Салт-дәстүр – ұлттық құндылықтардың бастауы

9906
Adyrna.kz Telegram

Халық даналығында «Ұлтыңды сақтағың келсе, қызыңды тәрбиеле»,– деген тәмсіл бар. Қыз тәрбиесіне енжар қарауға болмайды. Болашақ жар, келін, ана ретінді қазақ халқы қыздарын құрметтей де, тәрбиелей де білген.   Қазақстанда соңғы деректерге жүгінсек 51775 отбасы ажырасып кеткен. Ажырасқан отбасылардың барлығында кәмелетке толмаған баллар бар. Жартылай отбасында тәрбиеленіп, әкенің немесе ананың мейіріміне зәру болып өскен баллардың көңілі жарым болып өсетінін психолог мамандарсыз ақ қазақ халқы білген. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған.   Отбасын құрып,қыз айттырарда қыздың шыққан жеріне, тегіне үлкен мән берген. Халқымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қалыптасып, қыздарды ұлттық қарым-қатынас құндылықтарына тәрбиелеуде зор маңызға ие болған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің тәрбиелік мәні зор. «Күйеу келтір, қыз ұзат тойыңды қыл, қыз таныстыр – қызыққан жұрт ыржыңшыл» (Абай). Ұзатылатын қыз өз босағасынан аттанар бұрын туған-туыстарын аралап көрінеді. Мұны дәстүр бойынша қыз танысу дейді. Қыздың барған үйі оған құрмет көрсетіп, жақсы тілектер тілеп, бағалы киім, дүние-мүлік, жақсы тағамдар беріп аттандырады. Бұл бұрын халық арасында өте жарасты дәстүр болып қалыптасқан. Оң жақтағы (ұзатылмаған) қыз төркіндемейді және мұндай сөз айтылмайды.

Қалыңдықтың тазалығын, арлы-имандылығын айшықтайтын тағы бір дәстүр қынаменде деп аталған. «Қынаменде, жар-жар мен беташар бар, өлеңсіз солар қызық бола ма гүл» дейді Абай. Бұл да ұлттық ғұрпымыздың салтанатты да көңілді кешінің бірі. Құда түсу, уәде пісіп, қалың мал төлеген соң күйеудің аттастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы қынаменде деп аталады. Бұл «қинама енді» деген сөзден шыққан деген де пікірлер бар. Шығыс халықтарында қынаменде кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі екен. Ән, күй, би қатар жүргізілетіндіктен қынаменде жас-жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған.  Бұл да дәстүрге бай еліміздің тәрбиелік ережесінің бір саласы.

 

Жоғарыда мазмұндалған салт-дәстүрлердің қайсысын алып қарасақ та олардың астарында терең тағылымдық мән-мағына, моральдық-этикалық қатынас құндылықтары, ізгілік, адамгершілік тәрбиенің бастау бұлағы жатқандығын байқауға болады.

Қыз баланың бойына сыпайылық, мейірбандылық, адалдық, сезімталдық және еңбекқорлық сияқты құндылықтарды кішкентайынан бастап дарытуды халқымыз өте ежелден қолға алған. Сондықтан, қазақ қызы өзіне өмірлік жолдас, жар таңдауға ерекше жауапкершілікпен, сақтық, ұстанымдылықпен қарап, оның маңызын санасымен аңғарып, жүрегімен түйсінген. Бұл істе жеңіл ойлылық, ұшқалақтық, орынсыз тәуекелге жол беруді өмірлік үлкен қауіп деп санаған. Келін түсіріп, қыз ұзататын үйлердің әңгіме-жыры, іс-әрекеті көбінесе осы мәселелердің төңірегінде болады.

Қалыңдық үшін де болашақ күйеуінің мінез-құлқы, ой-өрісі мен мәдениеті, білім мен инабаттылық болмысы, жақсы-жаман әдеттері жайында жақсы білуі өте маңызды. Қыз бала той-домалақ, көп адам жиналған орындарда көзге түседі, сыналады. Ондайда өзінің ұстанымдылығымен, жарқын жүзді сыпайылығымен, сергек сезімталдығымен, ептілігімен, өнерпаз әрі сөзге ұсталығымен, жарасты әзілге шеберлігімен танылған.

