Биліктегі "паразиттерді" құртып, таза адамдарды әкелу керек! - Еділ Жаңбыршин

6639

"Биліктің барлық тармағына жаңа, таза адамдарды әкелу қажет. Тек мемлекет мүддесін ойлайтын. Ондай азаматтар 19 млн халық ішінен табылады. Екінші. "Паризиттерді" құрту керек, әйтпесе қоғамда үлкен "эпидемия" болады". Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин өзінің фейсбук парақшасында қалдырды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

"Елдің көңілі референдумға дейінгідей емес. Жабырқау... Күткен жаңалықтың, көңілден шықпағаны көрініп тұр. Шарықтап кеткен баға, титықтатқан жұмыссыздық, теңіздің қасында отырып, ауыз суға жарымау, айта берсең проблема шаш етектен. Құрылыс жұмыстарына қаржы жетіспейді, жобалық-сметалық құжаттар түгелге жуық корректировкадан өтуі керек. Оған да қаржы жетіспей жатыр дейді құрылысшылар. Арты не болмақ? Мектептегі сағат қысқартудан босаған мұғалімдер мәселесі тағы бар. Жанар-жағар май дефициті. Біз мұнай мен газдың үстінде отырған елміз, үш мұнай өңдеу зауытымыз бар. Бұл қалай сонда?! Қант тапшылығы неше ай болды әлі реттелген жоқ, реттелетін түрі де көрінбейді. Осыларды жүйелі шешуге бағытталған жобалар да көрінбейді. Бұл біреуді кінәлау емес, халықтың айтып отырған назы мен сыны",- дейді Еділ Жаңбыршин.

Депутаттың айтуынша, қазір ел қатты қиналып отыр.

"Жағдай "ескі Қазақстаннанда" жаман болып кетті деп, айтып отырғандар бар. Менің ойым айтады: 1. Ескі жүйеде жұмыс жасап қалған шенеуніктер, жаңа жағдайға бейімделе алмай, жаңаша жұмыс жасай алмай отыр. Ескі "Жигули" қанша әдемілесеңде "Тойота" бола алмайды. Қанша рет айттық, жаңа кадрлар керек деп. Бәрін жасайтын адам, 8 айда ештеңе жасай алмаған Үкімет, енді бірдеңе қатыра қояды дегенге өз басым сенбеймін. Ренжімесін жігіттер. 2. Әлі күнге шейін экономиканы "жаулап" алған олигархтар кетпеген. Сол баяғы "өркеш майды" сору жүріп жатыр. Бір схемадан, екінші схемаға ауысып. Әйтпесе күні кеше тым жақсы сатылып тұрған дизель отыны мен бензин неге жоқ? Сол баяғы тарифтер, сол баяғы "откаттар", сол баяғы жемқорлық, сол баяғы әуе билеттерінің қымбатшылығы және т.с.с. 3. Саботаж. Ескі кадрлар мен экономикаға кіріп алған "паразиттердің" ойы мемлекет басшысының халық алдында беделін түсіріп, тақтан тайдыру. Алдағы уақытта олар өздерінің қуаттары мен ресурстары күйреп, халықтың әл-ауқаты артатынын біледі. Шамалары келгенше қарсыласуда. Қарсылық барлық салада және деңгейде жүріп жатыр! Не істеу керек? Биліктің барлық тармағына жаңа, таза адамдарды әкелу қажет. Тек мемлекет мүддесін ойлайтын. Ондай азаматтар 19 млн халық ішінен табылады. Екінші. "Паризиттерді" құрту керек, әйтпесе қоғамда үлкен "эпидемия" болады. Үшінші. Мұны тез жасау керек. Жаңа жылға дейін. Шыдамның да шегі бар екенін ұмытпаған жөн!", - дейді депутат.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket