Архив – тарих айнасы

11404
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық құндылықтарымызды сақтау мәселесі, оның ішінде мәдениет, ғылым және мемлекет қайраткерлерінің дауысын, бейнесін сақтау – архив үшін әрдайым маңызды мәселе.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жалғасы іспеттес «Архив – 2025» бағдарламасын іске асыру мақсатында Ресей Федерациясының Красногорск қаласында орналасқан кинофотоархивіне қызметтік іс-сапармен бардық.

Құжаттарды картотекадан, электронды базадан қарап, зерделедік. Жүзден аса киноқұжатты арнайы қондырғыда көріп, мыңдаған фотоқұжатты  ақтардық.

Біразының өз қорымызда бар екендігі анықталды. Бірақ соның ішінде 1920-1930 жж. елімізге қызмет еткен, кейіннен репрессияға ұшыраған тұлғаларымыздың кескін-келбеті біздің қорымызда өте сирек. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін сол жылдардағы мемлекет қайраткерлеріне қатысты фотоларды алуға тырыстық.  Іздедік, таптық.

Бүкілресейлік Кеңестер съезіне барған Қазақстан делегациясы, 1-қатар: Т. Рысқұлов (сол жақтан    3-ші), М. Саматов (сол жақтан 4-ші); 2-қатар, солдан оңға: Г. Коростелев (4-ші), С. Меңдешов (5-ші), Ә. Жангелдин (6-шы), А. Коростелев (7-ші); 3-қатар: С. Сәдуақасов (сол жақтан 3-ші). Мәскеу, 1921 ж. (РГА КФД РФ, № Е-117).

 

Жер жаһандағы әрбір халық өзінің өткенін кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін көзінің қарашығындай сақтайтыны заңдылық. Өзгелер сиякты біз де өткен тарихымызға көз жүгірте отырып, болашаққа бастар бағыт-бағдар жасаймыз. Бұл өз тарихымыздың өзіндік болмысымен әлемге әйгілі болуына мүмкіндік береді.

Көп жағдайда фотодағы тұлғалар анықталмаған, аты-жөні көрсетілмеген. Оларды өзіміз анықтап, мазмұнын толықтырдық.

Большевиктердің Бүкілкеңестік коммунистік партиясының XV конференциясына барған Қазақстан     делегациясы, 1-қатар, солдан оңға: В. Молотов, Ж. Мыңбаев, Ф. Голощекин, Н. Нұрмақов.  Мәскеу, 29.10.1926ж. (РГА КФД РФ, № 5-10518).

Қазақ (қырғыз) АКСР Орталық Атқару Комитеті төралқасының отырысы, солдан оңға қарай: М. Әуезов (2-ші), Ә. Жангелдин, С. Меңдешов (4-ші), Ә. Әйтиев (6-шы), 7-ші  Л. Берия болуы мүмкін.

(РГА КФД РФ, № 2-47186).

М.И. Калинин (ортада) КСРО Орталық Атқару Комитетінің  ІІ сессиясына қатысқан Қазақстан делегациясымен бірге, 1-қатарда: Ж. Мыңбаев (сол жақта), А. Досов (оң жақта); 2-қатарда: М. Орымбаев (сол жақта) және А. Әлібеков. Мәскеу, 1926 ж., сәуір. (РГА КФД РФ, № 3-5490).

Үкімет пен партия басшылары: Л.М. Каганович, И.В. Сталин, М.И. Калинин, К.Е. Ворошилоав, Я.А. Яковлев Үздік колхозшылардың Бүкілкеңестік съезіне қатысқан Қазақстан делегациясының ортасында. 1-қатар, сол жақтан 4-ші Ә. Жангелдин.  Мәскеу, 1936 ж. (РГА КФД РФ, № 2-9269).

Революцияға дейінгі және кейінгі кезеңнің суреттерінде қазақты көбіне  аш-жалаңаш күйде көп бейнелеген. Сондықтан,  қазақ тек малдың соңында жүрмегенін, бақуатты киінгенін,  Үкімет басшыларымен кездескенін, мемлекеттік деңгейдегі әртүрлі жиындарға қатысқандығын көрсету мақсатында төмендегі фотоларды алдым.

Сауыншы, Бүкілресейлік Төтенше Кеңестердің  8-ші съезіне қатысушы  келіншектің портреті.

Мәскеу, 1936 ж. (РГА КФД РФ, № 0-12270).

Қазақстанның үздік колхозшы әйелдері М. Калининнің қабылдауында.

Мәскеу, 1933 ж. (РГА КФД РФ, № В-942).

Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің 13 шақырылымының  3-ші сессиясына қатысқан Қазақстан делегациясы. Оң жақтан 3-ші А. Досов. Мәскеу, 1928 ж., қараша. (РГА КФД РФ, № 3-6013).

    

Красногорск құжаттарында 1978 жылы Америка сенаторы Э. Кеннадидің Алматыға келген сәті бейнеленіпті. Ерекше көзге түскені - сенатордың домбыра ұстаған бейнесі.

Америка сенаторы Э. Кеннади И. Мичурин совхозының тұрғындары сыйға тарқан домбырамен.

 Алматы обл.,  06.09.1978 ж. (РГА КФД РФ, № 0-350243).

И. Мичурин совхозының басшысы, Социалистік Еңбек Ері Қ. Әбдығұлов Америка сенаторы

Э. Кеннадиге киіз үй ішінде қымыз беріп күтуде.

Алматы обл.,  06.09.1978 ж. (РГА КФД РФ, № 0-350946).

Ақын О. Сүлейменов жазушы С. Сейфуллиннің 70 жылдығына арналған мерекелік жиында сөз сөйлеуде. Мәскеу, 1964 ж. (РГА КФД РФ, № 0-300220).

Фотоқұжаттан бөлек, Дина Нүрпейісова мен Шара Жиенқұлова  туралы екі қысқа сюжет алынды: Дина халық алдында күй ойнайды, Шара «Бипыл» әнін орындайды. Ал өз қорымызда Шараның «Айгөлек» әнін орындаған қысқа сюжеті бар.

Әйтсе де тарихымызды бейнелейтін аудиовизуалды құжаттар түгел жинақталды деуге ерте.

Ендігі жерде ата-бабаларымыздан қалған мәдени мұраларды қастерлеп, архив қызметінің беделін көтере отырып, кейінгі ұрпақты тарихтан жақсы хабардар ете алсақ, болашақ ұрпақтың елжандылығы арта түсері сөзсіз.

Архив - ұлттық тарих пен ұлттық рухты күшейтуші, ұлттық сананы қалыптастырушы рөл атқарады.

         Еңлік Толықбаева,

 «Ғылыми анықтамалық аппарат және

құжаттарды ғылыми пайдалану»

бөлімінің жетекшісі.

Пікірлер