Алматы облысы Талғар ауданындағы қоқыс үйіндісіне шыққан иіске тұрғындар шағымдануда, деп хабарлайды " Адырна" тілшісі.
Жергілікті халық иісін былай қойғанда, елді мекенде егеуқұйрықтардың қатап кеткенін айтып әлек. Ал, полигон иесі бизнесі үшін алаңдауда.
Полигон ауылдан шамамен жүз метрдей жерде орналасқан. Қоқыстың иісі бүкіл ауылға жайылып, тұрғындар терезе аша алмайтын жағдайға жеткен. Иіс өз алдына ауылды егеуқұйрықтар жайлай бастағандықтан тұрғындар полигонды жабуды немесе орнын басқа жерге ауыстыруды талап етуде.
“Қоқыс алаңы үйімізден жүз-ақ метр жерде орналасқан. Оған жиналған жәндіктер, құстар мен егеуқұйрықтар түрлі инфекция таратады. Қалдықтар сіңген жерден біз су ішіп отырмыз. Қазір сырқаттанған балалар мен қариялар көп. Ал бұл полигонға қарап жатқан ешкім жоқ. Жиналмай шашылып жатыр",- деді Талғар ауданының тұрғыны Жанна Ким.
Жоспар бойынша бұл жерде қоқыс алаңы емес, керісінше қоқысты өңдейтін зауыт салынуы қажет болған. Бірақ сол күйі құрылыс басталмаған екен. Салдарынан кәсіпкер әкімдік бөліп берген жерге қоқыс төгуге кіріскен. Экологтар қазір полигонның 1 гектардан астам жерді алып жатқанын айтты.
“Зерттеудің нәтижесі бойынша ауаның экологиялық та, санитарлық та талаптарға сай емес екені анықталды. Ауадағы мыс пен мырыш 8-8,5 пайызға артық. Әрі полигон қоршалмаған. Жер асты суларының ластану деңгейін бақылайтын арнайы құрылғылар да орнатылмапты. Мұның бәрі елдің денсаулығына зиян”,- деді Талғар ауданы бойынша экологиялық кеңестің төрағасы Мирас Байсейітов.