Кеңес одағының "қазақ ез, жалқау, надан" дегені миф! - мәдениеттанушы

4048
Adyrna.kz Telegram

Отаршыл елдер мен отарланған елдердің тарихына қарап отырып көп ұқсастық табуға болады. Отарланған елдің бәрінде жері мен халқы эксплуатацияланған, мәдениеті мансұқталған, тілі тапталған. Бәрінде отаршыл ел отарланған елді кемсіткен, "бұлар жаратылысынан сондай надан, салақ, жабайы" деген ойды сіңірген. "Қорланғандар қашан да өзі туралы ең нашар сөзге сеніп қалады" дейді Франц Фанон. Өкініштісі, өзінің нашар екеніне қазақ та сеніп қалған.

Күнін көру үшін басқыншы тілін үйренген қай халық өкілі де басқыншыға айналуды аңсап (кастрация беймазалығының бір түрі бұл да), өз жұртын менсінбеуге айналған. Ондайлар қазақ ішінде де көп-ақ.

Гаятри Спивактың үнді жесірін сати салтынан азат етуге емес, бұл идеяны ағылшын басқыншының үнді мәдениетіне қарсы қолданғанына тулайтыны сияқты, мен Абайдың қазақты сынағанына емес, сол тектес сынды Кеңес одағының қазаққа қарсы нарратив ретінде сіңіргеніне ашуым келеді.

Украинада соғыс басталған кезде соның нәтижесін байқадық: украиндарға сүйсінген жұрт сол мезетте қазақ халқын мансұқтап жатты. Болмаған соғыстан жеңіліп (бетін ары қылсын), қазақтың ездігін масаттана бетіне басқандар қаншама. Таласбек ағамның Біржан салдың аузымен айтатын "Бәрі пәс! Бәрі ұсақ!" деген сөзі сол соғыспай жатып жеңілген жазғыштарға қатысты-ақ.

Бұл Кеңес одағы сіңірген "сен езсің, жалқаусың, қолыңнан боқ келмейді" деген мифтің өтіп кеткені. Жері, мемлекеті, билігі мен халқы бар жұртпыз, мұндай жылаңқы дискурстың болуы орынсыз. Кез келген колониал дискурс негізінде "сен жаратылысыңнан сорлысың" деген ой жатыр. Ал заманауи гуманитария ғылымдары айтады, кез келген ұлт, ұлттың қасиеттері деген - дискурс/миф қана. Миф мұнда - ылғи қайталанатын нарративтер, әңгімелер.

Түсінесіздер ме, орыстар туралы да, ағылшындар туралы да, француздар туралы да стереотиптер мен сипаттамалардың ешбірі шындық емес, адамдар ойлап тапқан нарратив қана (Мыс., барлық ағылшын аристократ не менмен емес, көшеде отырғаны да, тым қарапайымы да толып жатыр - жалпы, бір адамның өзі өзгеріп тұратын көпқырлы, күрделі жаратылыс).

Жаратылысынан ез халық, табиғатынан ештеңеге жарамайтын тіл болмайды. Халыққа езсің деп сендіреді (одан соң ол расымен езге айналады), тілді ештеңеге жаратпай тастайды. Бізге ғана емес, Азияда, Африкада, Оңтүстік Америка мен Океаниядағы талай жұрт кешкен тарих осы.

Ал ұлт тірі организм, ешқандай тарихи нүктеде шеріш боп қатып қалған жоқ, ылғи да жасалу үстінде. Қазақ (та, басқа ұлт та) қазір де жасалып жатыр. Демек, ұлтты біздің қазіргі әрекеттеріміз, ұлт туралы қайталап айтатын әңгімелеріміз "жасайды". Және жауапкершілікті біреуге (мемлекетке/компартияға) арта беретіндей Кеңес одағында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Қазақтың кім екеніне бәріміз жауаптымыз, әсіресе әркім дауысқа ие болған әлеуметтік желі дәуірінде.

Қазіргідей алмағайып дәуірде бізге Ресейдің не қандай да басқа сыртқы күштің басып кірмегені керек. Басып кіре қалса, қару-жарақ пен кәсіби әскер, ал одан да бұрын өзіміздің, әрқайсысымыздың қазақ халқы өліспей беріспейтіне, жұдырықтай жұмыла қалатынына, батыр халық екеніне сеніміміз керек. Зерттеуші Зира Наурызбаева "жауынгерлік мәдениеттің өкіліміз" деп қайталап жүрген жоқ па, соны қалай ескермейміз? Жауынгер болғанда да, "Алтай мен Атырау арасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған" деген жаттанды нарративке жаңа мағына керек. Меніңше солай: біз үшін қазіргі ең маңызды мәселенің бірі - халықтың рухын көтеру.

"Біреудің сен туралы пікірі көңіл-күйіңді бұзуы мүмкін, өзіңнің өзің туралы пікірің суицидке апарады" дейтін сөз бар. Ол пікір ұлтқа да қатысты. Сондықтан (давайте) бүгіннен бастап қазақ халқының кімдігін (identity) қалыптастыруға әрқайсысымыз жауапкершілік алайық. Аз дегенде өз халқымыз туралы жақсы нәрселер айтайық, жақсылықтарды көре білейік, өзіміздің өзіміз туралы пікірімізді көтерейік. Ал одан да жақсысы, әрқайсысымыз өзіміздің ең жақсы версиямыз болуға тырысайық: жақсылық жақсылық шақырады ғой.

P.S. Аса ақылды адамдар үшін: "давайте" деген сөзді саналы түрде қостым. Жазбаның тонын жеңілдету үшін, айтып отырғаным оп-оңай нәрсе екенін жеткізу үшін. Әйтпесе бүкіл постты орысша не ағылшынша жаза аламын, бірақ ол тілдерді негізінен білім алып, қазақ тіліне әкелу үшін қолданамын.

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Пікірлер