Бүгін - Шәмші Қалдаяқовтың туған күні

1925
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 15 тамыз – вальс патшасы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Тірі болса 92 жасқа келер еді.

Қазақ даласын әнмен тербеткен сазгер Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Оның әндері Қазақ елінің қай өңірінде де жиі айтылып, әнсүйер қауым арасына барынша кең тараған.

Бала кезінен бойындағы бар талантын алқалы жиын, аламан бәйгелерде көрсете білген сазгер 1950 жылдан бастап шығармашылықпен түбегейлі түрде шұғылданды.

Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген сөзінде Шәмші саздарынАқан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі «жыл келгендей жаңалық» сезіндіретін үздік құбылыс ретінде бағалағаны мәлім. Жұрт аузында «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атануының сыры да осы.

Сазгер әндері әсіресе, 1960-1970-ші жылдардағы жастардың аузында жүрді.  Жасты ғана емес, ересек, егде қауымның да, сан түрлі мамандық, алуан түрлі ұлыстың да көңілін баурап алды. Халық арасында әсіресе, күллі отаншылдық, елшілдік нотасын тап басқан «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша мәшһүр болды.

1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұрандай шырқап шықты. 2005 жылдан«Менің Қазақстаным» туындысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді.

Ш.Қалдаяқов ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соны леп ала келген сазгер ретінде көрінді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы.

40 жылдан астам шығармашылық қызметінде сазгер 300-ге жуық музыкалық туынды жазды. Композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алды. Ал, 1991 жылы оған Қазақстан Республикасының Халық әртісі құрметті атағы берілді.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер