Павлодар қаласында көпқабатты үйдің терезесінен 15 жасар жасөспірім қыз құлап кетті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оқыс оқиға 2022 жылғы 22 желтоқсанда сағат 17.00 шамасында болған.
«Оқиға орнына келген тергеу-жедел тобы 2007 жылы туған қыздың 8-қабаттан құлағанын анықтады. Жарақат алған кәмелетке толмаған ауруханаға жатқызылды. Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 105-бабының 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән - жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады»,— деді Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы жасөспірімнің бірнеше ауыр жарақат алғанын жеткізді. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.
«Зардап шегушінің миы ауыр жарақат алып, мидың ісінуі, жұлынның зақымдануы байқалды, сондай-ақ дене бірнеше жерден сынған. Қыз екінші дәрежелі травматикалық шок алды. Гемодинамика жасанды аппараттан кейін тұрақтандырылды»,- деді мамандар.