"Ресейліктер елімізде ұғынықсыз кітаптар таратып, өз діндеріне шақырып жүр" - Cәбит Бәйтенов

3969
Adyrna.kz Telegram
Фейсбук қолданушысы Сәбит Бәйтенов өз парақшасында Қазақстан аумағына келген ресейліктердің діні кітаптар таратып, ел санасына сына қағып жүргенін хабарлады. Автор қолына діни кітап ұстап, көше кезген шетелдікпен ұшырасқан. Өзін ресейлікпін деп таныстырған азамат қазақстандықтарға бақытқа жету ұстанымдарын үйретіп жүргенін айтады. Бұл жайтты "Адырна" ұлттық порталы баяндайды.
"Ресей азаматтары елімізде ҚР Дін істер комитеті мақұлдамаған кітапты таратып, өз діндеріне шақырып жүр. Кеше болған оқиға. 102-ге хабарластым, олар келмей тұрып, мен алаңсыз тұрған сәтімді пайдаланып қолымдағы кітабын жұлып алып қашып кетті. Полицейлер келіп, арызымды алып қалды. Осы істі дін істерімен айналысатын бөлімге тапсырдық деді. Толық видеонұсқаны полицейлерге жібердім. Нәтижесін күтеміз. Таратуға көмектессеңіздер, бұл оқиға тиісті органдардың назарына ілігіп кінәлі адамды ұстап алар" - деп жазды Сәбит Бәйтенов.
Автор видеода діни насихатқа құлаш ұрған азаматқа ескерту жасап, барлық іс-әрекетінің заңдық негізде болуын талап етеді. Қазақстанда ресми, заңдық тұрғыда тіркелуі тиіс екендігін ұғындырады.
Видео тиісті мекемелерге жолданды. Қазір құзырлы органдар бұл мәселемен арнайы түрде айналысып жатыр.
Еске сала кетейік, біздің елімізде діни насихат тек құлшылық орындарында рұқсат етілген. Өзге елдің азаматтары біздің елімізде миссионерлікпен айналысқысы келсе, міндетті түрде тіркеуден, тексерістен өтуі тиіс. Сонымен қатар, миссионерлердің ұсынатын кітаптары Дін істері комитетінің сараптамасы негізінде мақұлдануы қажет.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер