"Менің халқым менен де биік”

7562
Adyrna.kz Telegram

Астана төрінде халқымыздың біртуар перзенті, тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші ашылды. былтыр ескерткіш ашылды. Еңселі ескерткіштің академик есімімен аталатын көшенің бойына, "Қазақстан" спорт кешені алдына, ғылым мен білім ордасы — Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанына қойылуында символдық мән бар. Қазақ елін әлемге танытқан көрнекті ғалым ескерткішінің кешені пандемия салдарынан аяқталмай қалыпты. Сол игі жұмыстың орайлы біту сәті бүгін туды.

Қаныш Сәтбаевтың және оның тарихи тұлғасына биік баға берген Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин, Нұртас Оңдасынов, Евней Бөкетов, Өмірбек Жолдасбеков, Кәкімбек Салықов, Медеу Сәрсеке, Несіпбек Айтұлының сөзі жазылған гранит тастардың ашылу салтанаты болды.

Алқалы жиынға мемлекет, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Қ.Ерғалиев, Білім және ғылым министрі болған кезінде Қаныш Сәтбаевтың туған күнін "Ғылым күні" етіп бекіткен Б.Жұмағұлов бастаған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Астана қалалық мәслихатының хатшысы Е.Каналимов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов, Қаныш Сәтбаев ұрпағы, Астанадағы Қ.Сәтпаев атындағы № 61 орта мектептің оқушылары мен мұғалімдері, университетіміздің студенттері, оқытушы-профессорлары қатысты.

Алаш пен Қанышты бөліп қарай алмаймыз. Сәтбаевтар әулеті Алаш қозғалысын қолдаған, отызыншы жылдардағы қызыл қырғында қуғын-сүргін көрген. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның баласы Үгедеймен (Сергей) Қаныш Сәтбаев Қарсақбай кен орнын бірге ашқан. Халық жауының баласы деп Үгедей Әлиханұлы қазақ жерінен шеттетіліп, қуғын көріп, Сібірдегі Хакасия топырағында құсадан қайтыс болды. Зұлмат жылдары Қаныштың өзі де оққа ұшуы мүмкін еді. Қазақтың бағына ғұлама ғалым аман қалды. Атылып кеткен Алаш арыстарының аманатын абыроймен арқалады. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Молдағали Жолдыбайұлы, Мәннан Тұрғанбайұлы бастаған Алаш арыстары республика астанасы Орынборда 1924 жылы Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезін өткізген еді. Алмағайып заман орнамағанда, сол жиыннан кейін Қазақ елінде Ғылым ордасы ерте ашылар еді. Ғылыми жиынға қатысқан тұлғалардың барлығы дерлік репрессияға ұшырады. Алаш қайраткерлері тілеген Ғылым академиясы 1946 жылы құрылды. Оны ұйымдастырған Алаш боздақтарының көзін көрген, ізін жалғаған, аманатын арқалаған Қаныш Сәтбаев еді. Осылайша, ол — қазақ халқының тұңғыш академигі атанды. Жеке басқа табыну кезінде айдалып кеткен арыстар ақталып жатқан елуінші жылдардың соңында шығармаларын жарыққа шығаруға жәрдемін аямады. 1965 жылы Қошке Кемеңгерұлының "Алтын сақина" кітабының 10 мың данамен "Жазушы" баспасынан шығуына Қаныш Сәтбаев тапсырма берген екен. Оны бізге Қошкенің жары Гүлсім әжеміз айтып кетті. Әулеттік мұрағатта тарихи шындықты айғақтайтын құжаттар, хаттар сақталған.

Халықаралық Қ.Сәтбаев қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, химия ғылымдарының докторы, академик Алтынбек Нұхұлының бастамасымен және ұйымдастыруымен жүзеге асқан бүгінгі игілікті шарада алаштанушы әріптес ағамыз, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Сағымбай Жұмағұл екеуіміз Қаныш Сәтбаев төсбелгісімен марапатталдық. Алаштану саласында атқарып жатқан азды-көпті еңбегімізді елеген Алтынбек Нұхұлына алғыс айтамыз. Қаныш аталарымыздың елге риясыз қызмет істеген тағылымды жолы саналы ұрпақ бойында жалғаса берсін.

Қайырбек Кемеңгер

Пікірлер