Қазақстанға келген қашқындарға ешкім риза емес, олар біздің жерде уақытша ғана жүр - Арман Шораев

2100
Adyrna.kz Telegram

Қоғам белсендісі, журналист Арман Шораев Украинаның "Freedom UA" телеарнасында  Қазақстанға қашқындардың көптеп келуіне байланысты сұхбат беріп, пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

"Өкінішке қарай, Қазақстанның Ресеймен шекарасы әлемдегі ең ұзын шекара саналады. Баршаңызға белгілі, Ресейде қазақ жерін өздеріне тиесілі санайтын азаматтар бар. Біздің жерге көз тігіп, оны өздерінің тарихи отаны санайды. Украинадан кейін Қазақстанға басып кіреміз дегенді айтады. Егер, шынымен де, 3 күнде Киевті, 7 күнде Украинаны басып алса, келесіде біздің Солтүстік Қазақстанға бағыт бұратын еді. Алайда, жүрек жұтқан Украина сарбаздарының арқасында біздің аспанымыз ашық", - деді Шораев.

"Қазақстанға келген ресейліктер өздерінің империялық жалаң көзқарастарын таныта бастады ма?" деген журналистің сауалына Арман Шораев:

" Әзірге ондай ештеңе байқалған жоқ. Бірақ Ресейден келгендердің сүйікті ісі спирттік өнімдерді ішу екендігі белгілі. Олар спирттік өнімдерді дүкеннен алады да, ел-жұрттың көзінше ішіп отыра береді. Бұл біздің қоғамға жат.  Біздің бір блогер оларға "Қырым кімге тиесілі?" деген сауал қойды. Олар бұлғақтап, түлкібұлаңға салып, Қырым, Донбас, Луганск дегендер Донбас, Луганск республикаларына тиесілі деп жауап беріп жатты. Осылай үн-түнсіз сепаратистік қадамдарды қолдайтыны көрініп қалып жатыр. Қазіргі Қазақстан 2013 жылғы Украина секілді. Басшылықта да, әскерилердің арасында да сепаратистер көп. Әсіресе, солтүстік және шығыс Қазақстанда славян тұрғындары жетіп артылады", - деді қоғамдық белсенді.

Бағдарлама барысында Арман Шораев Ресейден ағылған қашқындарға қатысты өз пікірін айтты.

"Менің қашқындарға ешқандай жаным ашымайды. Бұған Путиннің фашитік режимін қолдаған ресейліктердің барлығы кінәлі. Үнсіз қалғандар да әскерде жазықсыз өліп, қырылғандардың қанын арқалайды. Біз оларға барлық жерде "Сендер бұл жерде уақытша жүрсіңдер! Сендерге украиналықтардың риза емес болғаны секілді қазақтың жерінде де ешкім риза емес" деп айтып жатырмыз, - деп жауап берді.

Өзінің принципшілдігі және нық ұстанымымен қоғамдық пікір жетекшісіне айналған Арман Шораев сөз соңында Ресейдің бұл қарқынмен кете беретін болса, ішінен іріп, түбі құлдырайтынын атап өтті.

"Адырна" ұлттық порталы  

 

Пікірлер