Ақсудағы қазандық  LRT-ның күйін кеше ме? 

2465
Adyrna.kz Telegram
Фото: astanatv.kz
Фото: astanatv.kz

Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласының тұрғындарын қыстан аман шығудың қамы мазалайды. Бұл шаһар да Екібастұздың кебін киюі мүмкін. Себебі, жергілікті қазандықтар әбден ескірген. Ал осыдан бес жыл бұрын құрылысы басталып, миллиардтаған қаражат жұмсалған жаңа қазандық әлі де іске қосылмай келеді. Тұрғындар өтінішінен кейін аталған мәселеге қатысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Жарқынбек Амантай үндеу жариялап, жауаптыларды жазалауды талап етті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақсу қаласында да Екібастұздағы жағдай қайталануы мүмкін. Себебі қазір жұмыс істеп тұрған қазандықтар әбден тозған. Кез-келген уақытта істен шығуы ықтимал. Онымен қоса, қаланың барлық бөлігіне жылу тарту  мүмкін болмай отыр. Сол себептен осыдан бес жыл бұрын мұнда жаңа қазандық салуды қолға алған. Жоспар бойынша бұл нысан  2020 жылы іске қосылуы керек еді. Алайда, ол – «сақалды» құрылысқа айналды. Әуел баста жаңа қазандық құрылысына 11 млрд теңге жұмсау жоспарланған еді. Нәтижесінде, «қаражат жетпей жатыр» деген желеумен осы күнге дейін 12 млрд теңге шығындалды. Бірақ, нәтиже жоқ.

Мәселе мұнымен айқталмайды. Жаңа қазандық іске қосылса, жылуға деген тариф бірнеше есеге өсіп кетеді. Әйтпеген жағдайда, жоба өзін өзі ақтай алмайды. Оның жұмыс істеуіне де қыруар қаражат қажет. 

Бұл мәселе бойынша жергілікті тұрғындар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Жарқынбек Амантайға шағымданды. Ол, өз кезегінде, ақсулықтармен жүздесіп, мәселені зерделеп қайтты. 

Ақсу қаласының тұрғындарымен кездестім. Оларды да екібастұздықтар сияқты "жылумен не болады?» сұрақ мазалайды. Ақсу қазандығы - Астанадағы LRT сияқты жауапсыздықтың ескерткішіне айналғандай. Сондықтан, оған кінәлі басшыларды қазір тауып, шетелге қашып кетпей тұрғанда жазалау керек. Егер қазандық іске қосылса, тариф бойынша сұрақ туындайды. Ол екі жарым есе өседі! Барлық шығынды кінәлі жандар өтеуі тиіс. Ақсу тұрғындары және мемлекеттік бюджеті біреудің қателігі үшін зардап шекпеуі тиіс. Жалпы, бізге осындай қазандық керек пе? Тәуелсіз сарапшыларды тартып, қаланы Ақсудағы жылу электр станциясынан қуаттандыру мүмкіндігін зерделеген жөн сияқты. Жергілікті әкімдік осы мәселелерді шешуді дереу қолға алуы міндетті. Әйтпесе мұнда да Екібастұздағы жағдай қайталануы мүмкін, - деді Жарқынбек Амантай.

 

 

Пікірлер