Спорт журналисті Аслан Қаженов желіде Қазақстан атынан ойнайтын хоккейшінің ешқандай жеңіске қол жеткізбесе де, айына мемлекеттен миллиондап ақша алатынын айтып, спорт саласын басқаратын азаматтардың ісін сынға алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ол бұл туралы фейсбуктегі парақшасында былай деп жазды:
"Ашығын айту керек, бір айлығымыз бір ай өмір сүруге жете бермейді. Елордада, тіптен, мүмкін емес. Амал жоқ, қосымша жұмыс іздейсің. 4-5 жерге тіркеліп, жүктемені үйіп аласың. Тағы да жобалар шығып жатса, одан да бас тартпайсың. Вообщым күніне 18-20 сағат жанталасып жүресің. 2-3 сағат ұйықтайсың. Үнем болсын деп обедтен де бас тартасың. Интернетті ашасың. Баааам! «Барыс» сапындағы мына жігіт (Никита Михайлис-хоккейші-ред.) айына 32 млн теңге алады деген ақпарат тұр. 32 МЛН ТГ. Жылына - 386 500 000 теңге. Біз бір депутат 1 млн алғанына шамданамыз. Мынауың 32 депутаттың ақшасын алып жүр. Ал, нәтиже нөл. Бұлардың елге де, ұлтқа да, спортқа да әкеліп жатқан ештеңесі жоқ. Бір ауыз қазақша сөйлей алмайды. Құрлықтық Лигада плей-оффтан ары аспайды. Әлем чемпионатында 7 команданың 6-ауынан ұтылады. Бірақ, 32 млн жалақы жүріп жатыр".
Журналистің айтуынша, біздің елімізде спортшылардың барлығын, әсіресе, легионерлерді "Самұрық" компаниясы қаржыландырады. Ал "Самұрық" ол қаржыны қайдан алып жатыр?!
"Президент өткен жолдауында кәсіпқой спорт шығынын қысқартуды тапсырды. Ал спорттың басы-қасындағыларға бәрібір. Басын бір изеді де, тірліктерін жалғастырып жүр. Салдарынан отандық спорт ішінен "іріп" жатыр. Өзімізден де кінә бар. Осылар халықтың "мойнында" отырғанын білеміз. Үндемейміз. Солай болу керек шығар деп ойлаймыз", — деп жазды ол желіде.
"Адырна" ұлттық порталы.