Алматы қаласы: 2023 жылы мектептерге турникет пен дабыл түймелері орнатылады

2656
Adyrna.kz Telegram

Президент мектептердегі қауіпсіздікті күшейту туралы Үкіметке тапсырма берген. Осыдан кейін еліміздегі біраз мектепте мамандандырылған күзет енгізіліп, кіреберісте турникеттер орнатылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Естеріңізге саламыз, Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесініңVI отырысында осы өзекті мәселеге қайта оралған еді.

"Мектептерде, колледждер мен ЖОО-ларда қауіпсіздікті сақтау өзекті мәселе болып тұр. Біз оқушылар мен студенттерді кез келген қауіп-қатерден қорғауға тиіспіз. Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талап қойылуы қажет. Сол үшін бәріне ортақ ереже әзірлеу керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің бұл тапсырмасы Алматы қаласында жүйелі түрде орындалуда. Бұл туралы шаһар басшысы Ерболат Досаев айтты.

Әкімнің сөзіне сүйенсек,  2023 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептерде турникет, дабыл түймелері мен бейнебақылау жүйесі орнатылатын болады.

 «Мемлекеттік мектептер үшін үш элементті қамтитын бағдарлама әзірленеді: дабыл түймесі, турникет және бейнебақылау жүйесі. Жекеменшік мектептер өзін-өзі қамтамасыз етуі керек. Мемлекеттік мектептер үшін бағдарлама ұсынылады. 2023 жылы іске асыра бастаймыз», - деді Ерболат Досаев.

Айта кетейік, бүгінгі күні қаладағы білім ұяларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз еті мақсатында бейне бақылау қондырғысы орнатылған.  Қазіргі кезде білім беру нысандарында  11 979 камера, мектепке дейінгі мекемелерде 6 132 камера жұмыс істеп тұр.

Пікірлер