«Nur-Er» ат спорты туристік орталығы ашылды

1803
Adyrna.kz Telegram

Оралда «Қала күніне» орай «Nur-Er» ат спорты туристік орталығы ашылды.
Зашаған кентіне қарасты Жақсы ауыл ауданында орналасқан кешенде жабық манеж және кафе орналасқан, аумағы екі мың шаршы метрді құрайды.

– Халқымыз ежелден жылқыны ерекше қастерлеген. Оның болмысындағы барша қасиетін жақсы танып, зерделеді. Бұл орталық өңірде ат спортын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Атқа мінген қазақ балаларының денсаулығы мықты, шымыр болары сөзсіз, – деді нысанның ашылуына арнайы қатысқан қала әкімі Миржан Сатқанов.

Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Арту шерғалиевтың айтуынша, шаһар балаларының бұдан былай осы жерде ұлттық спортпен айналысуына толық жағдай жасалған. Жасөспірімдерді ұлттық ат спортына баулу, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға жағдай жасау, спорт резервін және жоғары дәрежелі спортшыларды даярлау мақсат тұтқан орталықта ұлттық спорттың аударыспақ, көкпар, жамбы ату, теңге ілу түрлерінен жаттығу жұмыстары жүргізіледі.

Ат спорты орталығының құрылтайшысы Нұрболат Исмағұлов келер жылы қонақ үй кешененін салуды жоспарлап отырғанын жасырмады.

– Әзірге мейрамхана жұмысын бастады. Қыста тұрғындар шаңғы теуіп, қарда жүретін көліктермен серуендей алады. Мұнда ерекше балаларға арналған иппотерапия сағаттарын өткізу,тұрғындарға атпен серуендеуге мүмкіндік бар, – дейді ол.

Мұндағы үйірмеге 9-16 жас аралығындары ұл-қыздар қабылданады. Аталмыш үйірмеде 100 жасөспірімге жаттығуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, 16-17 қыркүйек күндері «Қала күні» орай аталмыш кентте «Дала қызықтары» ұйымдастырылып, көкпар мен теңге ілуден жарыс өтті. Киіз үйлер байқауы мен облыс аудандарынан келген әртістердің концерті көпшілік назарына ұсынылды. Жеңімпаздарды шаһар басшысы марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті.

Пікірлер