2022 жыл қорытындысы: экономиканың нақты секторы

3476
Adyrna.kz Telegram

Primeminister.kz сайтының редакциясы Қазақстанның 2022 жылғы даму қорытындылары туралы жарияланымдар сериясын жалғастырады. Кез келген елдің экономикасының жай-күйін бағалауға болатын маңызды көрсеткіштердің бірі – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мұнай және газ өндіру, логистика сияқты және т.б. негізгі салаларда жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу.

Инвестициялық тартымдылықты арттыру Үкіметтің басты міндеттерінің бірі болып қалады: отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалады, әзірленіп жатқан жобаларға мұқият мониторинг жүргізіледі, әртүрлі бағыттарда мемлекеттік қолдау шаралары іске асырылады, салықтық ынталандырулар мен преференциялар қолданылады, шынайы нарықтық бәсекелестікті күшейту жөніндегі шаралар кешені іске асырылады, заңнамалық және сот практикасы жетілдіріледі.

Экономиканың нақты секторын нығайту қоғамдық өмірдің басқа да салаларына оң мультипликативті әсер береді, нәтижесінде бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына және азаматтардың әл-ауқатының артуына әкеледі.

Өнеркәсіп

Экономиканың маңызды салаларының бірі болып табылатын өнеркәсіп саласынан бастай отырып, жаңа өндірістердің ашылуына назар аударайық.

Мәселен, осы жылы тамақ, жеңіл және химия өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика, мұнай өңдеу және т. б. секторларда кәсіпорындар өз жұмысын бастады.

Жалпыұлттық пул шеңберінде биыл құны 2 трлн теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылды және 15,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Негізгі жобалардың бірі ретінде Атырау облысында қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты ерекше атап өтуге болады. Ол бірден осы өнімді әлемдік өндірушілердің ең озық ТОП-10 енді.

«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС полипропилен өндіру зауыты

Саран индустриалды аймағында қуаттылығы жыл сайын 3,5 млн шина шығаратын алғашқы отандық зауыт өз жұмысын бастады. Отандық автомобиль өндірушілердің қажеттіліктерін толығымен жабуға оның мүмкіндігі жетеді деп күтілуде. Жобаға тартылған инвестиция көлемі 171 млрд теңгені құрады.

 Қарағанды облысындағы шиналар шығаратын зауыт

Шымкентте «Оңтүстік» индустриялық аймағы базасында алюминий банкалар мен сусындарға арналған қақпақ түрлерін шығаратын Орталық Азиядағы ең қуатты зауыттардың бірі (жылына 500 млн дана, ҚР ішкі қажеттілігін 65%-ға жабады), Шығыс Қазақстан облысында – май экстракциялық зауыты (жылына 300 мың тонна, 100% экспортқа жіберіледі, Маңғыстау облысында – сорғы штангалары мен муфталар шығаратын зауыт (жылына 650 мың дана өнім шығарылады, ішкі қажеттілікті 78%-ға жабады) ашылды, Жамбыл облысында – минералды тыңайтқыштар өндірісі кеңейтілді (жылына 1,5 млн тонна, Қазақстанда осы өнім шығаруды 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді).

Жалпы, 2022 жылғы барлық жаңа жобалар жобалық қуаттылығына шыққан кезде олардың жиынтық өндіріс көлемі шамамен 1,7 трлн теңгені құрайды, оның ішінде экспорт – 1,1 трлн теңге, импортты алмастыру – 0,6 трлн теңге.

Жыл бойы Үкімет Қазақстанға бірқатар ірі шетелдік компанияны көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізді. 62 компания бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізді: 21-і релокацияланды, 13-і пысықталуда, тағы 28-імен белсенді келіссөздер жүргізілуде.

Атап айтқанда, Honeywell (АҚШ) компаниясы Атырауда газ талдауыштарды, ал Алматыда басқару шкафтарын шығара бастады. Алдағы уақытта есептегіштер мен электр құрылғыларының өндірісін ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Петропавлға Ural Motorcycles (РФ/АҚШ) ауыр арбалы мотоциклдер өндірісі көшірілді.

Weir Minerals (Ұлыбритания) Алматыда сорғы жабдықтарын, гидроциклондар, бекіту арматурасын құрастыру және қалпына келтіру жөніндегі өндірістік орталығын ашты.

Қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы автомобиль шығаратын Great Wall Motors (ҚХР) зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Сондай-ақ нидерландтық Koppert компаниясы биотыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау зауытын, ал Knauff неміс компаниясы гипсокартон өндіретін кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар биыл Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытудың 2026 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Оның негізгі мақсаты – ішкі нарықты кейіннен экспортқа шығарылатын отандық өндірістің бәсекеге қабілетті тауарларымен қанықтыру. Жалпы, Бағдарлама шеңберінде 761 тауар шығаруды жолға қою жоспарлануда, бұл болашақта шикізаттық емес экспортты шамамен $15 млрд-қа ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 4% жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда оның аясында 97 млрд теңге игеріліп, 12,4 мың автомобиль берілді. 2023 жылғы қаңтарда бағдарламаны қайтарымды қаражат есебінен қаржыландыруды жалғастыру жоспарланып отыр, бұл қысқа мерзімді перспективада қазақстандықтарға тағы 1300-ге жуық автокөлік ұсынуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы

2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласы ең жоғары өсу қарқынын көрсетті: жалпы өнім көлемі 8,5%-ға ұлғайып, 8,8 трлн теңгені құрады.

Биыл әлемдік азық-түлік нарығында қалыптасқан құбылмалы жағдайға байланысты ықтимал тәуекелдерді азайту үшін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2 есеге – 110 млрд теңгеден 220 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне тағы 40 млрд теңге бағытталды. Бұл фермерлер үшін ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік берді: 1068 бірлік техника, оның ішінде 188 комбайн мен 880 трактор сатып алынды.

Барлық қабылданған шаралардың нәтижесінде, атап айтқанда, дәнді дақылдардың соңғы 10 жылда болмаған ең жоғары өнімі алынды. Мәселен, астықтың орташа өнімділігі 14,2 ц/га болып, бункерлік салмақта 22,8 млн тонна астық бастырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға артық. Жиналған астықтың 80%-дан астамының сапасы жоғары.

Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, фермерлік қоғамдастықтың пікірін барынша ескеруге және ауылдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беретін субсидиялау жүйесі әзірленді.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2022 жылы 214 млрд теңгені құрайтын 227 инвестициялық жоба пайдалануға берілді, ал жыл соңына дейін олардың санын 237-ге жеткізу жоспарлануда. Мемлекет меншігіне 5,2 млн га ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды, 2023 жылы тағы 5 млн га қайтару көзделген. Сондай-ақ көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар одан әрі іске асырылды, оның шеңберінде 2021-2022 жылдары қуаты 201,1 мың тонна болатын қоймалар іске қосылды (бұл – жоспардың 111%-ы).

Айта кетейік, негізгі азық-түлік тауарларымен өзін-өзі толық қамтамасыз ету жөніндегі индикаторларға қол жеткізу үшін осы жылы елдің Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2024 жылға дейінгі жоспары және қант саласын дамытудың бес жылдық кезеңге арналған кешенді жоспары қабылданды. Нәтижесінде республикада азық-түлік өндірісі 4,2%-ға, оның ішінде өсімдік майы 51%-ға, қант 46%-ға, жарма 18%-ға, балық (жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған) 18%-ға, ұн 11%-ға, өңделген күріш 5,5%-ға, шұжық өнімдері 5,4%-ға, макарон 4,5%-ға өсті.

Көлік-логистика саласы 

Қазақстанның негізгі экономикалық артықшылықтарының бірі жоғары көлік-логистикалық әлеует болып табылады. Оны одан әрі дамыту үшін 2030 жылға дейінгі тиісті тұжырымдама әзірленді. Құжат аясында жолаушылар мен жүк жеткізу жылдамдығын арттыру, цифрландыру мен зияткерлік басқару жүйелерін енгізу, экономикалық жағынан белсенді орталықтар мен елді мекендер арасындағы көлік қатынастарын дамыту, халықаралық транзиттік-көлік дәліздерінің, логистикалық терминалдардың және т. б. өткізу қабілетін арттыру жөніндегі шаралар қарастырылған.

Күзде ұзындығы 836 км Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші торабының құрылысы басталды, бұл – теміржол инфрақұрылымы саласындағы ең ірі жоба. Бұдан басқа, бірқатар жобалар әзірленуде: Дарбаза – Мақтаарал (106 км, 2024-2025 жылдар), Бақты – Аягөз (270 км, 2024-2025 жылдар), Алматы айналмалы жолы (73 км, 2023-2024 жылдар).

Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші торабының құрылыс жұмыстарын бастау

Ірі инфрақұрылымдық бастамалармен қатар магистральдық теміржол желісін және кірме жолдарды жаңғырту бойынша жоспар жасалды. Алдағы үш жылда 2 мың шақырымнан астам темір жолды күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.

Халықаралық көлік бағыттарын дамыту шеңберінде Қазақстан Әзербайжан, Түркия және Грузия елдерімен 2022-2027 жылдарға арналған «тар» дәліздерді  синхронды жою және Транскаспий халықаралық көлік бағытын нығайту жөніндегі бірлескен Жол картасына қол қойды. Бұл тұрғыда мемлекет Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілетін арттыруды, «контейнерлік хаб» салуды, сондай-ақ сауда флотын 10 жаңа пароммен толықтыруды жоспарлап отыр. Осыған ұқсас шаралар басқа қол қоюшы елдер тарапынан қабылданады деп күтілуде.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазақстан Темір жолын» Ұлттық көлік-логистикалық компанияға трансформациялау процесі басталды. Бүгінгі таңда ҚТЖ жанынан құзыреттілік орталығы құрылды, оның негізгі міндеті жаңа логистикалық өнімдерді ұйымдастыру және транзиттік жүк ағындарын трансқазақстандық маршруттарға қайта бағдарлау болып табылады.

Жол құрылысының сапасын арттыру мақсатында Қазақстанның климаттық жағдайларына сай келетін озық технологиялар мен жаңа отандық материалдарды енгізуге бағытталған автожол саласын реформалау бойынша жұмыстар қолға алынды. Жалпы қолданыстағы автожол желісінің жалпы ұзындығы 2022 жылдың басында 96 мың км құрады, оның ішінде 24,9 мың км – республикалық желі және 71 мың км – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Осы жылы 7 мың шақырым жолда құрылыс жұмыстары жүрді. Жалпы 2025 жылға қарай республикалық жолдардың 100%-ын және жергілікті жолдарының 95%-ын нормативтік жағдайға келтіру, сондай-ақ 52 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жоспарлануда.

Мұнай-газ саласы

2022 жылы экономиканың ең дамыған салаларының бірінде ауқымды жұмыс атқарылды. Мәселен, Қашағанда қуаттылығы 1,1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды, Теңіз кен орнында Сағалық қысымды басқару жобасы бойынша қарқынды жұмыс жүргізілді, оны 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр, Қарашығанақта қосымша 3 млрд текше метр газды өңдеу бойынша жоба пысықталуда.

Жер қойнауын пайдаланудағы күрделі жобаларды іске асыру үшін биыл бірқатар фискалдық және реттеушілік преференцияларды көздейтін жақсартылған модельдік келісімшарт енгізілді. Атап айтқанда, бұл 2023 жылы Қаламқас-Хазар және Қаратон кен орындары бойынша $9 млрд құрайтын инвестициялық жобаларды бастауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Атырауда қуаттылығы 1,2 млн тонна полиэтилен өндіру жобасы әзірленіп жатыр. 2023 жылы Атырау облысында жалпы инвестиция көлемі $1 млрд болатын бутадиен және Батыс Қазақстан облысында метанол өндіретін зауыттардың құрылысына дайындық жүргізілді.

Тағы бір маңызды бастама – Kaznedra ақпараттық жүйесін енгізуді көздейтін геологиялық саланы дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдау. Бүгінгі таңда платформа пилоттық режимде іске қосылды. Онда Қазақстанда жер қойнауы пайдалануға берілетін барлық учаскелер туралы ақпарат ұсынылады.

Энергетика

2022 жылы Ақтөбе ЖЭО-да қуаты 57 МВт газ турбиналық қондырғы іске қосылды, 385 МВт-қа 12 ЖЭК жобасының құрылысы аяқталды, 1200 МВт-қа маневрлік қуаттарды іске қосу және жиынтық қуаты 440 МВт ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттық өткізілді.

Энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін, сондай-ақ елді мекендердің инженерлік желілерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және кеңейтуге мүмкіндік беретін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы әзірленді. Атап айтқанда, бағдарламаны іске асыру нәтижесінде салаға жыл сайын 400 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту, 2035 жылға қарай өндіруші қуаттардың тозу деңгейін 15%-ға төмендету, апаттарды азайту және азаматтарға тұрақты қызмет көрсету бөлігінде нарық қатысушыларының қарсы міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сутегі энергетикасын дамыту шеңберінде 27 қазанда ҚР Үкіметі мен Svevind компаниясы арасында қуаттылығы күніне 50 мың текше метр болатын су тұщыту зауытын, 40 ГВт дейінгі жаңартылатын энергия көздері станциясын және өндірістік қуаттылығы жылына 2 млн тонна сутегі қондырғыларын салу жөнінде келісімге қол қойылды.

8 қарашада ҚР Үкіметі мен Fortescue компаниясы арасында жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру және Қазақстанда «жасыл» сутегі өндіру туралы келісім бекітілді.

Fortescue компаниясымен келісімге қол қою

30 қарашада Мемлекет басшысының Францияға сапары аясында климатты сақтау саласында арнайы келісімге қол қойылды, оның шеңберінде қуаты 1 ГВт гибридті электр станциясын және Жамбыл облысында Мирный кентінің маңында энергия жинақтау жүйесін салу жоспарлануда.

Бүгінде Қазақстанда инвестициялар тарту және кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау бағытында дәйекті жұмыс жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде өнеркәсіп объектілерінің саны ұлғайып, инфрақұрылымды біртіндеп жаңғырту ісі алға жылжуда, сондай-ақ экономиканың негізгі салаларында жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр. Алдағы жылдары да басым секторларда еліміздің экономикалық тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар «зәкірлік»  жобаларды іске асыру көзделіп отыр. 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер