"Ресей болған, бола да береді": Мұғалімдер алматылық оқушыларды Ресей идеологиясымен улап жатыр

3339
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желіде Ресей киносының шашбауын көтеріп, орыс тарихын ұлықтаған фильмге ұстаздары "алдына салып, дедектетіп апарған" алматылық бір топ оқушының  видеосы тарады. Бұл қораш жайтты  "arbat.media" журналисі хабарлады, деп жазды "Адырна" ұлттық порталы. 

7 желтоқсан күні Алматының  "Цезарь" кинотеатрында ТМД елдерінің "Еуразия.doc" деректі кинофестивалінің тұсаукесері өтті. Іс-шарада көрермендерге көрші мемлекеттің "Ресей. Біз 30 жастамыз" фильмі көрсетілді.

Бұған дейін Қазақ елінің азаматтары орыс тарихын әспеттеген фильмнің Қазақ елі үшін қажеті жоғын айтып, бас көтерген еді. Бірақ оқушылар мақсатты түрде залды толтыру үшін мектептен кинотеатрға жіберілген. Жосын жағдайдың анық-қанығы жайлы "arbat.media"-ның журналисі баяндады.

- Фильм көрсетіле бастағанға дейін зал бос болды. Анда-мында жас жігіттер мен бірнеше орта жастағы әйелдер отырды7  Бірақ 10 минуттан кейін, жиналғандар өз көзіне өзі сенбеді. Мектеп формасындағы балалар топырлап келіп, бірінен соң бірі залға кіре бастады.

Барлық оқушылар сынып жетекшісімен бірге келді. Бұл арнайы  "делегацияның"  N132 мектеп-гимназиясынан екені анықталды. Мұғалімінен қысқа сұхбат алдық. Оның айтуынша, бүгінгі көрсетілімге орыс тілінде оқытатын 8-сынып оқушылары келген. Мұғалімнің өзі фильмнің балалар үшін пайдалы екендігін айтып отыр, - деп жазды журналист.

Журналистің қойған сауалына Алматыдағы N132 мектеп-гимназиясының орыс бөліміне сабақ беретін оқытушы:

- Мұнда 10 адамнан тұратын екі сынып бар. Бізге фестивальге бару, презентацияны қарау керектігі айтылды. Қызықты болады деп үміттенеміз, әсіресе балалар үшін... Мұнда 8-ші орыс сыныбы отыр. Мұндай бұйрық гимназия директорынан келіп түсті, - деп жауап қатты.

Сонымен қатар, бейресми деректерге сенсек, мұндай фестивальге "Тұран" университеті мен "Цезарь" кинотеатры қолдау көрсеткені де айтылып отыр.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер