«Ата-бабамыздың рухын оятайық»: 4000 км жаяу жүрген 72 жастағы жиһанкез елордаға жетті (ВИДЕО)

14875
Adyrna.kz Telegram

Ұлт ұясы Ұлытаудан жаяу шыққан 72 жастағы жиһанкез Сәрсенбай Оспанұлы 4000 шақырымды артқа тастап, елордаға табан тіреді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталының тілшісі.

Ulytaumen атанған еңбек ардагері, шебер реставратор Сәрсенбай Оспанұы «Ұлытауға бардың ба?» деген экспедициясымен өз сапарын 31 наурызда бастап, бұған дейін 10 облысты жаяу аралап шыққан. Күніне 40 шақырым жолды басып өтіп, 17 облысты қазан айына дейін жаяу жүріп өтуді мақсат тұтқан 72 жастағы саяхатшы 8 мың шақырым жолды бағындыруды көздеп отыр.

Сәрсенбай ОСПАНҰЛЫ, Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының қызметкері, жиһанкез:

- Мен бұл сапарымды 31 наурызда Ұлытаудан бастадым. Бірінші мақсатым - Ұлытау өңірінің тарихын, қазақ тарихында ерекше орын алатынын елге насихаттау. Екінші мақсатым - қолөнер шеберлерінің тізімін түгендеп, толықтандырып, ЮНЕСКО-ға өткізу. Үшінші мақсатым - қазақтың ұмытылып кеткен ұлттық мейрамы «Қымыз» мейрамын елге насихаттап, түсіндіру. Дүниежүзінде жылқыны алғаш қолға үйреткен - қазақ. Сол қолға үйреткеннен бие сауып, қымыз ішіп, осыдан 5 мың жыл бұрын «Қымыз мейрамы» пайда болып, Қазан төңкерісіне дейін тойланып келген. Одан кейін бұл мереке тойланбады. Осы күнге дейін ешкім біле қоймайды. Миллионның бірі білетін шығар. Соны насихаттап, календарь бетіне Президент мырзамыз бекітіп берсе екен деген ниетпен келе жатырмыз. Осы күнге дейін Ұлытаудан бастап Астанаға дейін 4000 шақырым жол жүрдік. Алланың берген қуатының арқасында, халқымның қолдауының арқасында мен күннен-күнге ширап келемін. Сондықтан жастарға айтарым - ең әуелі тарихыңды біл. Еңбек ет. Халқымыздың ұлттық өнер шеберлерінен үлгі ал. Соны ары қарай жалғастыр. Ұлттық мейрамымызды әрқашан да қадірлеп, құрметтеп ұмытылып кеткен мейрамдарымызды еске алып, ата-бабамыздың рухын оятайық. Соның арқасында біз ел боламыз. Соның арқасында біздің ұлтымыз сақталып қалады. Тарихын білмесе, мәдениетін білмесе, мейрам, дәстүрін білмесе ол ұлт бола алмайды. Сондықтан басқа ұлттың алдында біздің дәрежеміз әлдеқайда үлкен. Әсіресе тарихымызға келгенде… Біздің ата-бабамыз жылқыны алғаш қолға үйреткен. Дүниежүзіндегі ең алғашқы металлургия 3500 мың жыл бұрын Ұлытау өңірінде басталған. Аспан әлемін зерттеу де бізден шыққан. Бізді сырт елдер көшпенділер деп түсінбейді. Мәскеу салынбай тұрып біздің эрамыздың бастамасы ретінде бірнеше жүздеген қалалар болған. Ол қалалар болмаса мәдениет қайдан болған? 3500 мың жыл бұрын темір қорыту, металл қорыту оңай ма? Ол - өнер. Ол - кәсіп. Оған теңдесі келетін ешқандай ғалым жоқ деп айтуға болады. Біздің ата-бабаларымыз ғалым деп айтсақ артық болмайды. Солардан үлгі алайық. Солардың жолын жаңғыртып, болашақ ұрпағымызға берейік. Сонда біз мемлекет боламыз, сонда біздің ұлтымыз сақталады. Ұлттық дәстүрімізді ұмытпайық. Қадірлейік, қастерлейік. Басқа ұлттарға түсіндіріп, біздің мәдениетіміз, тарихымыз зор екенін айтып, мақтаныш етіп жүрейік.

Бахтияр ҚОЖАХМЕТОВ, өлкетанушы, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты:

- 72 жастағы ақсақал 10 облысты аралап, 4 мың шақырым жерді жаяу жүріп келді. Алда тағы да 4 мың км шақырым бар. Ол кісі Ақтауды аяқтаймын деді. Бұл сапарының үш мақсаты бар. Біріншіден, Қазақстанның тарихи және географиялық орталығы - Ұлытауды насихаттау. Өкінішке қарай, Ұлытаудың қазақ тарихындағы орнын көп адам біле бермейді екен. Оған жол бойында біздің көзіміз жетті. Екіншіден, ол кісі өзі қолөнерші болғандықтан Қазақстандағы бүкіл қолөнершілердің тізімін жинап, тіркеуді мақсат етіп отыр. Бүгінгі күні 418 қолөнершінің тізімі бар. ЮНЕСКО-мен келісімшарт бар. Егер ол кісі 1000 қол жинаса, ЮНЕСКО сайт ашып береді. Бұл сайт біздің еліміздің қолөнершілеріне шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнатып, конференция, семинарларға қатысуға, сондай-ақ өздерінің қолөнер бұйымдарын сол сайт арқылы сатуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, өкінішке қарай біздің елде ұмытылып кеткен өзіміздің төл ұлттық мерекеміз, басты мерекеміз - Қымызмұрындықты, «Қымыз» мерекесін қайтару. Соны жолда насихаттап келе жатыр. Сапарының аяғында «Қымыз күні» бекітіліп, мереке ретінді аталсын» деп Президентке хат жазамын дейді. Қазір Қазақстанның басты мерекесі не? - деп жұрттан сұрасаңыз, бәрі «Наурыз» дейді. Бірақ, Наурыз мерекесі жалғыз біздің ғана емес ол көп елдің мерекесі. Ол мереке Ираннан шыққан. Ал біздің өзіміздің көнеден келе жатқан төл мерекеміз – «Қымыз» мерекесі. Біздің бабаларымыз осыдан 6 мың жыл бұрын осы Қазақстан жерінде жылқыны алғаш қолға үйреткен. Оны дүниежүзі дәлелдеді. Содан бері «Қымыз» мерекесі болған. Өкінішке қарай Кеңес дәуірінде ұмытылды. Сол үш мақсатты насихаттап келе жатырмыз. Сондықтан ақсақал жәй ерігіп келе жатқан жоқ. Мына қазіргі Қазақстан халқына, келешек ұрпағымызға, мемлекетіміздің болашағына үлкен пайда келтіретін ұлы мақсаттарын жұртқа жеткізіп, айтып, насихаттап келе жатыр.

Аманжол ӘЛТАЙ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 70-тен асса да ер-азамат өзінің күшінен, қуатынан қайтпайтынын дәлелдеп жатырсыз. Екіншіден, осы 70-тен асқан шағыңызда өзіңіздің қатарластарыңызбен ғана емес соңыныздан кейінгі буын бауырларға, бүгінгі жастарға үлкен күш беріп, рух беріп жатырсыз. Беліңізді бекем буып, Сарыарқаның, Жетісудің даласын, бүкіл қазақтың байтақ даласын жаяу жүріп өту деген - Алланың сізге берген үлкен күші. Қасиетті Ұлытаудың етегінен қадам басып, бүкіл қазақ даласын жаяу жүріп шығу деген ол екінің бірінің маңдайына жазбаған нығмет. Бұл Алла Тағаланың сізге берген нығметі, үлкен қуаты. Бүкіл еліңізге, ер-азаматтардың барлығына мотивация беріп жатырсыз. Ел мен жердің төсінде елдің еңсесін көтеретін өздеріңіздей ақсақалдарымыз аман болсын. Мықты болыңыз! Жасыңыз жүзге жеткенше аяғыңыз сүрінбесін.

Баян ШАЙГОЗОВА, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының Бас қор сақтаушысы:

- Бүгін міне Қазақстанды жаяу жүріп өткен ақсақалымыз 72-ке келген жасына қарамастан жастарға үлгі боларлық үлкен мотивация беретін дүние жасап отыр. Себебі, бұл кісі қазіргі өмірдің өзі «қозғалыспен» байланысты екенін дәлелдеді.1 км емес, 2 км емес 8000 км жер жаяу жүріп, Қазақстанның 17 облысының түгелін жаяу аралау - біріншіден, өзінің отансүйгіштігі, патриоттығы. Екіншіден, Ұлытауын жақсы сүйетіндігі. Осыны дәлелдеп, жаяу даланың табиғатын, ауасын иіскеп, рахаттанып әр жүрген сайын «Мен осыдан күш аламын, шаршамаймын. Алғашқы күндері шамалы шаршап едім, қазір шыңдалып келе жатырмын. Өйткені, өзімнің дархан қазақ даласын аралап жүрмін» дейді. Бұл дегеніміз не? Біріншіден , спорт - денсаулық кепілі.  Екіншіден, сонау қола дәуірінен басталған Ұлытау тарихын бүкіл жерге насихаттап, Ұлытаудың «Ұлы Даланың Ұлы тауы» екенін көрсету. Бұл кісі өзінің бойындағы қарапайымдылық қасиетімен ерекше. Өзінің атын шығарып, керемет награда алу үшін жүрген адам емес. Ұлытауда тарихи ескерткіштерге реставрация жұмыстарын жүргізіп, археологиялық қазба жұмыстарына қатысу арқылы тарихын тереңірек түсініп, зерттегеннен кейін сол Ұлытаудың ұлылығын насихаттаймын деп осы бүкіл Қазақстанға Ұлытауды танылту үшін жүр. Үшіншіден, өзі шебер, өзі зергер, өзі реставратор болғандықтан бүкіл Қазақстанның қолөнер шеберлерінің тізімін жинап, ЮНЕСКО-ға тапсырып, «бір-бірімен байланысатындай, қолөнерлерін көрсететіндей» жағдайға алып келсем деген үлкен мақсатпен жүр. Содан кейін «Қымыз» фестивалін насихаттап, «Қымыз» мерекесін республика деңгейінде мереке қылып, Президентке атаулы мейрам ретінде ұсыну. Қазіргі күні Ерейментау ауданы, Қорғалжын ауданы, Атсабар ауданы, кешегі Павлодар облысындағы Шарбақтыда, т.б. көптеген жерлерде 1-2 айдың көлемінде осы кісінің еңбегінің нәтижесінде «Қымыз» фестивальдері өтіп келе жатыр. Бұл түбі бүкіл Республика бойынша өткізілетін болады. Осындай үлкен үлгі-насихат жұмыстарымен жүр. Әрине Сәрсенбай Оспанұлы бәрімізге күш-қуат, рухани азық, мотивация береді. Бұл кісінің ерлігі жастарға үлкен өнеге, үлгі болып жатыр.

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ, “Қара шаңырақ” ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі:

- Сәрсенбай атамызды бір өзі жүріп ұлт руханиятын, мәдениетін ұлықтап мәдениет, туризм министрлігінің, елдің әлеуметтік ахуалын зерделеп, әлеуметтік министрлігінің жұмысын атқарып жүр десеміз болады. Өкініштісі, бізде Сәрсенбай атамыз сынды «Жеке батырларды» тұлға санамайды. Ұлытауды ұлықтап, ұлт тарихын дәріптеп жүрген Сәрсенбай атамыз, Солтүстікті қазақыландырамын деп жүрген Бурахан Дақанов бауырымыз, қырылып жатқан малға шөп жинаған Құрмет бауырымыз тәрізді ел ертеңіне алаңдайтын азаматтар нағыз өнеге бола білетін тұлғалар. Осындай нағыз патриот азаматтар ұлт рухын оятатын нағыз тұлғалар. «Өнеге болар тұлға жоқ»,- деп байбалам сала бергенше тұлғаны ұлтын шексіз сүйетін, елін, жерін, тарихын, құндылығын дәріптеу үшін жанын аямайтын қарапайым жандардың арасынан іздеу керек. Тани білу керек. Сонда ғана нағыз ұлттық жаңғыру жасап, Жаңа Қазақстан құра аламыз.

Серік ОСПАН, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Ұлттық музей қызметкері:

- Бұл еліміздің ұлттық намысын оятқан үлкен рухани үрдіс болды. Баяғыда елдің атын батырлар, ақындар, палуандар шығарған. Сәрсенбай Оспанұлы сол үрдісті жалғастырып, өзінің ел көріп, көш көргенің, осындай үлкен шара жасау арқылы көрсетіп жатыр. СПТУ-да он шақты жыл мастер болып, шаруашылық жөніндегі СПТУ-дың басшысы болған. Сегіз қырлы, бір сырлы. Қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Өзі токарь, өзі слесарь, өзі ұста, өзі зергер адам.

Байқоңыр ИЖАНОВ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:

- Сәрсекең еш уақытта атақ-данқ үшін өзін бір елге жариялап, марапат алу үшін өмір сүрген емес, еңбек еткен емес. Қаншама еңбек жасады. 70-ке жетті. Біреуінде ешқандай наградаға ұмтылған емес. Қазірде де сол бір атақ-даңқ үшін емес. Мына Ұлытаудың ұлылығын, қазақтың құндылығын, керемет тарихы мен мәдениетін дәріптеп, өзіне мақсат қылу бұрыннан келе жатқан арманы еді.

72 жастағы жиһанкез әрі қарай Көкшетауға қарай бағыт алып барады. Одан әрі солтүстікке тартып, Петропавл, Қостанайды көреді. Ары қарай батысқа бағыт алып, Ақтөбе, Орал, Атырау, Бейнеуге барып, Ақтауда марафон мәресіне жетеді. «Дегенмен бұл сапардың соңы емес. Меккеге жаяу барсам ба деген де арманым бар. Бірақ ең алдымен, өз елімнің тауын-тасын, суын танымай, өз көзіммен көрмей, қалай ғана өзге елге барамын, ол жерде егер менен туған жерім жайлы сұраса, көрмедім деймін бе? Адам ең алдымен өзінің елін, жерін, тарихын, құндылығын, тарихи-мәдени мұрасын тану керек, содан кейін ғана өзге елге баруға болады», - дейді Сәрсенбай Оспанұлы.  

Зарина ӘШІРБЕК,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер