“27 жеңімпазға 4,7 млн теңге”: Аймағамбетов жүлдегерлерді марапаттады

2416
Adyrna.kz Telegram

Халықаралық олимпиадалардың жүлдегер оқушыларын салтанатты түрде марапатталды. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Биыл дарынды балаларымыз 27 медаль жеңіп алып, өткен жылдардағы рекордтарын жаңартты.

Биыл құттықтаудың өзі де балалар, олардың ата-аналары және мұғалімдер үшін ерекше қуанышты болды.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында 27 жеңімпазға 4,7 млн теңгеге дейінгі сертификаттар табыстадық. Бұл Президенттің дарынды балаларды ынталандыру жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырмасынан кейін мүмкін болды. Сондай-ақ оқушылар ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық ЖОО-да оқуға гранттар алды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады”, деп жазды министр.

Министрдің айтуынша, биыл тізімге 7 халықаралық олимпиада кірсе, келесі жылы ол тағы 7 беделді халықаралық олимпиадамен толығады.

Сондай-ақ жүлделі орын алған оқушыларды дайындаған ұстаздар да біржолғы ақшалай төлем алады. Дарынды балалардың ата-аналарына да алғыс хаттар табыстадым.

“Ел Президентінің және мемлекеттің тікелей қолдауы басқа да оқушыларымыздың олимпиадаға қызығушылығын арттыратынына сенімім мол.

Халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғаған барлық жеңімпазға тағы да алғыс айтамын.

Бойларыңыздағы табандылық, қажырлы еңбек, білімге деген құштарлық қасиеттеріңіз сіздерді жаңа жеңіс пен табысқа жетелей берсін!”, - деді Аймағамбетов.

”Адырна” ұлттық порталы 

Пікірлер