Home » Дәстүр мен дін » Жыраулық дәстүр – ұлт құндылығы

Жыраулық дәстүр – ұлт құндылығы

Елбасы Н.Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”  бағдарламалық  мақаласында «Жаңғырудың ең басты шарты- ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіз құр жаңғырыққа айналады»  деп атап көрсеткен. Демек, рухани жаңғыру- ұлттық құндылықтарымызды танудан басталады.  Ол үшін ел мен жердің тарихын білу аса маңызды, яғни тарихи сананы қалыптастыру. Сол тарихи сананы қалыптастыратын  ұлт құндылықтарының бірі,  ұлттық мәдениетіміздің бір саласы, ұлттың ұлы мұрасы –қазақтың жыраулық дәстүрі, яғни жыршылық, термешілік өнер.

Ал жыраулық дәстүр дегеніміз- тарихты жырлау. Елді, жерді сүюдің яғни патриотизмнің небір үлгісі осында. Бізде жазба тарих болмағанымен фольклор жақсы  дамыды,    жыраулар  арқылы ұлтымыздың тарихы ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырды. Исламды дəріптеуде де жыраулық дəстүр зор роль атқарды.

Жыр, термені тыңдау арқылы адамда ұлттық сана, яғни тарихи сана қалыптасады, одан ұлттық болмыс қалыптасады, одан ұлттық мінез қалыптасады, одан ұлттық рух қалыптасады. Рухы мықты халықты ешбір жау алмайды.

Осы жерде Əлихан Бөкейхановтың “Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден”- деген көрегендік сөзін келтіргім келіп отыр. Əрине, адамда мінез болмаса ол көрінгеннің жетегіне кетеді. Алған білімі біреудің пайдасына асады.

Сонымен қатар, ұлттық мінезден тектілік қалыптасады. Ал, тектілік адамзаттың асыл қасиеті.

Жыр-термені тыңдап өскен жас ұрпақ  ұлттық тәрбиені көреді,салт-дәстүрді бойына сіңіреді сөйтіп, нағыз ұлт  азаматы болып өседі.

Алаш зиялыларының  “Орысша тəрбие алған -ұлт азаматы бола алмайды”  дегенді бекер айтпағаны анық. Жыр-терме ұлттың ұлы мұрасы, əрі рухани құндылық болғандықтан оны көздің қарашығындай сақтап келер ұрпаққа жеткізуіміз керек.

Жасыратыны жоқ біздер бүгін құлдық санада отырмыз. Өйткені ата-баба тарихын оқымадық. Соның салдарынан тарихи сана қалыптаспады. Ал тарихи сана болмаған жерде құлдық сана қалыптасады.

Бабаларымыз тарихты жыраулардың аузынан тыңдап,батырлық пен елдікті бойына сіңіріп өскендіктен  олардың рухы күшті болды. Әйтпесе мынадай ұланғайыр далаға ие болып отырмаған болар едік. Елдігіміз де сақталмас еді. Сол себепті мен жыраулық дәстүрді ұлтымыздың ұлы мұрасы, баға жетпес құндылығы деп білемін.

Жыраулық дәстүр арқылы  қазақ өзін, яғни жаратылысты таныды: Жаратушы бір Алла, маймылдан емес топырақтан жаратылғанын, дініміз ислам, Мұхаммед пайғамбардың үмбеті екенімізді білді. Имандылықты бойына сіңірді.

Иманы күшті адам ата-ананы сыйлайды, өтірік айтпайды, дүниеге қызықпайды, пара алмайды, тәртіпке бағынады, патшаны даттамайды.

Жыраулық дәстүр арқылы  қазақ тегін  білді. Тегіңді білу дегеніміз-тарихыңды білу деген сөз. Сол арқылы  тарихи тұлғаларды білді, мынау ұланғайыр даланың иесі екенін білді.

Бауыржан Момышұлы:  “Біз қайда бара жатырмыз дегеннен гөрі, біз қайдан келе жатырмыз дегенді білу маңызды “-  деген екен.

Елбасы Н.Назарбаевтің «Рухани жаңғыру»  мақаласында: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқыту. Туған жердің əрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан шыр шертеді. Əрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар.Əрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бəрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» – дейді.

Менің де жырлап жүргенім өзім туып-өскен Жетісу өлкесінде ғұмыр кешкен, елінің біртуар перзенттері болған,кезінде атын айтуға тиым салынған ақын-жыраулар. Солардың архивте сарғайып жатқан жыр-термелері.

Терме дегеніміз не? «Термеде де терме бар, термелі сөздің ішінде, тереңге тартар зерде бар» – дейді Жетісулық Шарғын ақын.

Терме дегеніміз-нақыл сөздердің жиынтығы. Оны тыңдағанда адамның санасы өзгереді, сол арқылы адам бойында жақсы қасиеттер қалыптасады.

Термеде жақсы мен жаман, асыл мен жасық, қымбат пен арзан, ақ пен қара айырмасы айтылады. Адамгершілік,ел бірлігі мен ағайынның ынтымағы, отанды сүю, ел мен жерге деген сүйіспеншілік,өтірік айтпау, ұрлық қылмау, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу,Аллаға құлшылық, Пайғамбарды ұлықтау, мұсылманның бес парызы насихатталады.

Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың мынадай жақсы сөзі бар «Қазақта университет, академия болмаса да дала тудырған даналар мол болды. Әрқайсысы бір-бір университет, академия еді. Олар билер, шешендер, жыраулар еді»  дейді.

Жыр, терменің сөзіне домбыраның үні қосылғанда оның әсері ерекше болады. Әрі жүрекке жылы тиіп, жақсы қабылданады.

 

Енді  Жетісулық  жырау Бақтыбай  Жолбарысұлының мына жыр жолдарына назар аударып көріңіздер:
Құдай үлкен бəрінен
Он сегіз мың ғаламнан
Адам ата пайғамбар
Топырақтан жаралған
Мұсылман пенде, бəрі де
Сол адамнан таралған
Жерде туып жерде өсіп
Жерден адам нəр алған
Еңбек етсең емізер
Кем емес туған анаңнан…..

Мұқағалидың нағашысы Көдек ақын былай дейді:
Адам артық жандыда
Ақыл-ойдың зерегі
Жаралғалы дүние
Кім келіп, кімдер кетпеді
Төрт кітаптың ішінде
Құранның толық кемелі
Құдай біреу, құран шын
Пайғамбар хақ сенелі
Ғибадат, тағат, құлшылық
Ақыреттің керегі
Кəрі -жасқа қарамай
Күні бітсе өледі
Уақытқа риза
Пендесі соған  көнеді.

Бақтыбай мен Көдек ақын өзіңді тану мен  жаратылысты тануды осылай  зерделейді.

Жетісу ақындарының ұстазы саналған Қабан жырау былай термелетеді:

Өмірде  қор болмайды

Азаматтар   ниеті ақ.

Оларға  үйір болады,

Сарқылмайтын дәулет-бақ.

Өлмейтұғын пенде жоқ

Жан  аманат, ойлап бақ.

Араздаспа   тіріңде,

Ырыс алды – ынтымақ.

Ашуды   ақыл -қазыққа

Апарып матап байлаңдар.

Ашуды жеңсе ақылың,

Кесірлі қалай ойрандар?!

Тату болса ағайын,

Сап алтындай жарқылдар;

Кесепатты кісендеп,

Ақымақты алқымдар.

Аз өмірдің ішінде,

Тату бол да тәтті бол.

Араңды бұзар дұшпанға,

Аяусыз, ащы, қатты бол.

Өтірік, өсек, ұрлыққа

Тыйым салып, берме жол.

Бір арнадан сөз шықса,

Береке мол,  достық – сол.

Айттым мұны сіздерге

Есте сақтап жүсін деп.

Әрбір сөзін ойланып

Көкейіне түйсін деп.

Айтпай кетті ағалар,

Деп жүрмесін бізге кеп.

Жетісулық  жырау Бөлтірік  Атыханұлы  былай  дейді:

Жабысы озып бәйгі алса

Ат иесі сүйсінер

Жүйріктіктің белгісі

Жер таңдамай жүгірер

Арсыз қонақ қондырсаң

Ауылың түгел бүлінер

Жүрісі жаман ақымақ

Ел ішінде сүрінер

Сөзіңе жауап бермесе

Арамдықтың белгісі

Қолыңда дүние болмаса

Нашарлықтың белгісі

Жиын-тойға бармаған

Жамандықтың белгісі

Табансыз болсаң дөрекі

Надандықтың белгісі.

Жыр дегеніміз не?

Ол белгілі бір оқиға желісін баяндайтын көркем шығарма. Мысалы,  батырлар жырында батырлық, ерлік  жырланса, лиро-эпос жырларында сүйіспеншілік жырланады, сондай-ақ діни сарындағы жырлар сүйікті Пайғамбарымыз ұлықталады.

Қазіргі кездегі радио, телевидение, газеттің ролін кезінде ауыл-ауылды аралап жүріп жыраулар атқарды.  Ауылға жыршының келуі мереке саналған. Оларды халық төбесіне көтеріп сый-құрмет көрсеткен. Жауға шығар алдында жыраулар жауынгерлерді аралап батырлар жырын жырлап олардың рухын көтерген.

«Жыршы келді» дегенде ауылдың екіқабат әйелдерін жинап жыр тыңдататын дәстүр болған бұл қазақта. Данышпан халқымыз ұрпақтың қамын іште жатқанда ойлап, оның тәрбиесіне осылай көңіл бөлген.

Жыраулық дәстүрді Құдай қазаққа ғана беріп қойған, басқа ұлттарда жоқ.  Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуде батырлар жырының орны ерекше.

Мысалы, Абылайхан дастанында оның Жоңғар ханзадасы Шарыш ноянмен жекпе-жегі былай суреттеледі:

Кербалақ  атпен  екпіндеп,

Құйындай шапқан Сабалақ,

Қарсы шыққан «келгін!» деп,

Шарыш  та  атын сабалап.

Жекпе-жекке найзамен

Түсті  екеуі  сайысып.

Алдырмайды айламен,

Қалқандарын қағысып.

Шірене салған найзадан

Аттың белі кайысып

Ет  пісірім   уақыт

Жүрді  екеуі  алысып.

Кірді  аттардың тұяғы

Қара  жерге жабысып.

Шарыш  ноян сезінді

Қалды қолы қарысып.

Әуелгі арын басылып,

Алқынады   тартысып.

Дәл осындай  кезеңді

Сабалақ  та  аңдыған.

Алдына найза кезеніп,

Қылышын оған пар қылған.

Кербалақ атпен  тақымдап,

Қалқанын қағып найзамен.

Қылышты кезеп алқымға

Шауып  қалған   айламен

Шарыш аттан құлаған

Шаңды қауып серейіп.

Жау жағы боздап шулаған,

Қазақтың өскен мерейі.

Шашақты найза сумаңдап,

Кигені  болат  сауыт-ты.

«Абылайлап!»   ұрандап,

Сабалақ жауға шауыпты.

Ұранына  қосылып,

Соңынан елі  еріпті.

Аққан селдей жосылып,

Жауға   соққы   беріпті.

Қабанбай батырмен Саршуаш жыраудың арыздасуында (қоштасуы) мынадай жыр жолдары бар:

Уа, Қабанбай    гөзелім,

Ескіден қалған көз едің.

Жақсы мен жайсаң жиылса,

Жылқыда қылаң, боз едің.

Батырлық, ерлік дегенде

Жайылған жұртқа сөз едің.

Қайғы шеккен еліңнің

Жылағанын жұбатып,

Қисайған көшін түзедің.

Ат жалын тартып мінгелі,

Жорықта талай жүрістім.

Қалмақтан шықты Халдан хан,

Халдан ханмен ұрыстың.

Ақиған астам ноянын-

Ағып өтіп құлаттың.

Солқылдаған мырзасын

Соғып өтіп құлаттың.

Тебініңе шыдамай,

Телімі шығып тентіреп,

Аңыраған көп қалмақ

Қонысын тастап ығысты…

Шамырқанып, шамданып,

Қубасқа қамшы ұрғансың.

Қалың тобын қақ жарып,

Қытайды қойдай қырғансың!

Байсалменен  ойласам,

Қайратыңа бақ тұрған.

Абылай сынды төреңіз

Қасыңа әкеп тақ құрған!

Тоғыз таңба Найманнан

Тоғыз құйрық ту алып,

Тоғыз түмен  қол шықса,

Қол ағасы –  Қабанбай!

Алты шекті Арғыннан

Алты құйрық ту алып,

Алты  түмен  қол шықса,

Қол ағасы –  Қабанбай

Қалмаққа жорық, жол шықса,

Алаштың ауыр қолына

Ағалыққа ұнаған,

Дарабозым – Қабанбай

Сөйтіп, бір жағы хал үстінде жатқан Қабанбайдың көңілін ауласа, екінші жағынан оның батырлығын, қолбасылық қызметін  дәріптеп  бағасын асқақтатады.  Бұл да ұрпаққа үлгі боларлық нәрсе.

Сұраншы батыр дастанында оның қырғыздың  Орман ханымен шайқасы  былай суреттеледі:

Батыр туған Сұраншы

Ақтұяққа ер салды

Сауыт киіп сайланып

Ырғай сапты найза алып

Қорамсағын байланып

Қырғыздың қалың қолына

Жалғыз өзі барады

Менің жауым сенсің деп

Жекпе-жекке шақырып

Орман ханға таянды

Иек қақты Орман хан

Үш батыры қырғыздың

Бұқай, Байтыл, Битуған

Найзаларын кезеніп

Үш жағынан тап берді

Сатыр-сұтыр найзаны

Бір-біріне салысты

Алдымен келген Битуған

Бетін баса бүктелді

Жараланып үш батыр

Ат жалына қабысты

Мұны көріп хан тобы

Ат қойып бәрі шабысты

Аш қасқырдай батырды

Ортасына алысты

Жаудың тобы жүз кісі

Ортасында бір кісі

Түс ауғанша ұрысты

Күн төбеден өткенде

Бесіндіге жеткенде

Жау камаған Сұраншы

Көзін қаптап қан алды

Тұла бойын жара алды

Орман ханға ұмтылды

Алыстан салған найзасы

Ту сыртына кеп тиді

Сегіз көздің қоң еті

Кере қарыс жыртылды

Топтан шығып хан кетті….

Райымбек батыр дастанында  оның  бір күнде  Жоңғардың 17 батырмен жекпе-жегі былай суреттеледі:

Ағанас нояннан айлаңды.

Артық ойлап асырдың.

Жалаңаш, Торайғыр жағына

Қалың әскерді жасырдың.

Жайылып жатқан Көкпекте

Атой салып жауыңды,

Жекпе-жекке шақырдың.

Бірінші келген батырды

Тақымға басып сүйреттің.

Екінші келген батырдың,

Қабырғасын күйреттің.

Үшінші келген батырға,

Найзаның тілін үйреттің.

Төртінші келген батырды

Қалпақтайын ұшырдың.

Бесінші келген жауыңның,

Қап-қара қанын құстырдың.

Алтыншы келген батырды

Найзамен іліп түйредің.

Жетінші келген батырды

Саз балшықтай иледің.

Сегізінші келген батырды

Басын шауып тусірдің.

Тоғызыншы келген батырды

Қайың сапты шоқпармен,

Бір-ақ ұрып ұшырдың.

Оныншы келген батырды

Төбеден ұрып құлаттың.

Он бірінші келген батырды

Кескен ағаштай сұлаттың.

Он екінші  батырды

Найзамен іліп тастадың.

Он үшінші жауыңнан

Онша үркіп саспадың.

Оны дағы найзамен,

Тулақтай іліп тастадың.

Он төртінші батырдың

Дымын лезде өшірдің.

Он бесінші   батырды

Кіндіктен сұғып найзаны,

Ана дүниеге көшірдің.

Он алтыншы батырдың

Желкесін қиып тастадың.

Он жетінші батырдан,

Жаңа күш деп қашпадың.

Ретін тауып оны да,

Найзамен шаншып тастадың.

Бабаларының осындай ерлігін тыңдап өскен жас ұрпақ өзі де рухты, батыр болып өседі. Ұлтын сүйіп, қазақ болып туғанын мақтан ететін болады.  Рухы биік болғандықтан ешкімнің алдында бас ұрмайды. Қазіргі уақытта біздің бойымызда жетіспейтін нәрсе осы.

Қазіргідей жаһандану заманында жат елдің идеологиясына төтеп берер күш – жыраулық дәстүр сияқты ұлттық құндылықтарымыз. «Қазақтың болмысы жыры мен ән-күйінде» –дегенді М.Әуезов бекер айтқан жоқ.

Сөзімнің аяғын заңғар жазушы, ұлт азаматы  Роллан Сейсенбаевтің пікірімен аяқтайын:  «Дала жыры қорғансақ қалқанымыз, шабуылға шықсақ алдаспанымыз, шөлдесек тұма бұлағымыз, өлсек кебінге оранып жатар мәңгі бесігіміз болды».

Әділбеков Әбіш Баймұханбетұлы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ӨЛІ РИЗА БОЛМАЙ ТІРІ БАЙЫМАЙТЫНЫН ҰМЫТПАЙЫҚ

Құрметті замандас, бұл не тақырып деп ойлап қалған боларсыз? Оныңызды түсінемін. Дәл бүгін осындай тақырыпқа ...