«SHEKSIZ»: Аймаққа заманауи өнер мектебі қажет

2089
Adyrna.kz Telegram

Бұл – республика бойынша бірегей, ал Павлодар облысында алғаш ұйымдастырылған «SHEKSIZ» атты заманауи өнер фестиваліне қатысқан жастардың сұрауы. Жоба РЭП, бит-бокс, Hip-Hop, DJ-лік сияқты бірқатар өнер түрлерін серік еткен жастарға шығармашылығын дамытуға мүмкіндік тудырып қана қоймай, салаға қатысты мәселелерді анықтауға да жол ашты.

Павлодар облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен бұрын-соңды болмаған «Sheksiz» атты заманауи өнер фестивалі ұйымдастырылды. Шара Ақсу қаласында жергілікті әкімдіктің қолдауымен өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл да тектен-тек емес. Ақсу Қазақстан тарихында алғаш Грэмми сыйлығын жеңіп алған, әлемге әйгілі Иманбектің туып, өскен мекені.

«Жалпы «Ертіс-Баян өңірі – заманауи өнердің орталығыдесек, артық айтқандық емес. Аймағымызда әлемге әйгілі DJ Иманбек, Скриптонит, Трувер сияқты өнер иелері дүниеге келген. Сондықтан болса керек, жастар қауымының бұл бағыттарға деген қызығушылығы зор. Тек, өкінішке қарай, көп жағдайда назардан тыс қалып қоя береді. Осы олқылықтың орынын толтыру мақсатында «Sheksiz»фестивалін ұйымдастыруды қолға алдық. Шараға 300-ден астам қатысушы тіркелді», - дейді облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы басшысының міндетін атқарушы Замира Солтанова.


«Sheksiz» фестивалінің басты мақсаты –
өңірде өнердің заманауи бағыттарын дамыту, жаңа таланттарды анықтау, өнердің түрлі жанрында шығармашылық жолын жаңадан бастаған жастарды қолдау, аймағымыздың тумалары болып табылатын танымал әртıстер мен жас буын өнерпаздардың арасында байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау, заманауи өнердің бүгінгі күнгі әлеуметтік проблемаларын шешудегі үлесін айқындау.

Жоба заманауи өнер саласының этно-фьюжн, хип-хоп (рэп өнері), DJ, заманауи би, битбокс, граффити, мобилография,скейтборд сияқты негıзгі 8 бағытты қамтыды.

Ақсу қаласының Мемлекеттік рәміздер саябағында бір негізгі және  жанрлар бойынша 5 шағын сахна орнатылады. Іс-шара бағдарламасына жоғарыда аталған жанрлар бойынша кәсіби мамандардың шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Заманауи өнердің қазіргі қоғам мәселелеріне әсері» тақырыбында «Ойталқы» өткізілді. Оның барысында жобаға қатысушы шығармашыл жастар Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова бастаған жауапты мемлекеттік органдардың басшыларымен жүздесіп, заманауи өнерді дамытудың мәселелерін талқыға салды. Жиын барысында жас өнерпаздар салаға қатысты ұсыныс, тілектерін айтты. Соның ішінде, Павлодар облысында заманауи өнер мектебін ашып, дамыту мәселесі сөз болды.


Фестиваль қатысушылары мұндай шаралардың жастар шығармашылығын дамытуда ауадай қажет екенін баса айтты.

«Бүгін біз үшін мереке. Облысымызда мұндай шаралар бұрын соңды болмаған еді. Өз қазанымызда өзіміз қайнап жүретінбіз. Заманауи өнерді серік еткен жастарға шығармашылығын шыңдап, дамытатын алаңдар жоқтың қасы. Сондықтан мұндай фестивальдің ұйымдастырылуы қуантады. Бұл бастамасы деп ойлаймын», - дейді жас рэпер Аман Тойлан.

Фестиваль ауқымды концертпен қорытындыланады. Ондаәр жанр бойынша үздік танылған жоба қатысушылары өнер көрсетті. Фестиваль қонақтары, яғни хэдлайнерлері «Канай»және «Калифарния» болды.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер