Қазанғап халықтың тарихын күймен қашаған

6234
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Қазақтың рухани әлеміндегі шоқтығы биік өнер саласы – күй туралы зерттеу еңбектерін аз деуге де, көп деуге де болмас. Қазақ өнертануының атасы, белгілі академик – Ахмет Қуанұлы Жұбановтың  «Құрманғазы», «Дәулеткерей», «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» секілді шығармаларынан бастап, бүгінгі сүбелі туынды Ақселеу Сейдімбековтың «Қазақтың күй өнері» атты күйлер жинағына дейінгі аралықта талай еңбектердің жарық көргені  рас. Алайда, әр зерттеудің өзіндік ерекшелігі бар. Бір кітапта тарихи шолу басым болса, біреуінде өмірбаяндық деректер молырақ, енді бір автор тақырыптық талдау жағына мән берген. Мұның бәрін ізденістің нәтижесі деп қараған жөн. Ұлттық өнертану ғылымы осылай бірте-бірте жүйеге түседі. Бабаларымыздың асыл  мұрасын дәріптеу, жаңа тұрғыда зерттеу – бүгінгі таңдағы кезек күттірмес мәселердің бірі.

Сөзбасы

Кешегі сарытап кезеңде өнер мен мәдениетке бір жақты ғана мән беріліп, бұларды идеология, саясат құралына айналдыру мақсаты болғаны мәлім. Ол уақытта идеологияға қарсы келмеген шығармаларға ғана жол ашылған-ды. Мақаламызда айтайын деп отырған Қазанғап Тілепбергенұлы күйлері ол заманда неге көзге ілініп, дәріптелмеді деген сауалдың астарында осындай мән-мағына жатыр. Қазанғап мұралары XIX ғасырдағы қазақ ұлты бастан кешкен, отарлық пиғылдың қолынан жасалған аштық, қуғын-сүргін секілді орасан зор қасіретті бейнелейді.

Күйші шығармалары байыпты, терең зерттеуді қажет етеді. Ол туралы жеңіл-желпі пікір айту қиянат. Сондықтан баба мұралары сырларына терең  бойлау үшін ыждағатты түрде тер төгу ләзім және бұл іс үлкен жүректі керек ететінін есте ұстаған жөн. Егер бұлай етпеген жағдайда, даңқты күйші мұрасын қайта жоғалтамыз.

Өнер саласында соңғы 15-20 жылдың көлемінде Қазанғап Тілепбергенұлының күйшілік мұрасына деген қызығушылық арта түсуде. Оның негізгі себебі – Қазанғап күйлерінің сұлу сазға, мұң мен философияға толы терең мазмұнда жатқаны даусыз. Оның қай күйін алып қарасаңыз да, әр күйінен жеке адамның емес, бүкіл елдің жан күйзелісі, қайғы-қасіреті, бастан кешкен тарихы сезіліп тұрады. Жеке тағдырдан басталған леймотивтің халықтық, жалпы адамзаттық құбылысқа айналуы хас таланттың құдіретінен туатын нәрсе.

Солай десек те, Қазанғап Тілепбергенұлы күйлерінің жұртшылыққа кеңінен танылып, ұлттық ықыласқа көтерілуіне себепші болғандардың бірі де бірегейі белгілі домбырашы марқұм Сәдуақас Балмағамбетов екенін мойындаған жөн. Сәдуақас Балмағамбетов Қазанғап күйлерін қайта сөйлеткен, оның орындалу тәсілін жаңа сатыға көтерген ойлы да шебер ұлы күйші. Ол өзінің бүкіл ғұмырын Қазанғап күйлерін зерттеп, зерделеуге арнап, ел аралап жүріп, оның көптеген күйлерін тауып, халық алдында ойнап жарыққа шығарды.

Қазақтың күйлері кезінде нотаға түспеген, белгілі орындаушылардың жеткізуі арқылы тараған. Әр домбырашының орындаушылық ерекшелігіне, шеберлігіне, күйді түсінуіне байланысты күйлердің әртүрлі нұсқалары пайда болған. Сондықтан күй тарихын күйшілердің орындаушылық ерекшелігімен байланыстыра отырып, зерттеу – оң құбылыс. Мәселен, «Күй шақырғыш Ақжелеңнің» алғаш нотаға түскен нұсқасы мен Бақыт Басығараевтың орындауындағы күйдің нұсқасын салыстырсаңыз, екеуі екі бөлек күй секілді көрінуі мүмкін. Бірақ мұқият тыңдасаңыз, екеуінде ортақ әуендердің  бар екенін аңғару қиын емес.

Бір күйдің бірнеше нұсқасын естіп, салыстыру арқылы түпнұсқаны көзге елестетуге болады.

«Жұртта қалған» күйінің шығарылуы жайында әр түрлі екіаңыздың, «Көкіл» туралы үш аңыздың, «Бұраң бел Ақжелең» туралы төрт аңыздың берілуі күй тарихын байытпаса, кемітіп отырған жоқ.

Қандай болса да, қиындық, тосқауылға қарамай Қазанғап күйлерінің ұлт санасынан жоғалмай келе жатқаны баба мұраларының өміршеңдігін көрсетті. Оның сыры күйшінің ұлт тарихын шынайы шеберлікпен жеткізіп толғауына байланысты.

Күйшінің өнерін келешекке шәкірттері жеткізген

Қазанғап Тілепбергенұлы 1854-1921 жылдар аралығында Арал теңізінің бойындағы Құланды түбегінің Ақбауыр деген жерінде дүниеге келген. Дегенмен, күйші туралы деректер бізге басқа күйшілерге қарағанда кештеу жетті. Оның бірден-бір себебі – 1934 жылы өткен өнерпаздардың бірінші республикалық слетіне Қазанғап күйлерін орындаушылардың көбісі әртүрлі себептермен келмей қалды. Бұл өнер ордасының шақыруына үн қосып келген Қазанғаптың шәкірті Жәлекеш Айпақов қана болды.

Қазанғаптың күйшілік мектебі соңынан ерген шәкірттері арқылы дамып, өз жалғасын тауып келеді. Оның күйлері ойнауға өте қиын болғанымен, өміршеңдігінің арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, күйшілік мұрамыздың алтын қазынасына айналып отыр.

Қазанғаптың күйлерін оның шәкірттері біздің заманымызға айна-қатесіз жеткізді деуге әбден негіз бар. Олардың қатарында Кадырәлі Ержанов, Жәлекеш Айпақов, Келбет Тілеулин, Құрманғазы Боқаев, Балмағамбет Сайымұлы, Шүрен Сартов, Нұрқат Қосуақұлы, Райымберген Жолекенов, Айса Шәріпов, Рүстембек Омаров, Медеубай Бақтыбергенұлы, Күнжан Сайымкеліні, Момын Байғанин, Мәмбетәлин Нәжімеддин, Қожагелді Аманов, Задаш Байдәулетов, Жұмабай Жансүгіров, Нұрболат Жанаманов, Ақаш Мұратов, Биман Кежетаев, Жұмалы Ембергенов, Боранбай Бердалыұлы, Мәжит Бейсембаев, Ізбасар Ілиясов, Мырзалы Төлеуұлы, бертін келе Сәдуақас Балмағамбетов, Бақыт Басығараев, Әбдулхамит Райымбергенов, Жайлау Асылханов, Талап Хамзин сынды орындаушыларды атап айту керек.

Өкінішке қарай, Қазанғаптың балаларының немесе туған-туыстарының ішінен өнерін жалғастырған ешкім болмады. Сөзіміздің дәлелі ретінде шалқарлық журналист Мұхамедқали Есмағамбетовтың «Домбырамен қоштасу» арқылы мақаласынан үзінді келтіре кетейік.

«Қазанғапты көкжөтел қысып, ауырып жүрген кезі. Дем ала алмай, тынысы тарылған ол: «Жалғас-ай, сүйеші мені, дәрменім құрып барады», - деп қарлыққан дауысымен ат байлап жатқан баласын шақырды.

Баласы: «Ұзақ жолға шыдай алмайтыныңды білесің, суықта төбенің басына шығып...» - деп дүңк етіп жауап берді. Баласынан көңілі қалған сәттерде осылай өзінен-өзі мұңға бататын. Жалғас баласы дүниеге келгенде қатты қуанған болатын. Бірақ Жалғастың мінезі дойыр болып өсті. Ең болмаса, әке жолын қуып, домбыра құлағын ұстаған жоқ.

Қазанғап: «Ей, Жасаған, қу ағашқа тіл бітіргізген дарынды тұқымымда маған беріп, жалғаннан өзіңмен бірге ала кетесің бе? Тумаса да туғанымдай болған Қадырәлім, сен аман бол! Сенің саусақтарың менің үнімді кейінгіге жеткізеді, сенен басқа кімім бар менің?! Ей, дүние, өтесің де кетесің!» - депті».

Сонымен бірге ел аузындағы мына бір әңгімеде былайша баяндалады: «Қазанғап шәкірті Қадырәлі екеуі Жем бойын аралап жүргенде, елдегілер күйшіден: «Біреуіңнің көзің – көк, біреуіңнің көзің – қара. Бірақ бір-біріңнен айнымайсыңдар. Мына бала туысың ба, әлде өз балаң ба?» деп сұрапты. Сонда Қазанғап: «Туыс дейтін туыс та емес, балам да емес. Бірақ күйге мұндай тәнті болған баланы бұрын-соңды көрген емен. Алла тағала менің жолымды осы балаға беретін шығар, баланың өзіме ұқсас болуы да, мүмкін содан шығар», - деп жауап беріпті».

Міне, осы әңгімелерден байқағанымыздай, Қазанғаптың өнерпаздық қасиеті, өз кіндігінен өрбіген ұрпағына дарымаса да, өнер жолын қуған шәкірттеріне мирас болды.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, соңында қалған он саусағынан өнер тамған шәкірттері оның күйлерін кейінгі ұрпақ игілігіне, рухани мұрамызға айналдырды. Тыңдаушысы бар халықта қастерлі күйдің шырақ-жұлдызының сөнбесі анық.

Қазанғап дәстүрінің танылуына белгілі күйші, марқұм Сәдуақас Балмағамбетовтың де өлшеусіз үлес қосқаны ақиқат. Ол қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында, қас-қағым алмағайып өмір жолында ұлы философ-күйші, дарынды әрі асқан шебер домбырашы, дана Қазанғаптың күйлеріндегі тұнып тұрған құпия сырды жан-жақты зерттеп, зерделеді.

Көрнекті ғалым Бекежан Сүлейменов Сәдуақастың өнеріне мынадай баға берген: «Сәдуақас асқан шебер домбырашы ғой. Қазанғаптың күйлерін ойнағанда, батыстың әуеніне еліктеушілік әсері бар. Күйдің өзіндік қаз-қалпын өзгерту байқалады». Мұны шынайы жанашырлыққа саяр сын ескертпесі білген жөн.  

Ал, Сәдуақастың досы Әлібай Дүйсенов: «Сәдуақас менен бұрын өлсе, оның саусағын жерге бермей, кесіп алып, үйімнің қақ төріме іліп қоямын», - деп саусақтағы ерекше қимыл мен икемділікке, сезгіштік пен дәлдікке таң қалысын жасырмай айтып отыратын-ды. Осындай талант иесіне айрықша баға берген Әлібай, өзінің  дегеніне жете алмай өмірден ерте өтіп кетті.  

 Міне, қайсар күйші Сәдуақас, осылайша ерекшеленіп, тірі Қазанғап атанды. Ол бір \туар философ-күйші Қазанғаптың терең мәнді күйлерін он жылдан астам уақыт бойы жан-жақты зерттеп, қайталанбас күйдің қасиетін сомдап, тірілтті. Сол себептен де күйші ұстаз Сәдуақас Балмағамбетовтің қазақ музыка өнеріне сіңірген еңбегі ерекше деуіміз керек.

Ақжелеңнің ақтаңгері

Қазақ халқының музыка өнерiнiң ең бай саласының бiрi – күй өнері. Кезiнде белгiлi академик Ахмет Жұбанов қазақтың белгiлi күйшiлерi жайында өзiнiң «Ғасырлар пернесi» атты жинағында Қазанғап Тiлепбергенұлының өмiр жолына тоқталып, күйшi жайында мәлiметтер берген. Сонымен қатар Қазанғаптың бiрнеше күйiн нотаға түсiрiп, қалың бұқараға жария етеді. Қазанғапты халыққа таныстыру жұмыстарында Ахмет Жұбановтың еңбегi зор.

Қазанғап Тiлепбергенұлы 1854-1921 жылдар аралығында Ақтөбе облысының Шалқар ауданында, қазiргi Айшуақ кеңшарының Құланды деген жерiнде дүниеге келген. Ол – «Ақжелең» деп аталатын күйлердiң негiзiн салушылардың бiрi әрi дамытушы.

Ақжелең дегенiмiздiң өзi – шат көңiлдi, ойнақы тартылатын күйлер. Қазанғаптың басқа күйлерiн былай қойғанда, бiр тақырыпқа арнап – Ақжелеңнiң 62 түрiн шығарған. Әр күйдiң атына сәйкес штрихтарын (қағыстарын), өлшемдерiн өзгертiп, дамытады. Өзiнiң стильдiк ерекшелiгiн осы күйлерiнiң өн бойында сақтап отырады. Қазанғап күйлерiнiң тағы бiр ерекшелiгi, ол күйлер программалы.

Қазанғап Тiлепбергенұлына қатысты деректер мен мағлұматтар жинау мақсатында күйшiнiң туған жерiне, яғни Ақтөбе өңiрiне, оның iшiнде Шалқар кеңшарына, күйшiнiң туған ауылы Айшуақ аймағына бiрнеше рет этнографиялық экспедициялар жасаған болатынбыз. Осы сапарларымыздың барысында күйшi жайында тың деректердi жинақтап, оларды үнтаспаларға, бейнетаспаларға барынша жазып алуға тырыстық.

Қазанғаптың есімдері халыққа беймағлұм бiрнеше шәкiртiн тауып, олармен кездесiп, Қазанғап Тілепбергенұлы жайындағы тың деректер мен мәлiметтердiң куәсi болдық. Сонымен қатар халыққа кеңiнен танылмай келе жатқан Қазанғаптың шәкiртi Шүрен Сартов пен жас күйшi Оразғали Көшiмов, жасы алпысты алқымдаған Задаш Байдәулетов, Нәжiмеддин Мәмбетәлин, өмiрден озып кеткен күйшi Тасыбай Махамбетов, Қазанғаптың 145 жылдық мерейтойында күйшiлер арасынан озып шыққан өнер иесі Қожагелдi Аманов жайында еш жерде жарияланбаған халық аузындағы тың деректер, олардың өмiрi мен, күйшiлiк ортасы жайында төмендегі мәлiметтерге куә болдық.

Сегіз қырлы Сәдуақас

Сәдуақас Балмағамбетовкүй өнерін, оның ішінде Ақтөбе өңірінің күйшілік мектебін жалғастырушы. Ұлы күйші Қазанғап шығармаларын түбегейлі  меңгерген, заманымыздың тірі Қазанғабына айналған азамат. Сәдуақас – домбыра, күй өнерінің хас шебері. Ол ең алдымен сол ықылым заманнан бері қос ішекке тіл бітірген күйші-домбырашылар мұрасын кейінгіге жетізіп, ұлттық дәстүрді жалғастырды. Сондықтан да киелі өнерді дамытушылар қатарынан ойып орын алды.

Сәдуақас Балмағамбетов 1941 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы 8-наурыз кеңшарының №11 ауылында, қазіргі Сарыбұлақ маңында дүниеге келген. Туып-өскен ауылы әнші-күйшілер мен өнер иелерінің шоғырланған ортасы десе де болады. Ол Батақтың Сарысының, Пұсырман жыраудың, өзге де атақты сал-серілердің жыр-толғауларын, ән-күйлерін бала күнінен құлағына сіңіріп, солардың өнеріне еліктеп өсті. Осындай бірегей дарындардың орындауларын көзімен көріп, тәлім-тәрбие алған Сәдуақастың өнер жолын таңдамауы мүмкін емес еді.

Оның бойына Қазанғап күйлері ана сүтімен дарыған. Олай дейтініміз, Сәдуақастың әкесі Балмағамбет Сайымұлы Қазанғаптың ең үздік шәкірттерінің бірі болған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, жас баланың күй өнеріне деген құштарлығының оянуына әкесінің септігі молынан тиді. Сонымен қатар оның бірыңғай домбырашылық жолға түсуіне туған нағашысы, сол елдің атақты күйшісі, Қазанғаптың белді шәкірттерінің бірі Матай Қуантайұлының да ықпал еткені анық. Бертін келе Қадырәлі Ержанов, Келбет Тілеулин, Жәлекеш Айпақов, Құрманғали Өмірзақов сынды күйшілерден шеберлігін толықтырады. Олар тек күй үйретіп қана қоймай, күй тартудың қыры мен сырын да танытты.

Сәдуақастың әкесі Балмағамбет Сайымұлы 1890 жылы Ақтөбе облысының Шалқар маңында, Ырғыз уезінің бұрынғы №11 ауылында, қазіргі Есет батыр елді мекенінде дүниеге келген. Ол ауыл-аймаққа сыйлы, адамгершілігі мол кісі болған деседі. Әкесі Сайым Балмағамбеттің жас күнінде көз жұмады. Қазанғап әке тәрбиесін көрмей өскен бала Балмағамбетті өз қамқорлығына алған екен. Оған әкелік ақылын айтып, мейірімін төгіп, жанынан тастамай ертіп жүреді. Өз күйлерін үйретіп, күйшілік өнерге баули бастайды. Ол кезде Балмағамбеттің жасы небәрі он екіде еді. Қазанғап үйреткен күйлерді қағып алатын Балмағамбет сол елге жасынан аты шығып, көпшіліктің алдында күй тарта бастайды.

Балмағамбеттің баласы Сәдуақас та әкесінен ерте айырылады. Ұлы Отан соғысы жылдарында ел қорғауға аттанған Балмағамбет майдан даласында қайтыс болады. Өнерпаздық қасиет әкеден балаға дарыған болар, Сәдуақас та үш-төрт жасында-ақ домбыра тартуға әуестенеді. Ал анасы Күнжан – домбыра тартпаса да, Қазанғаптың күйлерін жас кезінен ел ішіндегі домбырашылардан естіп өскен жан. Ол Қазанғаптың көзін көрген, оның тартқан күйлерін тыңдаған. Жолдасы Балмағамбеттің күйші достары мен қатар құрбыларының тартқан күйлерін естіп, домбыра үнін көкірегіне ұялата білген.

Анасының күйге деген құштарлығын Сәдуақастың мынау әңгімесінен аңғаруға болады: «Бірде үйге әкемнің достары қонаққа келіп, олар түннің ортасы ауғанға дейін күй тартты. Біраз уақыттан соң қонақтар үйді-үйіне қош айтысып тарай бастады. Осы мезетте мен манадан бері тыңдап отырған күйлерді анама тартып беруге кірістім. Ондағы ойым, осы менің анам күйді шынымен-ақ түсіне ме екен, әлде жай ғана басын изеп отыра бере ме екен? Осындай күдікпен бір күйдің бір буынын әдейі бұзып тарттым. Сол кезде анам Күнжан маған жалт қарап:

– Мына бөлімін дұрыс ойнамадың, – деп маған ескерту жасады. Ал мен болсам күле сөйлеп:

– Мен сізді сынаған едім, – деп анама күйді басынан аяғына дейін мүдірмей қайта тартып бердім. Сонда Күнжан анам:

– Басқа жерде күйді бұлай бұзып тартушы болма, сен – әке өнерін кейінгіге жалғастырушысың, балам! – деп айтқан еді».

Ал Сәдуақас өзінің күйге деген ықыласын, домбыра тартуға деген талабының қалай оянғанын, күйді қалайша тез үйренгені жайында былайша  әңгімелеп берген болатын: «Әкем соғысқа кетіп, содан елге оралмады. Анама қарау, күнкөріс қамы  қиын да болса, менің мойнымда. Азаннан қара кешке дейін қой соңында жүріп, қозы-лақ бағамын. Үйге әкемнің жолдастары жиі келіп тұратын. Олар тартқан күйлер құлағымнан кетпей, бала көңілімді ерекше тебірентетін. Осылайша қозы бағып жүріп, далада өсіп тұрған жыңғыл ағашының бір бұтаған сындырып алып, өзімше домбыра қылып тартатынмын. Естіген күйлерімді есіме түсіріп: «Мынау күйдің басы, ал мынау ортасы, мынау сағасы» деп әуенді ыңылдап, күйді ішімнен әндетіп ойнайтынмын».

Сәдуақас Қазанғап күйлерін нақышына келтіре ойнаған. Сонымен қатар ол бала күнінен, мектеп қабырғасында жүріп те, қалың жұртқа өзінің бойындағы күйшілік қабілетін мойындата бастады. Сол кездің өзінде-ақ жас күйші халық шығармаларын, Қазанғап, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Ыбырайдың, Абайдың әндерін шебер орындаған. «Жігітке өлең де өнер, өнер де өнер» дегендей, осы  қасиеттердің барлығы Сәдуақастың өн бойынан табылуы оның бала күнінен сегіз қырлы өнерпаз болып ер жеткенін білдіреді.

Сөзіміздің дәлелі ретінде ел ішіндегі қариялардың мынау естелігіне де жүгініп көрсек: «Бірде мектеп оқушылары қойған концертте бір қара бала шығып Қазанғаптың «Ақжелең» атты күйін тарта жөнелді. Күй бітіп, жұрт ду қол шапалақтағанда, әлгі қара бала Сәдуақас ел құрметіне бас июге де қысылып, жүзі балбұл жанып, домбырасын құшақтаған күйінде сахнадан аяқтарын жылдам басып кетіп қалады. Концерттен кейін ел-жұрт үйді-үйіне тарап бара жатқанда, мына бір әңгімені оның құлағы шалып қалады: «Құрманғазы мен Құрманғалиға нұр жаусын, Қазанғап атасының күйлерін ерекше ықыласпен үйреткен екен. Тінәлі мен нағашы ағасы Матай да балаға күйдің құдіретін ұғындырғаны көрініп тұр. Е, сұм соғыс жалмамағанда, Қазанғаптың оқ бойы озық шәкірті Балмағамбет шерткен күйлерді әлі күнге дейін естіп жүрген болар едік қой! - деп күбірлесіп бара жатты».

Сәдуақас небәрі он бес жасында Қазанғаптың бірнеше күйін меңгерір үлгерген еді. Олардың қатарында «Күй басы», «Үлкен қаратөс», «Кіші қаратөс», «Қаратөстің бұлдыратпасы», «Домалатпайдың жеті түрі», «Ақжелең – 62 түрлі», «Жима Ақжелең», «Шырылдатпа», «Бұраңдама, келіншек», «Балжан қыз» атты қиын да күрделі күйлері бар.  

Сәдуақастың бұдан былайғы өмірі Шалқар ауданындағы орта мектепті ойдағыдай бітіріп, болашақтағы арманы өнер жолына бетбұрыс жасауына байланысты еді. Жақсы күйші болу үшін тек талант пен бойға біткен табиғи қасиеттің аздық ететінін, оған қоса белгілі кәсіби білімнің керек екенін түсінген ол Алматыдағы өнер ордасы, киелі шаңырақ Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түсуге бел буады. Өкінішке қарай, әртүрлі себептермен бұл тілегі орындалмай, ол туған ауылына қайтып оралуға тура келеді.

1964 жылы бозбала Сәдуақас көздеген арманына қалайда жетсем деген ниетпен консерваторияға қайтадан келіп, құжаттарын тапсырады. Бұл жолы Құдай сәтін салған екен, емтихандарынан сүрінбей өтіп, оқуға түседі. Дайындық бөлімінің домбыра мамандығына таңдаған ол белгілі оқытушы, кәсіби маман Хабидолла Тастановтан дәріс алады. Сәдуақастың Қазанғап күйлерін нақышына келтіріп орындайтын талантына алғашқы күндердің өзінде-ақ ұстазы Хабидолла Тастанов таңдай қағып, тамсанған көрінеді. Оқытушы өзінің шәкірті жайында мынадай пікір айтқан: «Сәдуақас өзінің шеберлігімен бірден көзге түсіп келеді. Оның домбыра тартудағы шеберлігі сол, тартқан күйлерінде ешкімге ұқсамайтын бір ерекшелік бар. Оның оң қолы мен сол қолының жүрісі, домбыраның бет қақпағына тигізбей алатын қағыстары тыңдаушысын тәнті етеді».

Сәдуақас өзінің Қазанғап күйлерін алғаш орындаған сәттерін есіне алып былай деген еді: «Қалың қазақтың мұң-шерін қос ішекте сөйлеткен, тамыры терең философиялық оймен астасып жатқан мұңды, сазды күйлерді бір кездері сахналарда ойнау, тыңдау арманға айналып кеткен еді. Кейбір білгір белсенділердің іс-әрекетінен, оның үстіне қазақ өнерінен жырақ өскен, жаны ашымайтын адамдардың билік басында жүргендігінен болар, «Қазақтың осы уақытқа дейін жылап келгені де жетеді, мұңды ән мен күй сахналарда орындалмасын» деген өктем сөздер де естіле бастаған. Осы уақыттарда консерваторияда өткен концертте мен Құрманғазы атамның «Бозшолақ» күйін орындайтын болдым. Бірақ сахнаға шыққанда Қазанғап атамның «Жұртта қалған» атты күйін бастап жібердім. Алғашқыда не болар екен деп қорыққаным да рас, алайда көрерменнің құлшына қол соққаны, жақсы тыңдағаны күдігімді сейілткендей болды. Оның үстіне, ұстаз домбырашы Қали Жантілеуовтің: «Айналайын, мына күйіңде Құрманғазының «Кісен ашқаны» секілді жанды тебірентетін бір мұң бар екен», - деп қолымды алып, ерекше құттықтағаны көңіліме қуат берді. Осыдан кейін Қазанғап күйлерін сахнада жиі орындай бастадым. Кейде адамға талантпен қатар, төтен ерлік те қажет екен-ау деген ойға қаласың осындай сәттен кейін».

Сәдуақас 1974 жылы консерваторияны бітіріп, осы оқу орнында оқытушы болып жұмысқа қалады. Бұл оның шеберлігін, біліктілігін, кәсібилігін оқытушыларының да мойындағандығын аңғартады.

Белгілі ақын Бәкір Тәжібаев Сәдуақастың Қазанғап күйлерін орындаған кездегі оның шеберлігіне мынадай өлең жолдарын арнаған.

Жайшылық кезде қатардан,

Ерен боп жүру сенде жоқ.

Өрекпелдікке апарған,

Өрекпін тұру сенде жоқ.

Дүйім жұрт елітіп қалатын,

Домбыра шерткен кезіңде.

Нұр сәуле бойға таратып,

Құдірет бердің сезімге.

Қазанғап атам күйінің,

Тереңіне бойлап түсінген.

Тұрамын саған сүйсініп,

Өрекпілдігің үшін мен.

Шалқытып кеткен талайды,

Сен тартқан күйлер кезі көп.

Қызығып саған қараймын,

Қазанғап атам көзі деп.


Ақын күйші туралы өз пікір-лебізін тебірене толқи отырып, көңілге қонымды етіп жеткізген. Сәдуақастың өнеріне берілген баға қай өнерпазға болсын үлгі боларлық. Оның Қазанғап күйлерін тарту мәнері өз алдына бір бөлек дүние. Ол болашақ ұрпақтың игілігіне Қазанғаптың күйлерін«Ақжелең» деген атпен қазақ радиосының алтын қорына жаздырып қалдырған.

Қазанғап күйшінің шәкірті Қадырәлі Ержановқа: «Көзімдей көріп ұстарсың, жетімсіретпей тартып жүр» деп қалдырған өз домбырасын Қадырәлі дүниеден өткен соң оның зайыбы Зейнеп апай асылдың көзіндей мүліктің қадірін біліп, сандық түбіне сақтап жүрген. Сол қара домбырасын қызы Ақілгектен алып, оны қалпына келтіріп, халыққа жеткізген де Сәдуақас болатын. Бұл қастерлі домбыраның үнін алғаш рет естіген белгілі өнертанушы Болат Сарыбаев еді. Осы домбыраны көрген сәтте де ақын Бәкір Тәжібаев ерекше тебіреніп, төмендегі жыр жолдарын арнаған екен.

Ел сүйген домбырашы – Кәдірәлі,

«Пірім» деп Қазанғапқа табынады.

Қасынан ұстазының қалмай келген,

Күйлерін кейінгіге жалғай білген.

Көп жүріп күй шежіре жетегінде,

Қазанғап дүниеден өтерінде.

Сыйлапты домбырасын шәкіртіне,

Көзінің сығып тастап соңғы жасын.

 

Қаншама содан бері өтті өмір,

Фәниден талай жандар кетті не бір.

Ардақтап Қадырәлі аманатын,

Ырза етті Зейнеп апа мұраны алтын.

Атағы әйгіленген тәмәм елде,

Өнерпаз домбырасын жанға бермей.

Түбінде кебеженің сақтап келген

Тілегін жұбайының ақтап келген.

Соны естіп Мардан барды астанадан,

Өтініш сөзін айтып баспалаған.

«Сақтап ем қарашықтай сені ғана»

Қолына ұстап добыраны кейуана.

Көненің көзін көрген кейінгілер,

Көңілін шексіз мүлдем сейілдірер.

Депті де, асыл мүлкін табыстаған,

Бұл жайлар арманды алға бағыштаған.

Қаншама керуен-жылдар талмай өтіп,

Ескерткіш Алматыға талмай жетіп.

Үйінде Сәдуақастың сақтаулы тұр,

Сазына келіп әбден баптаулы тұр.

Пендемін қағажулық көрмедің бе?

Кейде бір қобалжыған кездерімде.

Қазанғап домбырасын қолыма алып,

Күйлерін күмбірлеген шалып-шалып.

Құдірет дегенді де анық байқап,

Жаныма сұлу сезім алып қайтам, -

деп жырлаған екен ақын. Асылдың тот баспайтын сынығындай қазынаны халыққа жеткізген Сәдуақастың ерен еңбегін ерекше деп айтуға тұрарлық. Сонымен қатар Қазанғаптың бьюстін жасап, ұмытылмас ескерткіш белгі ретінде орнаттырғанын құнды еңбек деп бағалауға тиіспіз.

Сәдуақас 1999 жылы 17 қыркүйек күні 58 жасында дүниеден өтті. Оның бейнесі өнер сүйер қауымның, халық жүрегінде музыка әлемінде ұмытылмайтынына, халықтың есінде мәңгіге сақталатындығына сеніміміз мол.

Қазанғаптың қосшысы әрі шәкірті – Қадырәлі

Қазанғаптың сенім артқан шәкірті, таланты мен дарын бөлек домбырашы Қадырәлі Ержанов 1854 жылы Шалқар қаласында дүниеге келген. Балалық шағы  Топалаңды құмында өткен. Бұл – патша заманында Құланды болысына қараған ел. Осы елде Қазанғап күйші өмір сүрген. Қадырәлі Қазанғаптың қасына сегіз жасынан еріп, қырық жылдай қосшысы әрі шәкірті болған. Ол ұстазынан күй үйренуден еш жалықпай, күйдің шығу тарихына да зейін қоя тыңдап, көкірегіне құя білген. Қазанғап Қадырәліні өзінің баласындай көріп, «Менің күйлерімді кейінгі ұрпаққа жалғастыратын сен боласың», – деп өзінің сан жылдар бойғы серігі домбырасын сыйға тартады.

1934 жылы академик Ахмет Жұбанов өнер тарландарын жинап жатыр деген хабарды естіп Қадырләлі өзінің Жәлекеш Айпақов, Әли Құрманбаев сынды достарын ертіп Алматыға келеді. Үшеуі осында деректі фильмге түседі. Бұл ғажап туынды қазақ музыкасының алтын қорында сақтаулы тұр.

1954 жылы Қадырәлі «Союзитиль» мекемесінде дайындаушы болып жұмыс істейді. Ал 1960 жылы Қадырәлінің өнеріне тәнті болған академик Ахмет Жұбанов Шалқар қаласына іздеп келіп, Қазанғаптың көптеген күйлерін жаздырып алады. Бірақ ол кезде Қазанғапты «писсимист», «сарыуайымшыл» деп кінәлап, эфирден оның күйлерін көрсетуге тыйым салынып тасталған болатын. Бірақ уақыт бәріне де сарапшы, бәріне де әділ бағасын береді. Халық тәуелсіздігімен бірге, Қазанғабымен де қауышып, мәңгілік мұрасынан рухани азық алып жатыр. Осы үрдістің ғасырлар бойы жойылмайтынына да енді сенім кәміл. Өйткені, Қазанғаптың іздеушісі бар, сұраушысы көп, туған жұрты төбесіне көтереді.

Қадырәлі өмірінің соңына дейін өз өнерін жастарға үйретумен болды, ұстаздық етті. Ол 1968 жылы туған жері Шалқар қаласында қайтыс болады.

Шалқарлық журналист М.Есмағамбетов «Күйші Ақтектіде жерленген» атты мақаласында Қадырәлі Ержановтың қызы Үміттің айтуы бойынша мынадай деректерді жариялаған: «Әкем Қадырәлі 1885 жылы туған. Ол Аяққұм өңірінде өсті. Мал бақты, өзінің айтуынша, жастайынан домбыраға әуес болыпты. Ауылға күйші-жыраулар келсе, таң атқанша көз шырымын алмастан оларды тыңдаудан жалықпаған. Бірақ ол кезде ауылда домбыра жасайтын шебер болмады ма, көкейіне оралған әуенді қамыстан сыбызғы жасап алып, сонымен тартатын болған.

Әкем Қазанғап күйшіні тоғыз жасында көріпті. Күйші ауылға келген күні бүкіл ел-жұрт жиналып, таң атқанша күй тыңдаған. Қазанғаптың қырыққа жаңа толған, бойындағы бүкіл талантының толысқан шағы болса керек. Ауыл адамдарын күй әлеміне әбден сусындатады. Ғұмырында мұндай күйшіні  көрмеген әкем бүкіл дүниені ұмытып, күйіне тәнті болыпты.

Қазанғап бірнеше күн ауылда болғанда, әкем адамдардан сұрастырып, қойларын Қазанғаптың жүрер жолына жаяды екен. Содан күйші Жем бойына бармақшы болып, ауылдан аттанады. Жолшыбай неше күннен бері күйге елітіп, шегір көздерін өзіне қадап отырған бала Қадырәліні көреді. Қазанғап тұсынан өткенде менің әкем жаяулатып артынан қалмайды. Ақыры не керек, Қазанғап күйші менің әкемді атына мінгізіп алып кетеді. Жаюлы малы далада қалады. Сұрастыра келе, үй іші баланың Қазанғаптың артынан кеткенін біледі. Арада бес жыл өткенде, әкемді ауылға әкеліп тастайды. Бұрынғыдай емес, кешегі сыбызғы тартып жүрген бала енді күйші жігіт атанады. Сөйтіп, әкемді Қазанғап сапарларының бәрінде де өзімен бірге ертіп жүретін болған».

Қадырәлі өзінің орындауында Қазанғаптың елуден астам күйлерін алғаш рет алпысыншы жылдары жазып қалдырады.

1982 жылы тарих ғылымдарының докторы Бекежан Сүлейменов басқарған экспедиция Шалқарға келгенде, экспедиция мүшесі Мардан Бәйділдаев Қадырәлінің домбырасын қалап алады. Ол домбыра қазір Алматыдағы мұражайда сақтаулы тұр.

Жаны домбыраның ішегімен бірге үзілген Жәлекеш

Қазақстанның еңбек сiңiрген әртісi, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрiнiң негiзiн қалаушылардың бiрi Жәлекеш Айпақов та 1904 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүниеге келген. Сонау отызыншы жылдардың басында Ақтөбе өңiрiне келiп, халық арасынан таланттыларды iздеген Ахмет Жұбановтың назарына iлiгiп, Алматыдан бiр-ақ шығады. Жамбыл атындағы республикалық филармонияда, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрiнде абыройлы қызмет етеді. 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен Қазақстанның онкүндiгiне қатысып, қазақ мәдениеті мен өнерінің мәйегін танытты.

Жәлекеш – өзiндiк орындау шеберлiгi бар күйшi. Ол Ахмет Жұбанов, Лұқпан Мұхитов, Қамбар Медетов сынды қазақтың бiртуар азаматтарымен қоян-қолтық араласқан. 1935 жылдан бастап филормонияда жеке домбырашы болып жұмыс істейді. Ол Қазанғаптың күйлерiмен қатар, Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Мәменнің, Динаның күйлерiн насихаттаған.

Жәлекеш өзiне талап қоя бiлетiн, домбыраны шебер ойнайтын. Күйдi қатты екпiнмен тартса да, өз бабына келтiрiп, оның мазмұнын жоғалтпай, мән бере ойнай бiлген күйшi.

Ел аузында Жәлекеш Айпақов туралы мынадай әсерлі әңгіме бар: «Жәлекеш «Көкiл» күйiн тартқанда күңiренбейтiн ер, көзiне жас алмайтын әйел заты болмаушы едi. Күй тартқан сайын шешiле беретiн», – дейдi.

1921 жылы ұлы күйшi Қазанғап қайтыс болғанда, Жәлекеш бозбала шақта – 17 жаста екен. Қазанғап  Шалқардың оңтүстiгiндегi Ақауыр деген жерде туған. Сол елде рулас ағайындары атақты Бүркiтбай бай, Қадырәлiнiң әкесi Ержан, Жәлекештiң әкесi Айпақ ауылдары қоңсы-қоралас отырған. Ол уақытта бала Жәлекеш Қазанғапты көзімен көрiп, күйлерiн талай рет құлағымен тыңдап жүрген. Күйші Қазанғаптың шығармаларын 1950 жылдан бастап өзінің репертуарынан шеттеткен емес.

Жәлекеш Айпақовтың қызы Шолпан Қожамұратова-Айпақова  «Жәлекештi жиi еске аламыз ба?» деген мақаласында әкесi туралы естелiгiн былайша өрбітеді: «Менiң әкем Жәлекеш өте кербез адам едi, мiнезi салмақты, тым аз сөйлейтiн. Ол кiсi дүниеден озғанда мен небәрi 14 жаста едiм.

Әкеме Алматыдан келiп, үйде бiр апта жатып, Қазанғап туралы әкемнен әңгiме сұраған С.Балмағамбетовке айтқан сөздерiнен құлағымда қалғандары мынау: «Ата-әжем ауқатты кiсiлер болса керек, Қазанғаптай ұлы күйшiмен iргелес отырған көрiнедi. Әкемдi жасынан алдына алып, күй шерткiзiп үйреткен Қазанғап «Кербез Ақжелең» деген күйiн менiң әжеме арнаған екен. Әжемiз сондай сырбаз, кербез адам болыпты. Қолым күйедi деп кесенiң өзiн қол орамалмен ұстайды екен. Әжем көп бала туған, солардан тiрiқалғаны жалғыз тұяқ – Жәлекеш қана.

Ал әкем ертең сахнаға шығамын деген күнiжеңiл нәрсенi де көтермейтiн, қолын қатты күтетiн. Пышақтан сұмдық қорқушы едi. Тамақты талғаммен iшетiн, сүйiктi тағамы өзбектің палауы болатын. Ал шайқорлығы ғажап едi. Бiр самаурын шәйдi таусылғанша iшетiн.

Күй тартқанда, ешкiмнiң қыбырлағанын жақтырмайтын, өзi жеке отырып, «Күйдiң киесi қашады» деп, көзiн жұмып қойып рахаттанып тартатын. Әкемнiң сыртынан түсi суық болғанымен, жаны жұмсақ жан болатын. Ол сахнаға бiр шыққанда, 10-15 күйдiң басын бiр-ақ қайыратын. Әкем 1967 жылы қайтыс болды. Екi бүйрегi бiрден iстемей қалып, қан қысымы көтерiлiп, бiраз уақыт ауырып жатты. Бақи дүниеге аттанар күнi әкем домбырасына көзiн қадап жатты да қойды. Қазiр Ақтөбедегi өлкетану музейiнде тұрған домбыра – сол домбыра. Менi қасына шақырып, маңдайымнан сүйдi де, қолымнан ұстап «Саған бермептi ғой» дедi. «Домбырамды әпершi» дедi. Кеудесiне басып ұстап жатты.

Сосын шешеме:

– Зәке, тиек iстейтiн шаппам бар едi ғой, соны әпершi, – дедi. Шаппаны қолына алғанымен, дәрменi жетпедi. Шешем дауыс шығарып қатты жылап  жiбердi.

– Болмайды ғой, Зәке, менi қинамашы, мынаны ашшы, – дедi әлсiз ғана. Шешем шаппаны ашып бердi де, әкемнiң ымымен домбыраның iшегiн қиып жiбердi. Әкемнiң жаны шығып жүре бердi», – дейдi.  

Жәлекеш Айпақовтың қандай күйшi болғаны туралы оның өмiрiнiң кейiнгi ұрпаққа өнеге болатын тұстарынан аңғаруға болады. Өйткенi, күйшiнiң домбыра ойнар алдында өзiн-өзі баптап, қолын күтуi, күйдiң киесiн түсiнуi, оны сезiне бiлуi, күй тартудағы ерекшелiгі – осының бәрiкелешек үшiн үшін үлкен сабақ. Бұлардан біз Жәлекештің табиғи дарындылығын, талант қонған біртуарлығын, қасиетті аспаппен жаны егіз болғанын аңғарамыз.

Сегіз қырлы Шүрен еді

Жәлекешпен түйдей құрдас Шүрен Сартов та 1904 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданында, Айшуақ елдi мекенiндегi Көкала жерiнде дүниеге келген. Руы – Қабақ, оның iшiнде Жангелдiден тарайды. Жангелдiден – Құттыбай, одан Шүренбет, одан Еркебай, Серкебай аталардың ұрпағы. Еркебайдан – Есенқұл, Аманқұл, Сарт, Шаумен, Отарбай, Тоқтарбай, Байланыс, Күлшат тараған. Солардың ішінде Сарттан – Шүрен, Шүреннен – Мейiрхан, одан Сайран, Роман, Қайыржан өрбидi. Көкала жерiнде Сарттың шын атын Мамбетқұл деп атаған. Ол өз заманында патшадан алтын, қылыш, медаль алған.

Ел аузында Шүрен жайында мынадай дерек бар: Шүреннiң денесi өте үлкен болған көрінеді, iрi болғандығы сондай, ол кiсiнi он бес адам аттан түсiре алмаған деседi. Қазанғап күйшiнiң күйлерiн сол елдегi Ұлы жүзден Сарттың немересi – Есенқұлдан туған Бегiмбет пен Бүркiтбай деген балалары алып келген. Бүркiтбай Кiшi жүзге аты белгiлi, алдына үш жүз мың жылқы айдаған бай адам болған. Қазанғаптың көпшiлiкке белгiсiз «Бүркiтбай байдың асында бозжорғаның табақ тартуы» атты күйi осы байға арналған  болуы мүмкiн. Өйткенi, бұл күй жайында мәлiметтер әлiкүнге дейiн халыққа көмескі күйінде қалып келеді.

Шүрен Қазанғап күйшiнi тоғыз жасында, яғни 1913 жылы әкесiнiң үйiнде қонақта отырғанда көрген. Қазанғап бiр тойда ағаш үйде домбыра тартып отыр екен. Қазанғапты қалың ел қоршап алған, әр қимылын бағып, күмбірлеген күйді ынтамен тыңдайды. Ол сол жиында күйдi аяғының башпайымен тартып, жұртты тағы қатты таңқалдырады. Сол кездесуден бастап Шүрен домбыра тартуға қызығып, кейiн домбыраны қолынан тастамайтын болыпты.

1936 жылы белгiлi академик Ахмет Жұбанов Ақтөбе өңiрiн аралап жүрiп Шалқардан Алматы қаласына Шүрендi, оның немере ағасы Жәлекеш Айпақовты, Қазанғап күйшiнiң күйлерiн орындайтын Келбет Тiлеулиндi және Төлеубай Князовты оркестрдің құрамында домбырада ойнауға шақырады. Шүрен екi жыл оркестрде домбырашы болып еңбек етеді.

Ал Шүрен мен Жәлекеш қай жағынан немере болып келедi? Ендi зерттеуімізге сүйеніп, осы жайтты ашып көрсетейiк. Сарттың  Аманқұл деген ағасынан Айпақ туады. Ал Айпақтан Жәлекеш туған. Екеуi де Қазанғап күйлерiн жетiк меңгерген күйшiлер. Жәлекеш болса домбырашылар арасынан алғаш рет Қазақ ССР-iнiң халық әртісiатағын алған. 1967 жылға дейiн Ақтөбе филармониясында абыроймен қызмет еткен.

Шүрен Сартов 1939 жылы «Байдың тұқымы» деген желеумен оркестрден қуылып, елiне қайтып келедi. Ал 1943 жылы елдi қорғау үшiн соғыс даласына аттанады. Ленинград майданында жауға қарсы атойлап, кескілескен бір шайқаста ауыр жараланған екен. Әскери госпитальдан ем алып, екiншi топтағы мүгедек болып елiне оралады.

1943 жылдан 1954 жылға дейiн Ембi қаласында кездескен әртүрлi жұмыстар атқарып жүредi. Осы жылы денсаулығына байланысты Шалқар қаласына көшiп келедi. Елiне келгеннен кейiн Шалқар, Мұғалжар, Жұрын аудандарында Қызыл отау мекемелерiнде үйiрме құрып, жастарға күй, ән үйретiп, шығармашылық сабақ бередi. Ел аралап күй тартып, ән-жыр айтып, Қазанғап күйлерiн насихаттап, ойын-сауық кештерiне қатысып жүредi. Шүреннің өз жүрегiмен тебiрене ойнайтын Қазанғап күйлерi – «Ақжелең күйiн бес түрi», «Көкiл», «Торы ат», «Айша қатын», «Үсен төре», «Құйт қожаң бол, молдаң бол, бәріңе де бiр өлiм» атты туындылары еді.

Шүрен Сартов Қазанғап күйшiнiң 50-ден астам шығармасын тартумен қатар, жыршылық өнерден де құр алақан емес-тiн. Бiздiң қолымызда Шүрен күйшiнiң 1974 жылы жазылған Қазанғап күйлерiнiң, сол елдегi Әлима қыз, БатақтыңСарысы, Құдабай жыршы туралы айтылған жырлары, сонымен қатар өзiнiң шығарған күйлерiнiң үнтаспасы бар.

Қазақ күй өнерінің майталманы 1980 жылы 22-қарашада жүрек талмасынан Қарамерген деген жерде, 76 жасында дүние салады. Бейiтi де сол маңда, сонда жерленген.

Нәжімеддин туралы не білеміз?

Нәжiмеддин Мәмбетәлин 1933 жылы Ақтөбе облысының Байғанин ауданына қарасты Доңызтау кеңшрында туған. Әкесi Мәмбетәлi өте шебер, қолынан келмейтiнi жоқ, қол машинасын игерген тiгiншi болған екен. Мәмбетәлi өмiрден ерте озып, Нәжiмеддин өмiрдiң тауқыметi мен машақатын жетi жасынан көрген. Ал анасы Шөмбике үй шаруасында, ауылда Жем бойынан бөлінетін өзенге бөгет салып, суды бөгеген. Ауылда өгiз жеккен арбаны айдаумен, кеңшардың шөбiн шабумен балалық шағын өткiзген. Небары бес жасынан бастап домбыраны есту қабiлетi арқылы ойнаған.

Нәжiмеддин – көрнекті күйшi Қазанғап Тiлепбергенұлының бел шәкiртi әрі үзеңгiлес досы Қонақбай мен оның шәкiртi Тасыбай күйшiлердiң ізбасары болды. Ең алғаш Тасыбайдан «Боз жорғаның кекiл қақпайы»  атты күйiн үйренген. Есту қабiлетi арқылы Құрманғазының «Арынғазы», «Алатау» Соқыр Есжанның «Соқыр Есжан», Динаның «Он алтыншы жыл», «8-март» күйлерiн тартқан.

1952 жылы Нәжiмеддин әскер қатарына алынып, радио саласында еңбек етті, бұл мамандығын өте үлкен дәрежеде игерiп алды. Еңалғаш осы КРУ радиосын елге жер астымен таратқан. Нәжiмеддин әскер қатарында жүрiп, 1955 жылы ауылға жараланып, ауырып оралады. Осылай туған жеріне келген Нәжiмеддин белгiлi күйшiҚонақбайдың шәкiртi Тасыбайдан күй үйрене бастайды.

Тасыбай күйшi сол ауылдағы бiр қойманың басшысы лауазымын атқарған өте дәулеттi кiсiболатын. Нәжiмеддин радио орнату шаруасымен үй-үйдi аралап жүреды. Күндердiң бiр күнінде Тасыбай күйшiнiң үйiне келедi. Ол кезде Тасыбай күйшi ретiнде елге танылып қалған-тұғын. Нәжiмеддин Тасыбай күйшiнiң қасында жүрiп көптеген күйлердi есiк сыртында жүріп тыңдап, үйренедi. Ол күйлер Қазанғаптың «Домалатпай Ақжелең», «Қарақасқа атын жемге шақыру», «Қыз Ақжелең», «Алпыс екі Ақжелең» атты күйлері еді.

1957 жылы Нәжiмеддин қатар-құрбыларымен бірге күйшi Тасыбайдан күй үйренiп жүрiп, оның Алмажай есімді қызымен танысады. Сол арудыұнатып қалып, көңіл қосып, осы жылы екi жас шаңырақ көтередi. Қазiргi таңда олар Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Тамды елдiмекенiнде тұрады, он ұл-қыздың ата-анасы.

Нәжiмеддин кейiн Доңызтауда тұратын белгiлiкүйшi Жәлекеш Айпақовтан да күй үйренедi.

Нәжiмеддиннiң сүйiп орындайтын бiр күйi – Мәңке бидiң «Қоңыр» атты туындысы еді. Бұл күйдi ұстазы Тасыбай күйшiден үйренген.

Күй мына оқиғаға байланысты шыққан деседі: Бірде Қарақамыс, Темiр аудандарында үлкен жәрмеңке болады. Осы жәрмеңкеде аламан бәйге, қол күресi, сонымен қатар бiрнеше ұлттық ойындар ұйымдастырылады.

Мәңке би өзi өте сұлу, айтқыш кiсi болған екен. Ол бiр елге қыдырып келгенде, сондағы бiр бай: «Назар руының Әлiмiнен туған Тәмпе атты қызына арнап кiмде-кiм күй тартса, сол күйшiге қызымды беремiн» деп елге жар салады. Сол жерде Мәңке «Қоңыр» атты күйiн шығарады. Мәңке күйшi содан Тәмпе есімді қызды өзiнiң жалғыз атына мiнгiзiп, Доңызтау жерiне алып келедi. Кейiн екеуi шаңырақ көтереді. Күй сол Тәмпе қызға арналған.

Бұл деректі бізге жеткізген де күйші Нәжімеддин Мәмбетәлиннің өзі еді.

Қазанғаптың шәкірттері мұнымен түгесілмейді. Оның туындыларын тарих қойнауынан тартып, бүгінге жеткізген күйшілер баршылық. Олардың есімдері мен белгілі деректерді келесі жазбамызда ұсынатын боламыз.

Аякөз Еркінбекқызы

Пікірлер