"Депутаттарымыздың айтуы бойынша біз Кедендік одақтың мүшесі болғандықтан шекараны жаба алмайды екенбіз. Ал енді болашақ күніміз не болмақ? Бұған тез арада бір шара қолдану керек". Бұл пікірді белгілі әнші Нұрлан Албан өзінің инстаграм парақшасында хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
"Көршіңнен лаң шықса, өзіңнен маза кетеді. Мұндағы айтпағым не? Кешегі Ресейде жарияланған мобилизация жайында. Мен сардарлы саясаткер емеспін. Бірақ та, мимен ұғып, жүрекпен сезгеннен кейін әлеуметтік желілерден алған ақпараттар бойынша мазамның кетіп отырғаны анық. Мұның соңы не болады? Дереккөздерге сүйенсек, осының алдында ғана Ресей азаматтарының біздің Қазақ жеріне келген саны жарты миллионға жуықтаған. Ал мобилизациядан кейін Ресей азаматтарының Қазақстанға үдере көшетіні сөзсіз. Депутаттарымыздың айтуы бойынша біз шекараны жаба алмайды екенбіз. Себебі, біз Кедендік одақтың мүшесі болғандықтан бізге шекараны жаба алмайды. Ал енді болашақ күніміз не болмақ? Онсыз да қымбатшылық қысып жатқанда әзер жүрген кейбір қазақ отбасылары... Одан қала берді орта қолды өмір сүріп жатқан 90 пайыз қазақтардың күні не болады? Балаларымыздың болашағы не болады? Бұған тез арада бір шара қолдану керек деп ойлаймын. Мұны мен емес шешетін... Жоғарыда Үкімет басында отырған ат үстіндегі азаматтар! Министрлер кабинеті! Депутаттар! Тез арада бір мәмлеге келеді деген сенімдемін. Өйткені, біздің елге тыныштық керек! Ұйып отырған тыныштығымызды Алла көп көрмесін деп тілейміз... Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын! Мен балаларымның болашағына, өзіміздің еліміздің болашағына алаңдаулымын...", - дейді Нұрлан Албан.
"Адырна" ұлттық порталы