Петропавлда әлеуметтік желі арқылы Солтүстік Қазақстанды Ресей Федерациясына қосуды ұсынған ерлі-зайыптылар бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Сот ҚР ҚК-нің 180-бабының 2-бөлігі (Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен тұтастығын, оның аумағының қол сұғылмаушылығы мен бөлінбестігін және мемлекеттің ыдырауын үгіттеу) бойынша ерлі-зайыптыларға қатысты қылмыстық іс қозғады.
Іс материалдарынан анықталғандай, ерлі-зайыптылар әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасының Ресейге Солтүстік Қазақстан облысының қосылуына қатысты «Қазақстан Республикасының біртұтастығын сақтау тұрғысынан саяси және әлеуметтік тәуекелдерге әкеп соқтыратын әлеуметтік қауіпті мәлімдемелер» жариялаған. Олар бұл туралы «Чат рулетка» қосымшасында айтқан.
Айта кетейік, бұл қосымша барлық әлемнің пайдаланушылармен бейне арқылы байланысуға мүмкіндік беретін танымал сервис.
"Ерлі-зайыптылардың өздеріне тағылған әрекетті жасаудағы кінәсі іс материалдарымен дәлелденген. Сотталушылардың кінәсін мойындамағанына қарамастан, ерлі-зайыптылардың кінәсі дәлелденді. Іске бейнежазба тіркеліп, мән-жай жазылған. Қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны және оған қатысты кешенді сот-психологиялық-филологиялық сараптамасы жүргізілгені анықталды», - деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы сотының баспасөз қызметі.
Прокурор айыпталушылардың әрқайсысын 5 жылдан бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушылар кінәларын мойындамай, ақтауды сұрады.
Сонымен қатар, сотта атап өтілгендей, экстремистік қылмыстар санатына жатқызылған бұл әрекет үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Ал Қылмыстық кодекстің 63-бабының 6-бөлігіне сәйкес, экстремистік қылмыс жасағаны үшін шартты жаза қолданылмайды.
Істе сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын да, жеңілдететін де мән-жайлар болған жоқ.
"Жоғарыда айтылғандарға байланысты, сот ауыр экстремистік қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған сотталушыларға ең төменгі жазаны белгіледі. Сотталушылардың әрқайсысына бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеуге сотталды”, – деп қорытындылады сот.
”Адырна” ұлттық порталы