілікті тұрғындар ұмытпаған шығар.
Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде Қостанай облысында "Қазақ тұлпары" атты кәсіпорын құрылып, ол табысты жұмыс істей бастады. Дегенмен, Қостанай жылқысына соңғы уақытта тіпті мән берілмегендіктен, қазіргі күні кезіндегі 44 000 жылқыдан 48 жылқы ғана қалды. Оның өзінде таза қандысы 25 қана, ал, айғыры 2 ғана! Бұл енді, дабыл қағарлық жағдай деп санаймын! - деп жазды қаламгер.
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер