Жалғыз жүрек – сан сауал

1179

Отарлық саясатты бастан өткермегенде қазақ бүгінгідей бүлінбеген болар еді. Бүгінгі қазақ – үш тілі, екі әліпбиі һәм бірнеше ала шұбар діни сенімі бар ел. Жасырып не қылайық, бүлінбеген тағдыр, бұзылмаған отбасы қалды ма? Қанға құмар қызыл империя орнағанға дейін, яғни орыс патшалығына қараған шақта қазақтың тілі де, ділі де һәм діні де өз тұғырында еді. Совет үкіметі орнап, жер-жерде қызыл саясат өктемдігі жүріп, коммунистік идеология салтанат құрғанда, бұратана ұлттардың ұлттық құндылығы табан астында тапталып, ұлттық рухы таразыға тартылды. Елім деген ерлер лек-легімен түрмеге қамалды. Сөзі өтімді, ұлттық рухы биік ел ағаларының алды ібір-сібірдің еңбекпен түзеу лагерлеріне тоғытылды. Итжеккенге айдалды. Ең соңында, ұлтымыздың ең таңдаулы, ең көрнекті деген сайдың тасындай іріктелген, қаймана қазағын шетсіз-шексіз сүйіп, ұлт азаттығы жолында қара басын қатерге тіккен шығармашылық интеллигенция өкілдері, эрудит, пассионар тұлғалар өлім жазасына кесіліп, «Халық жауы» ретінде атылды. Ел айырылған заманда, атажұртын тастап, басы ауған жоққа босып, шартарапқа тарыдай шашылған қазақтың санын нақты айту мүмкін бе? Ашаршылық, жоқшылық зардабынан өлген қазақтың санын санауға саусағыңда жетпейді...

Содан... содан кейін ұлттың қаймағы қалқып алынған соң, елдің құнары кетіп, қайраты кеміді. Егер, қызыл саясат қазақтың оғландарының қанымен атажұртымызды қанға боямағанда, елдік әм ұлттық келбетіміз, бояуымыз бен болмысымыз түп қазығынан ажырамаған болар ма еді.

Советтік солақай идеология туған тілімізді өлі тілге, ділімізді дәстүр-дидарынан ажыратып, рухани мүгедек елге айналдыруға бағытталды. Осылай атамұрасына балта шабылып, ұлы мұра өртелді. Сенгені атылды, өлді. Бәйтеректей ділі социализм кесірінен туралды да кетті. Ал бабадан балаға мирас болып келген ұлттық құндылықтардың алтын сандығына құлып түсіп, идеологиялық қыспаққа алынып, ұлт байлығы талан-таражға түсті. Алла дегенде тәубасынан, Тәңірім дегенде тобасынан жаңылмаған халқымыздың діни сенімін қысымға алып, тізеге салды. Алла дегені – есі ауысқан жындыға я қиялиға айналды. Атеистік қоғам орнап, мұсылман жұрт діннен безіп, әупіріммен отбасының амандығын, өзінің саулығын тіледі... Ұлт тамырына құрт түсіп, жасық, жағымпаз та, жалтақ буын өсіп, жетілді. Осының бәріне қарғыс атқыр советтік жүйе кінәлі!

70 жылдық қанды қасіреттен соң, әділдік орнап, бұратана халықтардың түрмесі атанған СССР-дың шаңырағы шайқалып, бір-ақ күнде ордасы опырылды. Азаттықтың ақ таңы атқан соң, жас мемлекет өзінің экономикасын нығайту, халықаралық беделін арттыру сияқты келелі істерді орындауға кірісіп кеткенде, тайқазанының беті ашық, қақпағы жоқ, ұзаққа созылған ұлтсыздандыру үрдісінен есін енді ғана жиып, елдігін бекем етемін деген жас елдің ішіне қой терісін жамылғандар кіріп, теріс ағымның сойылын соғып, халықты баба дәстүрінен, елдік мұрат жолынан адастыра бастады... Қонышымыздан күле кірген дұшпанымыз қойнымызға қымсынбай еніп, тамырын тереңге жайып, үлкен күшке де айналып кетті. «Ауруын жасырған өледі» деген атам қазақтың өз сөзі.  Айтқан соң, сөздің әділін, ақиқаттың төркінін айтайық: егемендік алған соң, Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы құрылып, оның жұмыс барысы мен мақсат, міндеті жасақталып, тұтас еліміздегі мешіттер мен медреселер, ғибадат үйлері тізімге алынды. Бұл тарапта екінші мүфти хазіреті Әбсаттар қажы Дербісәлінің еңбегі зор. Дегенмен де ұлт руханиятының шегесі босағанын ұтымды пайдаланған содырлар ел арасына іріткі салатын, ұлттық құндылықтарды тәрк ететін, баба дәстүрін теріске шығаратын, өз мүдделеріне қызмет ететін жамағат тобын қалыптастыра бастады. Ақырында, сол жамағаттың алды отбасын талқандап, бала-шағасын аңыратып, ата-анасын сорлатып, жиһад деп Сирия асып, қан майданның ішіне еніп кетті... Қаншама қазақтың қаракөзі теріс ағымның зардабынан өлім құшты. Санасы уланған, теріс наным-сенімге иланған бауырларымыз әлі күнге дейін қоғамға үрей туғызып келеді. Осының кесірінен Алланың асыл діні – исламның атына кір түсіп, дін дегенде, мұсылмандық дегенде өзге жұрт үрке қарайтын ауыр хәлге түсірді.

Асылында, Ислам діні – Алла тағаланың жер бетіндегі бүткіл қауым, мұқым ұлыс пен ұлтқа түсірген соңғы діні. Ислам – тазалық пен адамгершіліктің, бейбітшілік пен тыныштықтың діні. Қазіргі жаһандану дәуірінде алпауыт мемлекеттер аз ұлттар мен ұлыстарды жоюға, космополиттендіруге, мәдениеттері мен руханияттарынан айыруға тырысып бағуда. Жаһан соғысы – мәдениет үшін, жер бетінен ұсақ ұлттарды ығыстыру үшін және де жер асты, жер үсті қазба байлақтары үшін жүріп жатқан соғыс. Дін таласы – Аллаға деген сенім үшін емес, керісінше жиһадшыларға әмір етіп отырған шейхтардың жеке басының мүддесі үшін жүріп жатқан қанды тайталас. Текетірестің мәні – айрандай ұйыған елдерді елдігінен, ұлттық рухы күшті ұлттарды ұлығынан мақұрым ету. Мұсылман жұртын жүрісінен жаңылдыру. Илләһи дінімізді былыққа айналдыру.

Қазақ қоғамы қара жамылған, бет-аузын бүркеген қыздардың, бәлиғат жасына жетпей-ақ қара матаға оранып, қымтанып алған бүлдіршіндердің және сақалы иегінен мойнына түскен, мұрты жоқ, керісінше киген шалбары тобығына жетпей қысқарған салафи, ухаби ағымындағы топтардың мүриттеріне айналып кеткен, елдігінен айырылған, ұлттық рухы өлген, қазақтығын ақшаға айырбастаған опасыздардан тұрады. Ұлттын сату – кешірілмес күнә. Дінімізде жынысын ауыстырған қандай ауыр қылмыс болса, ұлтын сату да сондай ауыр қылмыспен пара-пар. «Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас, үйірінен қаңғыған тұлпар оңбас» демекші, жөргөгінен ұлтынан жиреніп, төл дәстүрін, рухани құндылығын тәрк еткеннің жүзі екі дүниеде харам болмақ! Отансыздың оты жанбайды емес пе!

Бұл өзі – орны толмас өкініш, зор кем дүние...

... Есте жоқ сонау ескі замандарда сақтарды жорыққа бастап, атажұртын қорғап қалған Тұмар ханымды, онан кейінгі атқа қонған Зарина ханымды, Ұмай-ана деп сыйынған Еділ қағанды, «Уа, Әруақ!» деген Мөде қағанды, дүние ілімінің шырағын жағып, күллі жаһанның жұмбағын шешкен ғибраты мол ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби, білім теңізінен бақыттың дәмін татқан Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, тариһат жолымен жүріп, пайғамбар жасына келгенде қылуетке түскен әзіз тақуа Ахмет Йасауи, Ахмет Йгүнеки, Қадырғали Жалайыр мен Мұхамед Қайдар Дулати... Содан кейінгі мыңжылдық дәуірдің ғұламалары Қорқыт ата, Асан қайғы, Қазтуған мен Доспамбет, Ақтамберді мен Шалкиіз, Шал ақын, Керей мен Жәнібек, Қасым хан мен Хақназар, Тәуке менен Абылай, көмекей әулие атанған Бұхарекең, Төле менен Қазыбек, Әйтеке би... Исатай мен Махамбет, Кенесары мен Наурызбай, Ағыбай мен Ақжолтай, аяулы Шоқан, «Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық!» деген ұлы даланың қоңырауы Ыбырай ұстаз, Өскенбайдың Құнанбайы, Құнанбайдан текті туған ақыл-парасат иесі, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген ұлы Абай хәкім, «Иманым – жиғаным» деп өткен Шәкәрім қажы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы,  Алаш ұранды Алаш зиялылары...  Осылардың қай-қайсысын имансыз, дінсіз болған деп айта аларсыз?! Бұлар – «дәстүрім – дидарым, дінім – діңгегім» деп өткен асыл жандар еді ғой... Ұлы даланың ұлы тұлғаларындай болу – бүгінгі әр қазақтың міндеті.

Адамның басты қасиеті – адамгершілігі. Ал, ұлттың, халықтың басты құндылығы – төл тарихы мен әдебиеті, мәдениеті және өнері. Ұлттың ұлттық генінің (тамыры) түп қазығынан ажырамас бөлігі – тілі, ділі мен діні. Тіл – сөйлеу құралы ғана емес, сол ұлттың жаны іспетті қасиеті. Ділі дегеніңіз – сол ұлттың өзіндік ерекшелігі, жер бетіндегі басқа халықтан айырықшалап тұратын қасиеті. Діні – сенімі, жүрек қалауы. Рас, дін дегеніңіз – адам баласының жеке ісі, құлшылығы. Менің ойымдағы, дүниетанымымдағы діни сенім, діни көзқарас деген – жүрек тазалығы. Мәшһүр Шәкәрім бабамыз: «Шыннан өзге құдай жоқ, анық құдай – шын құдай» деген-ді. Демек, адам баласының жүрегі – оны тас-түнек қараңғылықтан құтқарып, нұрға бөлеген мейірім мен рақымға, шапағатқа толы қасиеті. Ана құрсағынан туған соң, сәби-жүрек таза болады. Бәлиғат жасына жеткенше сәби-жүрек пәк, адал болады. Ал, бәлиғат жасына жеткен соң, бала ата-анасынан, өскен ортасынан көрген, түйген тәрбиесі арқылы өмір сүрмек. Егер, ақ жолды таңдаса, сүннет жолы, шариғат салтымен жүргені. Керісінше болса, онда жүрегін ақ жолынан, дұрыс бағытынан адастырғаны. Құдай – жүректің ішінде! Кез келген біздің ісіміз, амал-әрекетіміз ниетпен істеледі. Ниеттің оңы да, солы да болмағы заңды. Адам жүрегі – таза, пәк болса, ол адам ешқашан арам іске бармайды. Зұлымдыққа барып, жәбірлік һәм өктемдік көрсетпейді. Абай хәкім айтқан үш сүю, яғни имани гүл – адам жүрегіне гүлдегенде мейірім шашады, мейірімі жылы сөз боп төгіліп, оның ісінен көркемдік, шын мұсылманға тән адалдық пен парасаттылық білінеді. Қазақтың Әлихан Бөкейхандай арысы «Ұлтты сүю білімнен емес, мінезден» еген екен. Осы мінез дегеніміздің өзі  көркем іс-әрекеттер жиынтығы. Шын мұсылман – тек намаз оқып, дәрет алып, құлшылық етумен ғана шектелмесе керек. Шын мұсылман – тілімен де, көзімен де және қолымен де өзгеге жәбірі, кесірі тимеген, жүрегі – таза, ниеті – дұрыс жан. Жүректің ішіндегі жүрек – АҚИҚАТ! Ислам ғылымында Жаратушының нақты мекені, түр-түсі суреттелмейді һәм айтылмайды. Біздің көне түркілік санамызда, қазақы тұрмысымызда жүрек сенім мен иман ұясы. Жүрекке иман сәулесі ұялағанда, адам баласы пендеауи істен жиреніп, ақ адал сүннет ғұрпы, хадис салтымен жүрмекші.

Көркемдікті, сұлулықты және жақсылықты сүю әр адамның табиғатында бар қасиет. Осы қасиеттер жүрекке шындап ұялса, қоғам қайырымды, мейірімді болар еді. мейірімді милет, қайырымды қоғам болса, адам баласы бақыттың құшағында, бейбітшіліктің бесігінде тербеліп отырар еді... Адамның сұлулығы – шынайылығында. Шынайылығын жоғалтқан адам - өлген адам. Жақсы адам – жұртының ырысы болса, ел арасына іріткі салған, бүлік шығарған қасиетсіз болады. адамның ұяты бетінде, адамгершілігі ниетінде ғана болғанда, өмір шынайы болмақшы. Осынау кең дүниенің әрі кем дүниенің құлпы да, кілті де – адам. АДАМ адам болып қалса ғана, жер жүзі бейбітшілік бесігінде тербеледі. Айналып келгенде осының бәрі – жүрек тазалығынан басталады...

Сөзімізді түйіндей келе айтарым: бүгінгі қазақ қоғамының кейпі адам аярлық деңгейде. Қазақтың қара домалақтары тұрмыс тауқыметін тартып, қара базарда арба сүйреп, әркімге (өзге ұлыстың тумаларына) жалшы болып, бір күнін бір күнге жалғап, «шықпа, жаным, шықпа» деп жүр; ал кей бауырларымыз тағы да сол тіршіліктің қиюын таппай, ағайын-туыстың панасынан жылу, шапағатынан қайыр ала алмаған соң, намаз оқып, сәждеге басын иіп, Алладан медет сұрамақ болады... Сосын аңқау байғұс мешітке келіп, әркімге бір жалтақтап, намаз үйрене бастайды. Біреуі тәкбір еткенде құлағын ұстаса, біреуі етегіне қолын көтереді; құран оқылғанда біреуі «әумин!» деп бетін сипаса, біреуі қолын жаймай, бейжай отырады. Міне, осылай ақ жүрек шатасып, қалталы һәм жомарт теріс ағымдағылардың жетегіне түсіп, солардың жамағатын, дұрысы шаһит кетуге дайын болар сарбаздарының қатарын көбейтеді. Бұл мәселе – жер мәселесі, Тіл мәселесі сықылды бас қатырар зор мәселе. Дін – іңкәрлік пен махаббаттың сезімінен туындамаса, ақшаға тәуелді дін елдің ішіне ірікті салады. Бас ауыртып, балтыр сыздатар осы бір мәселе – күндіз күлкіні тиып, түнде ұйқыңды қашырады. Қазақтың қара домалақтары ұлттық құндылығынан, руханиятынан ажырап қалғандықтан, рухани уызына жарымай өскен соң нәтижесі осылай болатынын көрсетті. Кез келген елдің болашағы рухани байлығынан нәр алмаса, оның өсер ұрпағы, жас өскіні көктемейтінін көрсетті... Ана сүтімен, әке қанымен қалыптаспаған елдің болашағы бұлыңғыр екені даусыз...

Қалай десек те, кеудеміздегі жалғыз жүрегіміз, жұдырықтай жүрегіміз арқалаған қасірет, тартар азап өте көп. Жүрегімізді кірлетіп алмай, жанымызды үнсіз ұға алар ма екенбіз? Жүректің жәйін адамның жанарындағы жазылмаған хаттарынан оқи алсақ етті... Жалғыз жүрек – сан сауал деген осы...

Тағы да қайталап айтамын: бұл – кеудедегі жүректің ащы зары. Қойдан да жуас, момын елімнің азып-тозып кету процессінің алдында тұрғаны – жүрекке қаяу түсіреді. Мұндағы кейбір ойларымыз бен пікірлеріміз ащылау болса, бұны тек жанашырлықтан туған жанайқай деп түсінген жөн. Туған ұлтымның келешек тағдырына күдік аралас үмітпен қарайсың, себебі, мынадай ұлан-ғайыр даланың әр пұшпағы, әр өлкесінің бір уыс топырағы саф алтыннан қымбат әрі екі бүйіріңнен қысып, деміңді тартып тұрған қос алып империялы көрші мемлекет тұруы, қысқасы еркіндігің де, ырқың да өзгенің қолына өтіп кетпесі неғайбыл?! Уыс-уыс ақша үшін діни сенімін сатқан адам –  халқының, туған ұлысының басына бұлт түскенде, мемлекетін, Отанын сатып жібермесіне не үміт, не қайыр?! Кім кепілдік бере алады? Туған перзенті өз анасын кәпір десе, әкесін шайтан деп балағаттаса, бұндай замананың сұрынан шошиды екенсің тегі. Замананың осындай кейпі жүрегіңе үлкен жара салып, ауыр ахуалға жетелейді... Құдай сақтасын!

Ұлтты сүю – имани қасиет. Жер бетіндегі жалғыз мекеніміз, атажұртымыз, қасиетіміз бен қадіріміз – Қазақияны сүйе білейік! Қай заманда болсын елін сүйген адамның еңсесі биік болады. Ертеңіне алаңдай білейік!

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Пікірлер