Қырғызстан әскери өкілі Союзбек Сатаров қырғыз-тәжік арасындағы әскери қақтығыста бейқамдық танытқан қырғыз азаматтарының рухын жону үшін Кенесарын басын алған қырғыз жігіттерін сөз етпек болды. Жауынгер қырғыз халқының азаматтарына бейнеүндеу арқылы ықпал етпек болған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Сонымен қатар, қырғыз әскерінің өкілі әлеуметтік желіде әскерилерге сын айтқан қырғыз халқына ренішін білдіреді. Сөз арасында «Кешегі бойында бар (екіқабат) әйелдердің ішін жарған қазақтың Кенесарысының басын алған қырғыз жігіттері емес пе еді...?» дегенді екі қайталайды.
Тарихи деректі бұрмалап сөйлеп, әскерінің әлсіз екенін мойындаудан қашып, екі ел арасына сына қақпақ болды деп жауынгерді кінәлап жатқандар да бар. Фейсбук қолданушысы Төртуыл Шақан бұған қатысты:
"Біздер «Қазақ пен Қырғыз біртуған..» деп айтып жүрміз! Айта да берерміз!
Бірақ, аңғалдығынан ажал құшқан Кенесарыны «екіқабат әйелдердің ішін жарған—Кенесары» атандырып отырамыз ба?
Хан Кенесарыны бүгін «жоқтау» керек болса—шекараны жабайық онда! Қырғыз жеріндегі бизнесті қайтарайық!
Арзан газ бен мұнай өнімі— жанар-жағар май беруді доғарайық!
Ыстық көлге ешкім бармасын! Сосын не болмақ?
Қырғыз әскерилерінің өз халқына айтар өкпесі бар болса —қазақты араластырмай— тарихты бұрмаламай айтсын.
Басқа сөзінде біздің шаруамыз жоқ.
Билігі шекарасын шегендеп алмағанына Қазақ кінәлі емес!
Қалай болғанда да, Қазақ пен Қырғыз халқы арасына от сала оттағанды қойғызу керек!" - деп пікір білдірді.
Қырғыз әскери өкілінің Хан Кененің өліміне қатысты пікірі тарихи деректермен еш үйлеспейді. Тарихи әдебиеттерде Кенесары ханның өліміне қатысты төмендегідей мағлұмат беріледі.
Кенесары ұсталып және тұтқында үш айдай болған, өйткені қырғыздар онымен не істейтінін білмеген. Содан оны өлтіру туралы шешім қабылданды. Көз жұмбас бұрын Кенесары намаз оқуға рұқсат сұраған. Басынан айырылды. Оның басын қырғыз манабы Ормон балауыз мөрімен жазылған хатпенен Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Горчаковқа сыйлап,қырғыздардың Ресей империясына деген адалдығын көрсеткісі келді.
"Адырна" ұлттық порталы