Сарыны бөлек «Saryarqa samaly» Павлодар облыстық газеті - «URKER-2022» жеңімпазы!

2978
Adyrna.kz Telegram

Ертіс-Баян өңіріндегі қазақ тілді бірден-бір облыстық газет, ата басылым «Saryarqa samaly» «URKER-2022» ұлттық бәйгесінің жеңімпазы атанды.

Осыдан 93 жыл бұрын атақты түркітанушы, белгілі ғалым, филолог Бейсенбай Кенжебаев газеттің негізін қалаған еді. Одан кейін де көптеген ірі тарландар басылымда еңбек етті. Олардың қатарында Әзілхан Нұршайықов, Рамазан Тоқтаров, Мұзафар Әлімбаев, Қабдікәрім Ыдырысов бастаған басқа да белгілі тұлғалар бар.

— Шын мәнінде қазір аймақтарда өзекті мәселе көп. Өңірлік журналистика өкілдері сол проблемаларды зерттеп, талдап, сарапқа салып, қоғам мен билік алдында көтеруге тырысып жатыр. Сол ауқымды істің бағасы осы сыйлық болса керек. Екіншіден, бұл - біз үшін аманаттың орындалуы. Бізді тәрбиелеген алдыңғы буын ардагер журналистер бар. Бұл – газеттің дамуына зор еңбек сіңірген ардагер-журналистердің, бүгінгі ұжымның, тұрақты авторлар мен оқырмандардың барлығына ортақ олжа! - дейді басылымның бас редакторы Нұрбол Жайықбаев.

Қарашаңырақ, Павлодар облыстық «Saryarqa samaly»  газетінің бұл қуанышына орай әр өңірден жанашыр оқырмандардан ақ тілек, жылы лебіздер көптеп келуде. Осы санатта ресми құттықтауын жолдаған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы басылым жетістігін жоғары бағалады.

— Ұлттық бәйгеде бұлайша оза шабу – барлық ақпарат құралының маңдайына жазылған емес. Бұл табыс жеке газеттің ғана емес, Павлодар облысының журналистикасының жетістігі, айта берсек, тұтас облыстың қуанышы! — деді халық қалаулысы.

Бүгінде облыстық басылым заман ағымынан қалмай, оқырманға сапалы ақпарат жеткізудің барлық жолдарын терең меңгерген. Газеттің ғаламтордағы ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшалары да сұранысқа ие.

Басылым ұжымы оқырманмен тікелей жұмыс істеуге көшкен. Ел-елді аралап, аудан, ауылдарда заманауи форматта кездесулер өткізуде.  Оның ішінде, танымдық іс-шаралар, концерттік, ойын-сауық шаралары, ұтыс ойындары ұйымдастырылуда. Осылайша,  өркениетті қоғамда баспасөздің өз орыны бар екенін дәлелдеп келеді.

Ұжым алдағы уақытта да осы белесте қалып, жетістікті еселеу үшін аянып қалмақ емес. 

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер