Халықтан шағым көп түседі — Әлихан Смайылов

3206
Adyrna.kz Telegram

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық жоба аясында ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр Ұлттық жобаны іске асыру IT-саладағы Жалпы ішкі өнімнің үлесін 5%-ға дейін ұлғайтып, қолданбалы ғылыми зерттеулерді қаржыландыруда жеке сектордың үлесін кемінде 50%-ға арттыруы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар оның аясында азаматтарға әлеуметтік қолдау алуды жеңілдетуге мүмкіндік беретін жобалар пулы іске асырылып жатыр.

«Жақында пилоттық негізде іске қосылған «Отбасының цифрлық картасы» жобасы осы тәсілдердің бірі болып табылады. Бұл жоба атаулы әлеуметтік көмек алуға мұқтаждық тууы мүмкін 480 мыңнан астам отбасын және зейнетақы төлемдері мен жәрдемақы алып отырған 100 мыңға жуық азаматты қамтуға мүмкіндік берді. Жобаны биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, «Әлеуметтік әмиян» жүйесін іске қосу және инвесторларға нақты уақыт режимінде минералдық ресурстардың деректер банкіне еркін қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Kaznedra» платформасын енгізу жоспарланып отыр.

Премьер-Министр Үкімет алдында ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі мен экономиканың түрлі секторларында қолданылуын арттыру сияқты маңызды міндет тұрғанын атап өтті.

Осы орайда Әлихан Смайылов соңғы жылдары ғылым туралы заңнамаға біршама өзгерістер енгізілгенін және оны қаржыландыру 2 есеге жуық өскенін айтты.

«Бізге жұмсалған қаражаттың тиімді қайтарымы қажет. Отандық индустрия, ғылыми қоғамдастық, университеттер мен бизнес барынша өзара тығыз байланыс орнатуы қажет. Ғылыми жетістіктер өндіріске енгізіліп, халыққа нақты пайда әкелуі тиіс. Ғылым министрлігі бұған ерекше назар аударуы керек», — деді Әлихан Смайылов.

Бұл ретте Премьер-Министр бірқатар бағыттар бойынша бұрын белгіленген жоспарлар мен кейбір көрсеткіштердің орындалмай қалғанын атап өтті. Пациенттердің денсаулық жағдайын үздіксіз бақылау және проактивті медициналық қызмет көрсету үшін eHealth бірыңғай экожүйесін әзірлеу жұмыстары уақытылы жүргізілген жоқ. Сонымен қатар «Цифрлық агрокәсіпорын» және «Цифрлық карьер» жобаларын іске асыру барысында да сұрақтар бар. Жер мен жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастрын автоматтандыру және орталықтандыру рәсімі аяқталған жоқ.

«Жалпы, интернет-қызметтердің сапасына сұрақтар бар. Алыстағы елді мекендерді айтпағанда, біздің ірі қалаларымызда Интернет байланыстың сапасы барлық жерде бірдей жақсы емес. Халықтан түсіп жатқан шағым көп. Егер Интернет байланыс жақсы болмаса цифрлық платформалардың және ақпараттық жүйелердің пайдасы жоқ. Цифрлық даму министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстау керек», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол цифрландыру саласындағы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың жұмысын үйлестіруді күшейту қажет екенін айтты.

Сөз соңында Әлихан Смайылов ақпараттық жүйелердің істен шығуын азайтатын жүйелі шаралар қабылдауды, биылғы жылдың соңына дейін «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» жобаларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін «Kaznedra» платформасын іске қосуды тапсырды.

Пікірлер