Мемлекеттік хатшы бір жыл бұрын Қазақстанда ауыл әкімдерін тікелей сайлау тетігі жұмыс істей бастағанын еске салды. Мәселен, өткен жылдың шілде айынан бері 1093 ауылдық елді мекеннің басшысы сайланды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
«Олардың 215-і өзін-өзі ұсынғандар, жаңадан сайланғандардың 116-сы әйел адамдар», - деді ол.
Қарин ауыл әкімдерінің корпусы 55,6%-ға жаңартылғанын, бұл 608 жаңа ауыл басшысы дегенді қосты. Оның айтуынша, олардың айтарлықтай бөлігі бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Ауыл тұрғындарының қолдауын мұғалімдер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, жергілікті кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарының басшылары алды.
Жаңа әкімдердің басым бөлігі Маңғыстау – 77,8% (18-нің 14-і), Қарағанды – 77,2% (79-дың 61-і) және Жамбыл – 71% (72-нің 51-і) облыстарында.
Сондай-ақ, осы жексенбі, 31 шілдеде 27 ауылдық округте сайлау өтетіні белгілі болды. Ал жыл соңына дейін тағы 214 ауыл басшысы сайланады.
1037 ауылдық округте сайлау 2023 және 2024 жылдарға белгіленген.
Сондай-ақ алдағы уақытта аудан әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, жаңа конституциялық реформаға сәйкес, бүгін облыс әкімдері облыс мәслихаттары депутаттарының дауыс беру қорытындысы бойынша тағайындалады.
«Осылайша, еліміздің саяси жүйесі дәйекті түрде қайта құрылуда, мемлекеттік басқаруға демократияның жаңа құралдары енгізілуде», - деп түйіндеді Мемлекеттік хатшы.
"Адырна" ұлттық порталы