Ұлт мінезі-ұрпақтан

3009
Adyrna.kz Telegram

Қайырбек департаменттің қабылдауына жазылғалы көп болды. Кіріп-шығып жатқандардың жүзіне, жүріс-тұрысына қарап отыр. Қабылдауға кіргендердің көпшілігі әлдебір жақсы кәсіптің тұтқасын ұстайтындарға ұқсайды. Көңілдері тоқ адамдар. Қасында кешеден жүрген өзі сияқты екі-үш кісі ғана бар екенін байқады.

Қабылдауды ұйымдастырып жүрген қасы-көзі сүрмеленген аппақ қыз, әлде келіншек пе, шолақ көйлектінің ызасы өтіп болды. Өзі әдейі істейтіндей столға әлде бір қағазды қараған боп, еңкейіп-тоңқайғанда келте етегінен таңы жарқ етеді. «Тфу, патшағар! Келім-кетім ел-жұрт бар деп ойламайды-ау. Қызметтік этика, әдеп-иба деген қайда?!». Онымен қоймай бұлар жаққа танадай көзін жарқ еткізіп, төңкеріп қоятынын қайтерсің. Көзін тайдырып теріс айналды.

Қасындағы жастау жігіт мұның ойын оқып қойғандай құлағына сыбырлады. «Ана отделдегі мықтының ақ тоқалы». Ақ тоқал аппақ бұғағы жұтынып бұған қарайды. Бұлардан бірдеңе дәмететіндей, әсем жымияды. Әлде бұлардың жүйкесін сынайын дегендей мазақ қыла ма екен, құрғыр. «Мұнафық!».

Мұның көп мәселесі де жоқ-ты. Тек біраз қаржысы кеткен әлгі абердин-ангус, голштино-фриз дегендердің шаруасы болмаса. Топалаң келгендей мұхиттың арғы жағынан келген етті-сүтті деген тоқал сиырлар әр жерде теңкиіп, тоңқайып қалды емес пе. Өздері ерекше күтім керек ететін малдың «элитасы» екенін қайтейік, жем-шөпті де талғап жейтін тойымсыз тажал екен. Аз ғана уақытта айналадағы қамыс-құраққа дейін құртты емес пе. «Одан да өзіміздің күй талғамайтын ақбас сиырымыз жақсы еді».

Көз алдына түр-түсі түн түгел күндіз де түсінен шықпайтын тоқал сиырлар кірді. «Өздері сиырға ұқсап күйіс қайыра ма екен?» Есінде ештеңе қалмапты. Баяғы көшкенде жүк артатын мүйізі шаңырақтай-шаңырақтай Зеңгі баба түліктері-атан өгіздерді, желіндері сыздап қырдан талтаңдап келетін қазақтың ақбас мама сиырларын еске алды. Сиырдың асылын-тынжы, жылқыны-құтпан, түйені-жампоз, қойды-келепан дейтін бұл қазақ. Өріс таңдамайтын, төлі тез аяқтанып кететін.

Қайырбектің көз алдына қазақтың ақ бас сиырлары ғана емес, ежелгі алып турлар, ерен күшті буффалдар, күй талғамас буйбол, тас-тасқа, ыстық-суыққа төзімді қодастар келді. Иә, өткен екен адамзаттың бір дәуірі. Саваналардағы қан-жынға тойған ашқарақ арыстан, тойымсыз қорқау, жыртқыштардың марғау заманы келгендей.

Қазақтың өз малы құрып қалғандай, Аустриядан әкелген ала бас, Канададан келген қарабас тоқал сиырлар қаптап кетті. Дала, қала тоқалдарға толып кеткендей. Елге белгілі бай-бағлан, әнші «жұлдыздардың» екі сөзінің бірі-тоқал да тоқал болды. Қала базарлары, сауда орталықтарында жаппай шет елдік «асыл тұқымды» тоқал сиырлардың етін алып жатқан ақ тоқалдар көз алдына елестеп өтті. Қазақтың малы ғана емес, өз гені, мінез-құлқы да өзгергендей. Мұның көшпенді ата-бабасы сиырды мал санатына қоспаған қыр шаруасы еді. Нас, харам мал дейтін. Сиырдан гөрі, ақбөкендей ақтылы қой өргізді, келелі түйе, үйірлі жылқы айдады.

Иә, мына Зеңгі баба түлігінен де арғы тектілігініің айбатты «ай мүйізін» көрсететін хайуан қалмай барады. Қазақ тоқал сиыр бағып, тоқал тірлікке көшті. Тоқал алуды сән көретіндей. Тоқал мінезділер толып кетті. Тоқал мінез деп бақталастық, күншілдік, көре алмаушылықты да айтар еді. Қазақтың барлық тірлігі, істеген ісі, сөйлеген сөзі осыған, яки ұсақшылдыққа құрылғандай. Дүниеқоңыздық, қытымырлық та соған жата ма деймін. Ірі сөйлеп, ірі турайтындар қалмағандай бұл заманда.

Ана, жар, жұбай, қарындас сынды қасиетті атаулар қалып, осы бір қасаң да жексұрын сөз қоғам арасын жаулап алғалы қашан. Қазаққа бұл қасиетсіздік, мінезсіздік қайдан келген десеңші. Шамасы осыны өзіне мақтан көретіндер шын анадан тумаған, анасын сыйламаған тексіздер болар дейді бұл. Егер анасын, қарындасын біреу «тоқал» деп кемітсе қайтер еді. Немесе ертеңгі ұрпағы, баласының анасын «тоқал», өздерін «тоқалдың балалары» атаса ше. Әрине, «тоқал» алғыштар бұл жағына ой жібермегені, ертең бұл атауды өздеріне қорлық пен масқарашылық тұта қоймағаны анық. Күйіті мен күйісін ойлаған мал тектес ел емес ек.

Баяғыда жаугершілік заманда Дәден би бабасы жорықшы, барымташы ерлерді сөкті деген бір сөз бар. «Жаудан мал әкелем деп жылқыны бұздыңдар, құл әкелем деп елді, баланы бұздыңдар». Ата-бабасы еріккеннен күң ұстап, тоқал алмаған.

Пайғамбарымыз ғалайкумассаламның хадистерін ойлады. Қиямет күннің кіші белгілері келгендей ме деп мұңға батты. «Елу әйелдің бір қараушысы болады, немесе бұзықтық, әдепсіздік жайлайды» демеді ме. Туыстық, ағайындық қатынастық бұзылуы, үлкенді сыйламаушылық бар. Ұрпақты тәрбиелеуден, адамға сөз ұқтырудан хайуанды «тәрбиелеу» оңай болмақ. Ит те күшігінде сүйкімді. Өсе келе оның қандай хайуан болатыны иесіне байланысты. Марқұм атасы «қабаған ит қайыр байлайды» деуші еді. Ауласында бір-бір қабаған ит байлаған қайырсыз байлар толып кетті. Бұл ненің белгісі?! Тағы бір хадис сөзі: «Күң әйел өзінің қожайынынан тумақ». Немесе керісінше. Астаппыралла! Басын ұстап кетті. Ойы сан саққа бөлінген мұның келген шаруасы енді есіне түсті.

Бұл анау ұлы дүрмекке еріп «Сыбаға» бағдарламасымен алуын алса да тоңқайып қалған Аустриялық «тоқалдардың» не өтемақысы, не субсидиясы бола ма, жоқ па білейін деген дәмемен келген еді. Жергілікті атқа мінерлердің ұзын арқау, кең тұсау сөз бұйдасынан мезі болған бұл осы жерден бір-ақ шыққан еді. «Біз не, тоқалдан туып па едік». Бұл оның әдеттегі мінезі еді. Оның ойын қабылдаудағы «ақ тоқалдың» сөзі бұзып жіберді.

- Бастық бүгін қабылдамайды. Жеке бас мәселемен келгендеріңіз арыз-шағымдарыңызды департаменттің сайтына жазып жіберіңіздер.

Бұл санын бір соғып қалды. Шығып барады. «Қап, өздерін Бани Ысраил қауымын Мұса пайғамбарға жасатқанындай қара сиырдың етімен қағып ұшықтайтын екен. «Бақара (Сиыр)» сүресін Алла Тағала осындайлар үшін түсірген ғой».

*****

Қайырбек айнаға қарап сақал-мұртын мұқияттап қырынды. Бүгін кіші інілерінің бірі шақырған шайға бармақ. Шай да, той да емес, садақаның мезіреті деседі. Қазақтың садақасы арты той болып кететінін біледі ғой. Ішінен інілерін сыбап жүр. «Сонша әспеттеп. Сырға салуға да садақа жасай ма екен. Сырғалайтын мал, аң-құс болып кеткен бе бәрі. Үлкен жұмыс бастайын деп жатырмын дейді ақымақ. Дабыра қылмай салатын сырғасын қатындарымен салып келмей ме. Не болып барады мына дүние». Сырға тағу, сақина салу сәнге шығыпты. Онсыз некелері баянды болмайтындай. Міне, өздері алтын сақина салмаса да қырық жыл отасты емес пе. Тіпті ата-бабаларының, арғы ана-әжелерінің тасқа басқан «неке куәлігі» болмаса да ұрпақ өрбітіп, ел болған жоқ па еді.

Үлкен қала мен ауылы арасы едәуір қашық еді. Қазіргі заманғы ұшқыр көлікке не болсын, баратын жеріне шаршамай-ақ жетті. Інілерінің алды келіпті. Мұны күтіп отырғанға ұқсайды. Үйден шығып ағасына сәлем беріп жатыр. Келіннің шешесі құдағай да өз келін-балдарымен келіп жатыр. Нағашы жеңгесі ұл-қыздарымен о да келді. Ертеңгі барар бір-бір «ілу», «өлі-тірі», кілем, пакет, қоржын үйге кіріп жатыр. Аға-жеңгесі «келін баламыз құлағына жақсы сырға алып беріңдер» деп конвертін берді.

Шақырған бір-екі ағайындары сылтау айтып келмей қалыпты. Ішіп-жеудің арты «сырға салуға» кім барады дауына ұласты. Әрине, іні-келіндері балалары алдының тойы басталайын деп тұрғаны және өз ара келісіп алғандары да көрініп қалды. Шақырған інісінің өтінішімен бұл «ұлағатты» сөзін айтуы керек.

-Үйдегі, түздегі бөгде мінез-құлықтарыңды бүгінен бастап осы жерде қалдырыңдар. Барған жерлеріңде көргенді елдің баласы деген түсінік қалыптасуы керек. Бықсық әңгімелеріңнің керегі жоқ. Кердең мінез, көкірек керуді қойыңдар. Істеріңді Алла оң жолына бастасын.

Бірақ бәйбішесінің сөзі теріс шаптырған түйедей тіптен қиыс шықты. Үйден шығарда өздері сұрамаса, шаруасы мен сөздеріне араласпа деп ескерткені жайына қалды.

-Баратындарың барып қалыңдар. Жарымағандарың жарып қалыңдар!

Бұлай айтпаса бәйбіше бола ма, тіліп түсті. Ертеңгі үйленетін бала да өзінен кейінгі ағалары үйіндегі оқыған, қызметтегі жастау жеңгелері барса деген екен. Оның сөзін шешелері қыстырған жоқ. «Болмайды». Айтты, бітті. Жас баланың тілегін қолдаған үлкен шеше-бәйбішені кісі демеді. Көпшілік дауыспен кіші келіндер сөзі өтті.

-Тоқалдарың-ақ барсын !

Бұл - бәйбішесі сөзі. Бастапқыда түсінбей қалды. Тоқал ? Қайдағы тоқал ? Бұл жерде қос-қостан қатын алып отырған ешкім жоқ қой. Ойпыр-ай, есіне енді түсті. Қалай ойына келмеген. Інілеріне айтқан ақылы өз басына келгендей болып, ақылы алтау, есі жетеу болды. Бір әкеден туған екі-үш інісі бар еді, бәрі де екі реттен отбасын жаңартып үлгерген. От басын бұзу, ажырасу, алиментшік атану заман үлгісі, сәні сияқты. Енді міне, сол екінші әйелдердің балалары өсті. Білім, мамандық алды. Өз қолы ауызына жетті. Алды үй болмақ. Аяқтанбақ. Інілерінің ел қатарлы адам болғанына бұл қуанып жүр. Басқа ойы жоқ еді. Көңілі көл еді.

Бәйбішесі сөзі басын ауыртқан бұл отырғандарға қарады. Оң жақтағы нағашы жеңгесі де «екінші» екен ғой. Демек оның балалары да «тоқалдың балалары». Сол жағындағы келіннің шешесі құдағай да «екінші» емес пе екен? Бәсе, ағайындары бәйбішелерімен неге келмегенін түсінейін деді. Иә, қазақ мұндайды менсінбейді екен. Өз ағайындары арасына осы бір кесірлі алауыздық, жаман әдет енейін бе деп ойға батты. Мұның жолын кеспесе болмас сірә.