Олай болса, бүгінгі қыздың, ертеңгі келіннің қолынан іс келуін халқымыз міндетті деп есептеген. «Салақ әйелдің үйінен сабақты ине табылмайды», «Олақ әйел – оймақшыл», «Ана көрген тон пішер», «Қыз еркем – кестесімен көркем» деген сияқты мақал-мәтелдер осыны білдіргендей. Киім тіге білу, дәмді ас дайындау сияқты күнделікті тұрмыс-тіршіліктің істерін ұсақ-түйекке баламай, оны көңілге қонымды етіп істеу отбасы тіршілігін толыққанды жағдайда келтіреді әрі келген жері үшін – келіннің, күйеуі үшін – әйелдің қадірін асырады.

Отбасылық өмірдің сәнін кіргізіп, жылуын, қызығын молайтатын, мән-мағынасын арттыратын, ері мен әйелінің бір-біріне ризашылығын, сүйіспеншілігін нығайтатын күнделікті тіршіліктегі қатынас құндылықтары.

Қазақ қыз аларда оның қасиеттерін былайша сараптаған:

  1. Қыздың тектілігін әртүрлі жолдармен тексеру. Мысалы, бойжеткеннің көшкен жұртына зер салып қарауы мүмкін. Егер үйдің орны шашылып жатса, онда ол отаудың қызына құда түсу, түспеуді ойласады. Немесе, қыз көруге келгенде сол шаңырақтың көсеуіне көңіл аударады, егер көсеудің екі жағымен от көселсе, онда «шешесі салақ» деп, бойжеткенді көрмей-ақ жүре беретін көрінеді.
  2. Қалыңдықтың ақылдылығына баса назар аударған. Мысалы, Ж.Баласағұни бабамыздың «Ақылды әйел ізде. Іздегенің есті болса, төрт құбылаң теңелер» өсиетімен әрекет еткен. Абай атамыздың да мына өлең жолдарын да естен шығармаған:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар

Ата-ананың қызынан қапыл қалма.

Қыз балаға сыншы көп. Басты мақсат: оның болашақ қандай жар, қандай келін, қандай ана боларына бағыт-бағдар беру болса, екінші жағынан оның қоғам мүшесі ретінде ой-өрісінің төмен болмауы есепке алынатындығы.

  1. Сыншылар әртүрлі сыйлық ұсыну арқылы бойжеткеннің дүние-мүлікке көзқарастарын тексерген.
  2. Қызға жұмбақ шешкізіп, оның зейін-зердесін байқаған.
  3. Қыздың аға-інілері, құрбы-құрдастарымен қарым-қатынасына қарап, оның бауырмалдығы мен қайырымдылығын екшеген.
  4. Киген киімі, істеген ісі, сөйлеген сөзіне қарап оның ұқыптылығы, іскерлігі және мінез-құлқынан мағлұмат ала білген.
  5. Бойжеткеннің тал бойынан табылуға тиісті қасиет – сымбаты мен көркі.
  6. Болашақ ошақ иесіне қояр талаптың ең мәндісі – іскерлік. Халық: «Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без», – деген.
  7. Қыздың сондай-ақ, ерді күте білу қабілеті сыналған. Өйткені, әр әйелдің ерін күте білуі – басты міндеті.

Иә, қазақ қызы сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы және терең ойлы болуға тиіс. Оның жүзі жылы шырайлы, өзі ұяң әрі нәзік келеді. Сондай-ақ, сөзі өткір, өзі пысық, өрескелдікті сүймейтін, болмашыға пісіп-күймейтін келбеттілік, істесе үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын көріктілік, баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы-жаманның жөнін біліп тұратын әдемілік, дене бітісі жинақты, сөзі шымыр шырайлылық (И.Сапарбаев) – қазақ қыздарына тән қасиеттер.

Жаһандану жағдайында ұлт мәдениетінің негізі саналатын салт-дәстүрлерді сақтау – қыз бала тәрбиесіндегі басты шарттардың бірі. Сондықтан, заман талабына сай салт-дәстүрлердің ерекше түрлерін қалдырмай, мәдениет деңгейінде дәріптей бергеніміз жөн.

Жар таңдау, келін түсіру мәселесіне халқымыз қай кезде де жеңіл-желпі қарамаған. Бұл  бағытта қалыптасқан өзіндік салт-дәстүр, сан алуан рәсімдер бар. Мәселен, қыз көруге, жар таңдауға соншалықты күрделі талап қойғанда, жұртымыздың көшпелі елдің тыныс-тіршілігіне туындайтын наным-сенімдерді басшылыққа алған.

Осы тұстағы ерекше көңіл бөлінетін бір жайт – жеті атаға дейін қыз алыспау мәселесі. Қазақтар бір рудың екі жасы біріне-бірі ғашық болып, әке-шеше, туыстардың айтқанына көнбей, үйленетін болса, оларды тас лақтырып өлтіруге дейін барған. Бұл тағылық немесе ескілік емес, келешек ұрпақ қамын ойландыратын, оның дені сау, зерек, ақылды болуына зор жауапкершілік. Олар қосылса, ұрпақтары не соқыр, не керең, не ақыл-есі кем болып туылатынын халқымыз ежелден білген. Осы айтылғанның ғылыми негіздері генетикаға, әсіресе, дәрігерлік тектану ғылымының қағидаларымен үйлеседі.

Жер бетінде қаншама адам болса  олардың түрі мен ұлты да сан алуан. Сондай-ақ қазақтың баласы қазаққа, негрдің баласы негрге ұқсап туатыны, баласының әкесі мен шешесіне тартатыны да сөзсіз. Өйткені, әр адамның өзіне тән белгілері (көз, құлақ, бет әлпеті, түрі-түсі т.б.), яғни тек арқылы беріледі. Ғылым қаны жақын туыстардың некелесуінен өлім-жетімнің көбірек болатынын да анықтап отыр. Олай болса, осы кезге дейін сақталып келген ғылыми жағынан дәлелденген халқымыздың жақын рудан қыз алыспайтын әдет-ғұрпын адамзат, өркениетті елдер алдында мақтаныш етуге тұрарлық ұлттық тәжірибе деп қарауға толық негіз бар.

Әдетте, әрбір бозбала үшін өз отауының шаңырағын көтеріп үй болу шарасы қыз көруден, жар таңдаудан басталады. Үйленетін жігітке оның жақын достары, туыс-тумалары, құда-жекжаттары, нағашы-жиендері, әсіресе, жеңгелері мен жезделері бұл істе қолынан келген көмегін аямайды.

Осыған орай жігіт, алдымен, болашақ қалыңдығы туралы әр түрлі мәліметтер қарастырады. Айталық, қай елде, қанша жерде, қандай бойжеткен ару бар, жасы қай шамада, болашақ қалыңдықтың ата-тегі, ру-тайпасы, оның жаңа жұртқа қандастық жақындығы, қыз елінің ұлағатты адамдары; батыр-мырзалары, болыс-билері, шежіре-шешендері, қыздың әке-шешесі, олардың қадір-қасиеті жақын-туыстары, нағашы жұрты, олардың тыныс-тіршілігі; қыз тәрбиесі, іскерлігі, шаруа бейімділігі т.б. еске алынып оларға ерекше мән беріледі.

Жігіт үйленер алдында әуелі өзіне ұнайтын теңін іздейді. Бұл дәстүр «Қыз көру», «жар таңдау» деп те аталады. Аттың жүйрігін мініп, иттің алғырын, мылтықтың тәуірін ұстаған, құс атып, ит жүгіртіп, аң алдыртып таза ауада  сауық-сайран құрып өскен жігіт өзіне өмірлік серік боларлық, ажар-көркіне ақылы сай, он саусағы өнерлі қалыңдық іздеген. Ұнаған қызды әке-шешесіне айтып, құда түсуді өтінген.

Халықтың түсінігі бойынша – «Тегіне қарап қызын ал», «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «Шешеге қарап қыз өсер» дегендей көргенді, өнегелі жердің қызын айттыруды мақсат еткен. «Ырыс алды – қыз» деп ұққан қазақ «қызылды қызына, ұзынды ұлына кигізіп», оң жаққа отырғызып, көп өнерін үйретіп, әлпештеген. Балиғатқа толған қыз бала үйде жүргенде басына жұқа қызыл орамал тартып, сыртта жүрсе, қарқаралы тақия киген. Қыздың осы киіміне қарап басының бос екені байқалып, «қарқаралы қыз», «қызыл орамалды қыз» атаған. Біріншіден, бұл қыздарды киім кию әдептілігіне баулу болса, екінші жағынан салт-дәстүрге көзқарастарын дамыту көзделген.

Қызды көруге келген жігіттің әкесіне қыздың шешесі: «Қызды кім  айттырмайды, қымызды кім ішпейді», «Қызымның ұнағаны рас болса, белгі тастап кет», – дейді. Жігіт әкесі үйдің төріне қамшысын іліп, «құдалықтың басы осы болсын» – деп бір жорға ат байлап кететін болған. Ал жігіттің шешесі: ұнатқан қызына сыйға тарт деп жасап берген үкілі тақия, сырға сақиналарын жігіт бойжеткен қызға беріп кетеді. Осындай жоралғыдан кейін ол үйдің қызы – «басы бос емес үкі таққан қыз» атанады. Төрдегі қамшы құда түсу тойы болғанша ілулі тұрады. Қыз әкесі бір-бір жарым жыл жігіт жақтан жаушы келгенше күтеді, егер осы уақыт ішінде жігіт жақтан еш хабар болмаса, қыз әкесі жігіттің әкесіне қамшысын кейін қайтарып береді. Ол үлкен дау-шар болып, кейде жігіттің әкесінің жағы, билер соты арқылы айып та төлеген. Ата-ананың ақыл-кеңесінен кейін болашақ күйеу жанына ең жақын дос-жарандарын ертіп, қыз еліне аттанады. Ел арасында не көп, той-томалақ көп. Олар қызбен танысуға жақсы сылтау. Кейде «құдайы қонақпыз», – деп, қыз ағалары үйде жоқ кезде сол отауларға барып қона жатып, қызды сол үйде кездестіреді. Сондай-ақ қыз көретін жігіт белгілі жердің баласы болса, оған жолшыбай әр жерден әнші, күйші, қобызшы дегендей өнерлі жігіттер қосылады. Ондайларды барған жері қол қусырып қарсы алмайды, мал сойып, құрмет көрсетеді. Жастар жиналған жерде ән салынып, күй тартылып, «қонақ кәдесі» жасалынады. Кейде өнерлі жігіттер көңілі жарасса, бір ауылда бірнеше күнге дейін кідіріп қалатын кездері де болады. Қыз жігітке ұнап қалса, оған өзі уәде байласып, кешікпей жаушы жіберетінін айтып, қыз ауылынан көңілденіп аттанады.

Жаушы – қыз айттыруға баратын өкіл. Жаушы сөзі – Савчы – «ұлы тәңірі жіберген елші» деген мағынаны білдіреді. Ол жөн-жосық білгіш, сөзге шешен, әзіл-қалжыңға  жүйрік адам болуы керек. Оның міндеті – қыз әкесін көндіріп, бойжеткенге құда түсіп, құдалыққа келер күнді белгілеп қайту.

Жаушы астына ақ боз ат мініп, жеңіл киініп, шалбарының бір балағын етігінің қонышына тығып, екінші балағын сыртына шығарып киеді. Ол – «сапар сәтті болсын» деген ырым. Қыздың әке-шешесі, жақын туыстары жиналғанда, елші: «Сіздерде лашын бар, бізде сұңқар бар. Сол лашынды сұңқарға ілгізгелі келдім», – деп тұспалдай сөйлейді. Бұл да қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеу, этикет нормаларын сақтауға бағытталған үлгілердің бірі.

Қыздың әке-шешесі құдалықты қабыл етсе, қой сойғызып, бата жасатып, елшіні сыйлап жібереді. «Ат сатсаң аулыңмен» деген, ағайынмен ақылдасайық. «Сіздермен құда-жекжат болудан біз қашпаймыз» деп жауап береді.

Қыз көру ылғи да жігіт үшін сәтті бола бермейді. Не жігітке қыз ұнамайды, не қыз жігітті менсінбейді. Мұндай жағдайда күйеу жағы бұрын көріп-білмеген басқа жаққа аттанып, «қыз көру» сапарын әрі қарай жалғастыруына болады. «Қызды мың адам көріп, бір-ақ адам алады» дейтін аталы сөз осыдан қалса керек.

Қазақ ғұрпында қыз  жігітке ұнағанымен, шын мәнінде мәселені оның әке-шешесі, тума-туыстары ақылдасып шешкен. Мәселен, болашақ келіннің келбеті мен көркі, сыр-сымбаты қаншалықты тартымды болғанымен, оның ата-тегінен, тәлім-тәрбиесінен, мінез-құлқынан, кісілік қасиеттерінен азды-көпті ақау байқалса, ондай ару бүкіл елді де, жігітті де ойландырған. Осы айтылған жағдайлардың бәрі жан-жақты ескеріліп, екшеліп болған соң ғана жігіттің әкесі жөн білетін, сөз ұғатын ең жақын туыстарының бірін қыз еліне арнайы жіберетін. Мұндай адам, көбінесе, қыз елінің салтын, жай-жапсарын жақсы білетін кісі болуы керек. Әдетте, өзінің қайын жұртының ішінде жүрген, «күшік күйеулер» мұндай міндетті атқаруға оңтайлы болды. Себебі күйеу жігіттің және жаңадан болатын құдалардың жағдайын олармен бірге араласып жүрген жездесінен артық білетін адам табылмайтын. Оның міндеті – қыз әкесінің алдынан өтіп, оның жігіт жағымен құда болуға келісім алу.  Егер  бойжеткеннің басы бос болып, қыз әкесі құда болуға көнсе, өзінің мүмкіншілігіне қарай әлгі адамға сый-сияпат жасап еліне қайтарады. Жаушы қашан, қай жерде, жылдың қай мезгілінде құда түсуге күйеу жақтың келетіні жөнінде келіседі. Екі ел арасындағы үлкен абырой құдалықтың іргетасы, ең алдымен, осылайша қаланатын. Осыдан былай қарай екі жағы да «құда түсу» рәсіміне қызу дайындалады. Жігіт әкесі ауқатты болса, өз жақындарын (дос-жолдастары, құда-жекжаттары, нағашы-жиендері) жинап алып, оларды ең таңдаулысын құда түсуге өзімен ертіп апарады. Беделді адамдардың құда түсу рәсіміне қатысу ел арасында үлкен абырой-атақ, дәреже болып есептеледі. Құда түсу рәсіміне қатысқандарды, әдетте, жігіт әкесінің өзі бастап барады. Қазақ дәстүрінде құда – ең сыйлы адам. «Құдаңды құдайдай сыйла» деген сөз соған орай айтылған.

Ер-азаматтың өмірлік серігі, отбасының ұйытқысы, ұрпақтардың анасы ретінде қазақ халқы қыз бала тәрбиесіне аса сергек қараған. «Қызға қырық үйден тыйым» салған халқымыз, бір үйде қыз өссе ағайын-туыс, көрші-қолаң болып сол қыз баланың мінез-құлқын, жүріс-тұрысын қамқорлықпен қадағалап, шалыс басуына жол бермеген.

 

Мәрия Майлықұтова

Пікірлер