"Хорлан" әні қалай туды?

2476
Adyrna.kz Telegram

1939-жылы маусымның 21-інде Қазақстан жазушыларының екінші құрылтайы ашылды. Оған республика жазушылары ғана емес, Кеңес Одағының шартабынан меймандар келді. Мұхтар Әуезов, Иван Шухов, Леонид Соболев қатысты.

Құрылтайға Семей облысы делегациясының құрамында барған Қайым Мұхамедханұлына павлодарлық ақын Естай Беркімбаев ерекше әсер етті. «Кең маңдайлы, көзіне ой тұнған, қас-кірпігі қалың, қияқ мұртты, шоқша сақалды кісі екен, - деп жазыпты Қайым аға естелігінде. - Жанына жақын бару қиын болды. Делегаттар, ақсақал ақын-жазушылар, әнші-күйшілер, жорналшылар қоршалап ала қояды. Ол домбыраны келістіре тартып, ән шырқайды...

Біз үйге қайтқанда бір пойызда, бір вагонда болдық. Жолаушы жұрт жол бойы біздің вагонға жиналып, Есекеңді ортаға алып, әңгімелесіп, ән салғызып мәз-мәйрәм болысты. Ақын ақсақал, жасы 70-те болса да, жігітше көңілденіп, көріктеніп отырды. Мен одан Семейде түсіп, менің үйімде біраз уақыт мейман болуды өтіндім. Ол келісті.

Үйде оны сөзбен, әңгімемен мазалаған жоқпын. Дем алуына, тынығуына жағдай жасадым. Өте қарапайым кісі екен. Күй-күтім талғаған жоқ. Қоңыр үнді домбырасын анда-санда қолына алып, баяулата ән салады.

Әрине, екеуі сырласа әңгімелесті де. Жас ақын, ғалым Қайым өзіне ғажап ұнаған ағасының өмірі мен шығармашылық жолын білуге құмартты. Бірде ең алғашқы әні туралы айтып беруді өтінді. Естай сәл аңтарылып, содан кейін ойға шомып біраз отырды да, пәстеу қоңыр үнмен әңгімесін бастады. Қайымның естелігіне үңілелік: «Алғашқы әнімнің аты - «Хорлан». 20 жасымда шығардым. Ол ғашықтықтан туды. Сұңқар болысындағы Қыпшақ-Өрік руы сұлтанының Хорлан деген қызы бар екен. Мен оны бір тойда байқап қалдым. Ән шырқап отырғанмын. Ынталана тыңдаған топтан ерек екі қызға көзім түсті. Көркемдеуінің аты Хорлан екен. Тойға сіңлісі екеуі келіпті. Мен бірден ғашық болып қалдым. Сол кеште таныстық, сөйлестік. Ол да мені ұнатып қалыпты. Сөйтіп... екеуіміз табыстық. Айрылмасқа серттестік. Келесі жылы қызды алып қашатын болдым, себебі менде айттырар мал жоқ. Бірақ алып қаша алмадым. Әкесі қалайда біліп қойып, басқа біреуге ұзатып жіберді...».

Арада алты жыл өткенде Естай Хорланды әдейілеп іздеп барып, көріп қайтқан. Олар 1931-жылы, жастықпен хош айтысқан, кәрілікке аяқ басқан кездерінде, соңғы рет көрісіпті.

Естай Қайымның үйінде екі апта құрмет-қошемет көріп, үйіне кемемен қайтқан. Екеуі содан кейін 1945-жылы - Абайдың 100 жылдығына арналған салтанатты тойда жүздесіпті. Тойды өткізу жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы Қайым оны құрметті мейман ретінде әдейілеп шақырған. Естай сол жолы Қайыммен хоштасу өлеңін және фотосуретін кейін Ахмет Жұбановқа табыстап, олар сазгердің «Замана бұлбұлдары» кітабына енгізіліпті.

Қайым Естаймен кездесулерін, оның «Хорлан» әнінің тарихын дос-жолдастарына айтып беріп жүрген. Сол әңгімелері бір күні гәзетте жариялансын. Басқа біреу өзінің көріп-білгені етіп қымсынбастан жазыпты. Оны естіген Қайым аға ашу шақырмай, сәл жымиып: «Е, мейлі. Әннің шығу тарихы жұртқа тарай берсе болды емес пе?» дей салыпты.


Алла Белякинаның «АНЫЗ АДАМ - АҚИҚАТ ТҰЛҒА» («Человек-легенда») кітабынан.

Орысша нұсқасынан еркін аударған – Ғаббас Қабышұлы.

Пікірлер