*****

Қаладағы сән-салтанаты жарасқан мейрамхана. Екі жастың үйлену тойы. Төрде үркердей бір топ отыр. Маңғаз мырзалар, тәкәппар бәйбішелер. Оқыған, тоқығаны бар қауым, өз бағасын, орнын білетін кісілерге ұқсайды. Бұлар әрине, той қызығына араласа алмай тұрған, сырт көзге қызықтаушы қонақтар сияқты көрініп тұр. Осынау ат төбеліндей топтан өзге қазақ арасында сол сырт көз, алыс ағайынға айдын да айбар қылар салиқалы бәйбіше, көшелі жігіт ағасы кісілер қалмай бара жатқандай.

Қатынжанды інілеріне қарап Қайырбектің ызасы келеді. Бұларды мұрынынан ноқталап, жетекке жүрер жуас өгіз қылып үйретіп алған. Жетіспей тұрған бір нәрсе бар сияқты. Қазақтың от басындағы береке-бірлігін, тыныштығы мен сүйіспеншілігін бірдей сақтау парызы отанасы мен отағасыларына жетпей тұр екен. Ерлі-зайыпты жұбайлардың бір-бірін толықтырып, рухани, имани бірлігі жағынан қолдап жүруі бүгіндері ақсап жатқандай.

Туған інілері несін айтасың, тойда жаны қалмай шауып жүр. Жандарында жайраңдаған, мәз болған екінші әйелдері-«тоқалдары». Той туын көтеріп жүргендер әрине, сол «тоқалдары». Тойда секектеп, тайраңдап билеп жүрген қыз-қырқын, жеңіл-желтек желбас жігіт-желеңнің барлығы көз алдына «тоқалдың балалары» боп елестеп кетті. Бұл тойда томсырайып отырған бәйбішелерге қарап тост көтерді.

-Тоқалдардың тойы құтты болсын!

Бәйбішелер алтын тістері жарқырап жымиысты. Әйелі оған ала көзімен ата қарады. Кенет есіне өзінің де әкесінің екінші әйелінен туған баласы екені түсті. Өзінен кейінгі іні-қарындастары сол шешесінің тәрбиесін көргендер еді. Бұл болса Мақпал бәйбішенің, яки әкесінің анасы бауырында өсті. Сондықтан ана әйелдің, туған шешесінің баласы саналмайды.

Неге екенін қайдам, бұның «тоқал» шешесі бұлардан бөлек тәрбиелеген қарындасы кішкене күнінен мейрімсіз боп өскенін көріп жүрегі шімірікті. Оған өзі кейін сәби күндерінде куә болғаны бар. Бәлкім екеуінің екі ұдай мінезде болуы екі үйде, бірі намазхан кемпір-шал, екіншісі атеист әке-шеше қолында бөлек тәрбие алғандықтан болар деп бертінде ойлаған. Ол кемпір-шал да дүниеден өтті. Әулеттің басы бір шаңырақта тоқайласты. Бір күні «тоқал» шешесінің қызын қарғап отырған үстіне түсті. Сөйтсе «тоқалдан» туған қарындасы мысықтың көзін енді ашқан өзіндей сүп-сүйкімді екі мыршынын мойынына тас байлап суға ағызып жіберіпті. Обал-ай!

Ол шешесі де сексеннің үстіне кеп, бір күні газ иісі тиіп дүниеден өтті. Түн ішінде туған анаы ауырып жатқанын естіп, ақ қар, көк мұзда қаладан шешесіне жанұшырып жеткен. Жедел жәрдем жоқ. Шешесін көрпеге орап, аузына сүт тамызып көлігімен  кіші қыздың үйіне апарып салған. Сегіз ай жатып дүниеден өтті анасы. Бақұлдасу үшін бұл туған анасы жанына барған. Мұның қолын жылы қолымен ұстап отырып, бар айтқаны «Қайтейін енді, жарығым-ай». Бәрі кеш дегені. Басқа балаларымен сөйлеспеді.

Шешесінің жылы өткеннен кейін бір күні өзі де тоқсанға таяп қалған әкесі шақырды. Бұған біраз нәрсе аманаттады. Әкелік өсиетін жазып қойыпты. Абыз әкесінің өсиет сөздерінің бірі мынадай: «Мен бұрынғыдай рет-ретімен сендерге жүйелі ақыл айтудан қалып қарамын. Бұдан кейін де көп жүре алмаспын. Мен әкемнің әруағын өмір бойы сыйлаумен өттім, өтемін де. Осыны балаларым, немере-шөбере, шөпшектерім, ағайын-туыс түсінсе, әруағын сыйласа мен риза болар едім. Ата-баба сүйегіне таңба түсірмеңдер. Пайғамбарымыздың бір-біріңе иіліп сәлем салмаңдар деген хадисі жоқ. Үлкендеріңді сыйлаңдар. Сәлем салыңдар. Кішілеріңе қамқор болыңдар. Бәрінен де ағайын-тума, ұл-қыздарым, ұрпағым үлкендерін сыйлап, бір-бірімен тату боп өтсе деп бір Алладан сұраймын». Әке өсиетінің жалпы мазмұны осылай еді. Ол өсиеттерде біреулері күткендей мал-мүлік бөлісі туралы ештеңе жоқ.

Бұл жалғыз өзі кіші інісін қасына көмекке ап, әкесі бейітін көтеріп бітпей жатып, «тоқалдан» туған қыз бастағандар мүлік бөлісін, мұрагерлік дауын бастап кетті. Бұл әке аманаты жүктелген үлкен аға болғандықтан артық сөзге барған жоқ. Әкенің әлгіндей өсиет сөздерін көбейтіп, ана қыздан басқаларына таратып берген. Мал-мүлік емес, құр сөз деді ме, қанша жыл, айлар өтті, еске алған ешкім жоқ. Әке өсиетін әлдебір бұрышқа лақтырып тастаған сыңайлы. Тағылымды бір сөзін ауызға алмайды. Одан олар ештеңе ұтпаған соң әке абыройын, атағын қызғану дегенді шығарды. Әке-шеше де қайтқалы біраз жыл болды. Әке-шеше бардағы татулықтың қиюын қашырып, ауыз бірліктеріне іріткі салып олардың алдында «тоқалдың» қызы келеді. Туған-туыстарымен араласпайды. Япырай, ә ! Ата-ана тәрбиесі қайда кеткен....

-Мен де «тоқалдан» туғанмын. Тоқалдар дәуірі осы балалармен аяқталсын деп алып қоялық!

Тойда отырған көрікті ханым, бәйбішелердің паңдығынан ештеңе қалмады. Кей бірінің жасандылығынан із қалмай алып қоюға кірісті. Кенет мұның есіне қайын атасының шешелері түсті. Байдың қызы бәйбішесінен бала болмай, екінші алған әйелінен атасы туған екен. Әйеліне сыбырлай қойды. «Сен де Тоқанай тоқалдан туғансың». Манағы маңғазданып отырған бәйбішесі сылқ-сылқ күлді. «Бибіжан бәйбішенің бауырында өскенбіз». Әйеліне қатты риза болып кетті. Сөз тапқанға қолқа жоқ.

*****

«Сөзде қаңқу жаман..» деген рас екен. Қатынның сөзі қандай жаман. Мұның миын жеп, қанын ішкендей. Басын тоқылдатқан «тоқ-тоқ, тоқал» деп, қуыс ағашты шоқыған тоқылдақ құс сияқты қаңқу сөз, қаңғыған ойдан құтыла алмай сол қуыс басын тоқпақтап жүргеніне екі-үш күн болды. Бұл өзі қайдан, қашан кірген қаңқу сөз екенін таба алмай дал. «Кемел ақылың жоқ болса-тіліңді тый» демей ме атамыз.

Ертеде біреулер ата-бабасының бес, не он қатын алғанын, бай болғанын, ханға бергісіз қарадан шыққанын айтып бөсетін еді. Сонда деймін-ау, сол он қатынның біреуі ғана бәйбіше, қалғаны тоқал болса, бұл қазақтың оннан бірі бәйбішеден, қалғаны тоқалдан туған болмай ма. Жетісіппіз. Безірейген ұл, кекірейген келін қайдан дерсің.

Шыңғыс хан өз заманында тақ билігіне тек Бөртеден, бәйбішеден тараған ұлдарын  тағайындау туралы арнайы жарлығын шығарған. Неге?! Өйткені ол ежелгі түркілер дәстүрі, қағандар заңы еді. Шыңғыс хан да ежелгі сол дәстүрге сүйеніп «Яса» заңын шығарған-мыс. Сайдың тасындай іріктелген таңдаулы қосындарын, өзіне бағынған тайпалар, жұрттарды «шоқал», «шоқалдар» атаған. Қазақ шоқал, шоқалақ деп тегіс жердегі, немесе су астындағы кедір-бұдырды айтар еді. Мағынасы-аяқ астындағы тоқал төмпек. Сонда біз кімбіз ? Жарты әлемді жаулаған ұлы Қағанның табаны астындағы-құлы. Ал, саған «Адамзатты сүй, бауырым» деген кім? «Тоқалдан» туған-ұлы атаң Абай.

Қазақ ешқашан бәйбішеден кейінгілерді «тоқал» деп дүңк еткізіп дөрекі атамаған. Екінші, үшіншілердің өзін бәйше, бише, бибі, ханым, бике, кіші қатын, немесе кіші шеше, сүт ана, жесір, әмеңгер, нақсүйер дер еді. Ең кеміткенде қызметші қатын, жалшы қатын атаса, қоғамнан шеттетілген, дәрежесі төменшіктерін күң, күңше, тұл қатын атар еді. Исламға дейін де өзгелерде көп әйел алушылық болған. Күң, тоқал дегендер жорықта олжаға түскен пенде. Құны болмаған. Оған мүлік есебінде қараған. «Ниса» сүресінде «Тек қана соғыстарда ие болған күңдерің-тоқалдарың адал етіледі» делінгені бекер емес.

Сол қазекең жер-көкке сыйғызбай мақтап, аңыз етіп жүрген әйгілі бір ханның он екі қатыны бар екенін бүгінге дейін паш ететіні, етіп келе жатқаны да есте болар. Бақсақ қазақ өз шежіресіне кіргізіп жүрген әлгі ханы бәйбішесі-қарақалпақ қызы, қалғандары сарт, қалмақ, қожа мен тұтқын қыз боп кете береді екен. Тек біреуі ғана қазақ, жетінші, әлде сегізінші тоқалы екен. Ол олқылығының орнын толтыру үшін «атаңа алты қатын алып берген Алашыңмын» деп бөсетінін қайтерсің. Алты түгел он қатын алып берсе де, өзі бәйбішенің баласы болмаған соң бұл қазаққа не жорық. Қазақ «тоқал сиыр мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылған» деп неге айтқан дейсің. Шынында бұл әлеуметтік теңсіздік, кем сана жандардың кемсіту сөзі. Бұл енді шектен шығу.

Ғасырлар бойғы шектен шығу, адамзат құқықтарын бұзу діл мен дінге жат бидғат нәрселерді, қарама қарсы феминизм, салафизм дегендерді туғызды. «Бақара (Сиыр)» сүресінде «Адамдар арасында мұндайлар да бар, өздері имансыз бола тұра «Аллаға және Ақырет күніне иман келтіріңдер» дейді. Олар Алланы және имандыларды алдамақшы болады. Олар күдіксіз «біз түзетіп, оңдаушымыз» дейді. Біліп қойыңыз! Әлбетте олар-бұзақылар, бірақ өздері мұны сезбейді» деген аят бар.

Қазақтың аңызы бойынша сарыала қаздың жұмыртқасының бірінен құмай шықса шығар-ау. Ал мынадай он тоқалдың қай-қайсынан елді соңына ерткен тұлға, дүйім көпті дуалы ауызына ұйытқан шешен, қол бастаған батыр, мінезді ер біздер тарағанбыз деп қалай айта алар екен. Бір-бірін тоқалдың баласы, тоқалдан туған деп кемсітіп жатса. Сырқыраған мүйіздері болмаса, бүтін бірі жоқ екен. Бірі «сынған сыңар мүйіз» болса, екіншілері ол жағына жеті атадан бері «ұятты» екен қазақ арасы. Тоқал тірлік, құл мінезділік, тексіздік жайлап алғаны онсыз да көрініп тұрар еді. Қайырбек  өз ата-бабаларының арғы өмірі туралы көне көздерден естіген әңгімесі туралы терең ойға кетті.

Шетсіз-шексіз сары дала. Сусыған құм. Аптап ыстық, аңызақ жел. Алыстан арып-ашып төрт-бес жолаушы келеді. Маңғыстау елінен құдалықтан, әлде бір жақсының баласына қалыңдық айттырып келе жатқандар еді. Астындағы аттары да, өздері де қатты шөлдеген. Ортасындағы күміс белдік тағып, нар бөрік киген беделділеу біреуі жанындағыларды сөзбен демеп қояды. Бұл жақтағы ел күн ыссыда да сеңсең бөрігін басынан тастамайтын әдеті еді.

-Алдымызда ел бар, асықпасақ оған да жетіп қалдық. Аттарымызды суарып, өзіміз тынығып алармыз.

-Әй, қайдам. Бұл жақтағы ел құдығынан су бере ме екен. Мал-жанының суаты, құдығы үшін күнде бір қырылып жатқан ел ғой.

-Е-е, не болыпты. Ағайын, әрі қанымыз араласқан ағайын ел емеспіз бе. Олар бәйбішеден, біз кіші шешеден тудық қой. Мен білсем олармен бір атадан тараған қан араласқан туыстығымыз бар.

Айтқан межелі жеріне келді. Құдық басы байдың ығы-жығы малы суарылып жатыр екен. Малдың алды су ішіп болып қырға кетіп жатыр. Астауға ұмытылған аттарын тәк-тәкпен тежеп бұлар тұр. Мал суарып жатқан жалшы құлдан  жасы үлкендеу кісі құдық иесі мырзаларының қайда екенін сұрады. Шетте тұрған мыжырайған жаман тымақты кісіні иегімен нұсқады.

-Алыстан құдалықтан келе жатқан көрші ауылдың кісілері едік. Көліктеріміз шөлдеп тұр, суарып алуға ұлықсат етсеңіз.

Тымақты бай мырзасы кісілігі нашар мақаудың өзі екен. Сәлем алып, амандаспақ түгел қабағы қыртиып жөнді тіл қатпады. Бар болғаны мұрыны астынан барқ етті. «Болмайды». Өзі шөлдеп тұрған заты хайуан емес пе, бай мырзасының маңқылдағанын не қылсын. Ауыздықпен алысқан сұр жорға иесіне әл бермей құдық жаққа сүзе жөнелді. Қанша қамшыласа да бас білдірмеген асау ат астаудан бір-ақ шығып мөлдір суға бас қойды. «Қап, әкеңді!»

Құдық басында білегіне бақанын іліп, малды басқа ұрып қайырып тұрған қайыс қара құлға ымдады. «Құрт. Өлсе құнын берем». Жас кезінен Хиуа хандары мен қазақтар арасында жорықта қолға түсіп, байдың алып кел, барып келімен қолбаласы болып кеткен жалшы әй-шәй жоқ, бақанмен жолаушыны бастан бір салды. Ауыр бақан ақсұр атты жолаушының қарақұсынан оңбай тиді білем, жорғасының жалын құшып сұлқ түсті. Шетте тұрған серіктері «ой бауырымдап» ат қойды.

Бір ру, екі ата арасында алашапқын дау, билер соты, құн сұрау басталды. Кісі өліміне қатысты құн даулау ұзаққа созылды. «Өлтірген құлды ал, ат құйрығына байласаңдар да құнын сұрамаймыз». Келіспеді. Аралық төрелікке беделді төбе билер, елдің игі жақсылары түсті. Ақыры екі кісінің құнына келісті. Бітімге келгендей болды.

Құн төлеу ұзаққа созылып, сөз бұйдаға салынды. Кеңес үкіметі келді. Өз заңын орнатты. Қазақтың көп әйел алушылық, барымташылық және құн төлеу сияқты толып жатқан ескілікті заңдарын жойды. Бірақ ел ішінде ішінара жесір дауы сияқты көне дәстүрі көпке дейін сақталып қалды. Екінші дүниежүзілік соғыс соңына дейін жазылмаған ол заң арқасында ел ішінде жесір қатын, жетім бала болған емес дейтін. Опат болған ерлері кетсе де жесірі елден кетпеген, жетімі қаңғымаған. Ағайыны ішінде қалған. Мүйіздеп, моқшаған «тоқал» сөзі тіптен болмаған.

Бұл жаман әдет ел ішіне кейін келді. Сонымен бірге шынын айту керек, ақсақалдар институты да жойылды. Енді дәстүрлі отбасылық құндылықтарға ауыз салу, дінді желеу етіп іштен іріту басталды. Әр халықтың өзіндік мінез-құлықтары, салт-дәстүрі болатыны шындық. Өзге этностарға қарағанда қазақ халқына кішіпейілдік пен кеңпейілдік тән. Бірақ, бұл дәстүрі, қалыптасқан ұлттық мінез-құлқы үлкен өзгеріске түсулі. Пейілдер тарылды. Соның бірі дінмен бірге сырттан, өзге қоғаммен енген жаман әдеттер. Оны түземей ұлт мінезі сауықпасы анық. Ол ауру қоғамды емдеу ләзім. «Танымасын сыйламас» дегендей үлкенге сәлем беру қалып барады.

Мінез! Мінезсіз, мінезді деген немене еді? Пайғамбарымыз айтқандай, ең таза дін-көркем мінез. Ә.Бөкейхан да «Ұлтқа қызмет ету-мінезден» деп бекер айтпаған. Мінезге қарап ұлтты тануға болады. Мысалы мінезсіз адам дегенді ол былайша түсінер еді. Мінезсіз деп ол ер адамда: имансыздық пен ездік, еріншектік пен енжарлық, ынжық та жүрексіздік, етек астынан арғыны көрмейтін, тұрапайы да ұшқалақтық, ұстамсыз да кекшілдік, мақтаншақ та мақсатсыз пенделерді таныр еді. Ұрғашыда ол:  кесірлік пен мекерлік, аярлық пен әсіреқызылдық, дүниеқорлық пен екіжүзділік, салақтық пен сараңдық сияқты екінші жынысқа тән мін, кемшіліктер бар. Бұлар-тоқал мінезділер деп танылған. Мінезге бай ер адамның дүние талғамы, бауырмалдылығы мен бірсөзділігі, батылдығы мен кісілік қасиеті, ақылдылығы мен сабырлығы, зейінділігі мен зеректігі болса, әйелзатының мейірімділігі мен балажандылығы, сезімталдық пен еңбекқорлығы, имандылығы мен ибалығы, қолыашықтығы мен қонақжайлығымен ерекшеленер еді. Міне, бұл ұлт ұрпағына керек, жоғала бастаған қасиеттер болатын. Ата-бабасының «Ұлың өссе ұлы жақсымен ауылдас бол, қызың өссе қызы жақсымен сыйлас бол» деген ғибратты мақалдары осындайда еске түседі.

Анау жыңғылды тоғай арасында, дарияның қысқа тарауындағы қауымда жатқан анасы бейіті еске түседі. Перінің қызы Бекторы мен бөрі жортар қалың түлей жыныс. Елсіз тоғай. Нағашылары сиыр баққан кедей ауыл еді. Мұны өмірдің соқпағына бөрілерше тәрбеледі. Кейбір ит мінезділердің тайталасында осы мінезбен жеңіп шығып отырды. Қажет кезінде ымыраға келмес қаталдық та керек екен. Анасы құлпы тасында мұның бір ауыз дұғасындай өлең жолдары жазылған. Бұл қауым бір кезде 30-шы жылдары кеңес үкіметінің шолақ белсенділері өртеп жіберген аталары мешіті маңында елді мекен болғанын көрсетер еді. Қазір белгісі де жоқ мешіт айналасы темір қоршаумен қоршалып, тақтатас орнатылған. Ел жиналып ас берген. Орнынан күлге айналған діни кітаптар табылған.

Ал, әкесі, ата-бабасы дарияның екінші бетіндегі ауыл төбесінде жатыр. Ғажап. Өзін баққан анасы мен дүниеге әкелген, тапқан анасы қауымдары дарияның екі бетінде жатыр. Дарияның екі бетінде де бір елдің екі мешіті болған. Екеуі де заманында бір кепті құшып, құдайсыздар қолымен қиратылған. Тапқан анасы өзін өз ата-анасы қасына жерлеуді аманаттаған. Екі дүние, екі әлемдей. Бұлар арасы мәңгі қосылмайтындай. Тапқан анасы мақсат-арманы, аманаты бұған түсініксіз. Баққан ана мен тапқан ана туралы үкімді Құран аяттарын қанша ақтарса да бұл таба алмады.  Ананың аты қашан да ана ғой. «Егер ата-ана өзара келісіп, кеңесу арқылы баланы сүттен ажыратпақшы болса, олар күнә істеуші болмайды». «Бақара» (2)-23 аят. Екі анасы да бұған жамандық тілемегені анық. Ұрпағын сүйген, тәрбиелеген аналары бақытты еді. Ол ардақты жандарына да екі дүниеде де пейіш бұйырар еді. Иә, жандары жәннәтта болсын! Біз тірілер өзіміз өзімізді, пейіл-ниетімізді түзеуіміз, оларды дұғамыздан тастамауымыз керек. Ұрпақ тәрбиесі ұлтқа қашанда керек.

...Қайырбек ертеңі атадан қалған құрығын сүйретіп қырға кетті. Аналары жатқан дарияны бетке алды. Аз ғана жылқысын, түйесін алдына салып ата кәсібіне біржолата бет бұрды.

 

Қанат Нұрмаханов Жанашұлы

Пікірлер