Жанып тұрған от еді, немесе Баубек Бұлқышұлы кім еді?

3444
Adyrna.kz Telegram

Жиырмасыншы ғасыр. Ия, күні кеше ғана өткенге айналған тағы бір жүзжылдық. Жиырмасыншы ғасыр керемет тұлғаларға бай еді. Қазақтың маңдайына біткен таудай биік ұлдары мен қыздары қаншама еді десеңізші?! Солардың бірі Баубек Бұлқышұлы. Құрметті оқырман, мүмкін бұл сөздерді оқыған соң ол кім еді, дерсіз.

1978 жылы 13 шілде күні Қазақстанда журналистерге берілетін Баубек Бұлқышұлы атындағы сыйлық тағайындалды. Ия, замандас, енді не үшін деп сұрақ қоярсыз. Бұл сұрағыңызға былай деп жауап беремін:

Отаным деп соққан жүрегі үшін. Туған елінің жарқын болашағын армандағаны үшін. Өз жерінің бақытты өмір сүруіне қосқан үлкен үлесі үшін.

Баубек Бұлқышұлы кім еді? Бұл сұрақтың жауабын білгісі келетін әр адам төмендегі жолдарды оқысын:

 

ШЫҒЫС ҰЛЫНА ХАТ

Шығыс ұлы! Біздің қазіргі уақыттағы орнымыз қанды майдандағы қызу ұрыста ғой, «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку еңку жер шалмай» біздің ісіміз бітпейін нағыз қызу кезең осы емес пе, Шығыс ұлы?

...Отан деген бір-ақ сөз. Бірақ осы сөздің мағынасына тең келер ешбір сөз жоқ. Сол ардақты Отан бүгін қауіпте тұр.

Менің көз алдыма: «Қарағым ұлым, тағдырым сенің қолыңда», - деп тұрған ізгі ана – қазақ әйелінің бейнесі келеді. Бұл маған Отан өміріне төнген қауіпті аңғартады. «Ұланым, туған еліңді сақтап қал!» - дегендей болады. Осы лебіз жанды жанып, күш қуатты тасытады.

-  Сақтаймыз, ана, өміріңді сақтаймыз, - дегің келеді, сөзбен емес,іспен ақтауға ұмтыласың.

Шығыс ұлы! Туған елдің келешегін сақтауға біз міндеттіміз. Ендеше қазақ қыздарының ғасырлар бойы «Елім-ай» деп сары даланы күңірентіп салған зарлы әнін бүгінгі күні жаңа күймен ұрыс алдында біз шырқасақ, оның айып-шамы жоқ.

...Отан бізге қолымызға қару, бойымызға қуат беріп, өзіңнің сүйікті Арқаңды, сұлу Шыңғысыңды, қонақжай халқыңды қорға деді. Сол Отан, бүгін менің тағдырым сенің қолыңда, жауынгер, деп отыр.

...Асылы, біздің халық намысқой, «Өлімнен ұят күшті» дейтін халық қой. Сондықтан біз өлімнен намыс жоғары дегенді жау оғының астында да қайталап айтамыз.

Мықты бол Шығыс ұлы! Біз қазір шабуылға шығамыз...

Батыс майданы. 1942 ж.»

Бұл сөздер дәл бүгін жазылғандай. Солай ғой құрметті оқырман?!

Белгілі ақын Әбу Сәрсенбайұлының естелігінен:

«1939 жылдың жаз айлары болса керек. «Сындарлы жас жігіт кабинетке кірді де, есік алдында бөгеліп қалды. «Иә, інішек, бері кел. Қандай шаруа?» «Жігіт биязы ғана жымиып, қолындағы қағазын ұсынды... «Баубек Бұлқышұлынан... мені іс басқарушылық қызметке алсаңыз екен...» Арызын орысша  өте сауатты жазыпты. Жолдары да түп-түзу, әріптері де маржандай тізілген, әдемі-ақ. Бұл жұмысты басқаратын адамды өткен аптада босатқанбыз. Қызметкер керек екені де рас. Дегенмен ойланып қалдым. Қазақтың сауатты жастары бұл жұмысқа үйір болмайтын. Олар редакторлық, не корректорлықты қалайтын. Ал мынау іс басқарамын дейді. Әлде қазақша оқымады ма екен? «Қарағым, қазақша сауаттымысың?» Жігіт тағы да жымиды... «Шүкір, оқып жазарлығым бар...» Арызын кері ысырдым. «Мүмкін, кіші редакторлық, не корректорлыққа деп қайта жазарсың?» Жігіт басын шайқады. «Жоқ, аға, маған әзірге осы да жетеді. Аналар қолымнан келмес, үлкен тәжірибе керек шығар». Қарсылық етпедім».

Естеліктің тағы бір жеріне зер салайық: «Апталар, айлар өте берді. Балғын жігіт өзінің ұқыптылығын аңғартты. Оның бойында жас шамасына тән жеңілдік жоқ еді. Мазасыз жұмыстан қолы босаса болғаны журнал, кітаптардың беттеріне үңілер еді».

Ия, ол сондай болатын. Дәптеріне ұлы адамдардың ғажап пікірлерін көшіріп жүретін. Осылайша адамзат тарихында өзіндік ерекше орын алған ұлы тұлғалармен сырласа білетін. Солардай болсам деп армандайтын. Бірақ соғыс жас жігіттің жоспарын бұзды. Жас жігіттің ғана жоспарын емес, сұм соғыс бүкіл бір елдің тыныштығына қол сұқты.

Қазақ айтқандай «Көппен көрген ұлы той» демекші Баубек Отанын қорғау мақсатымен майданға аттанады. Басқалар бір қарумен соғысса Баубек қос қарумен соғысты. Бірі оқ ататын қаруы болса, екіншісі қаламы еді. Жазушы Мұхтар Әуезұлы ол туралы жазатыны да осы кез: «Баубек Бұлқышұлының «Өмір сүргім келеді» деген мақаласы шығыпты. Меніңше ол өте жақсы жазылыпты. Ол өзі сөйлемейді, жүрегін сөйлетіпті. Шіркін, соғыстан аман қайтса, жазушы болайын деп тұрған дарын екен».

 

ӨМІР СҮРГІМ КЕЛЕДІ

Мен өмірде бірінші рет ай жарығында хат жазып отырмын. Қағазға қаз-қатар түскен жолдар жақсы көрінсе де, қайта оқып шығу қиын-ақ. Сондықтан шалғай тұрған сөздерді өзгертіп, қатесін түзеуге болар емес. Қатем болса өкпелемей, олпы-солпысын өздерің түзетерсіңдер деп ойлаймын.

...Айқасқа кірер алдында дүниенің бәрі де өзінің дәл қалпынан анағұрлым әсем көрінеді, өзіңде күндегіңнен өзгеріп кеткендей көрінесің. Ұйқың келмейді. Бірдеме істегің келеді. Не айғай салып, не мылтық атқың келетіндей. Атысқа дейін әлі уақытым болғандықтан мен, міне хат жазып отырмын. Кейде жазған жазудың да атқан оқтай атылатын кезі болады.

...Міне, тап бүгінгі түнде, таңертеңгі ұрыс алдында, туған елім мен барлық халқыма, тіпті барлық адам баласына: «Мен өмірден алатын еншімді әлі алғаным жоқ, мен өмірді қатты сүйемін, менің өмір сүргім келеді» - деп бар дауыспен айғайлағым келеді. Мен мұны ертең мені өлтірер-ау деп қорқып айтып отырғаным жоқ. Мен соғыстың барлық қауіп-қатерін де білем. Мен үшін ертеңгі күннің ерекшелігі де осында».

Қазақтың қара домалақ арманшыл баласының соғыс кезінде жазғаны соншама ойлы да өткір болғандықтан, атағы бүкілодақтық «Комсомольская правда» және басқа да басылымдар арқылы бүкіл елге кеңінен тарады. Баубектің "Өмір сүргім келеді» туралы "Мені хат деген басып кетті. Совет Одағының бұрыш-бұрышынан 200-ден аса хат алдым» деп жазатыны осы кез.

Баубек Бұлқышұлы Ұлытаудың бауырында туды. Кейін қаламы төселген кезде жазған  мақалаларына «Ұлытау ұлы» деп қол қоятыны да туған жеріне байланысты болса керек.

Әке-шешеден ерте қалған жас балаға жақын туысы Сейітжан Смайылұлы қол ұшын созады. Баубек намысқой болып өседі. Бір Дана есімді жеңгесі оны ылғи Қоңыр тентек деп атайды екен. Сол "тентек" дегенге іштей жақтырмай жүреді екен. Бір күні жеңгесі:

- Қоңыр тентек, тоңа қоймассың, сонау шіліктің арасында осы ауылдың бір топ бұзауы жүр, барып қуып келе ғой, - дейді.

Баубек:

- Жарайды, - деп жүгіріп кетеді. Бұзауларды қуып келеді де, әлгі жеңгесіне: - Дана жеңгей, бұзауларың келді, байлап ал. – дейді.

Біраздан соң үй шаруасымен болып жүрген жас келіншек түтін басып кеткен үйінен қақалып-шашалып шығады. Ал Баубек болса бұл кезде үйдің төбесінде, пештің мұржасын жауып отыр еді. Оның осынысын байқаған жеңгесі:

-  Қалқам-ау, оның не, үйді түтін алып кетті ғой, - дегенде:

-  Тентек адам не істемейді, - деп жүре беріпті. Жеңгесі содан кейін

Баубекті тентек дегенін қойып, «Мырза жігіт» атап кетіпті.

Баубек 1932 жылы туысы Сейітжан Смайылұлының оқып білім алуына игі ықпал етуімен Қарсақпай заводындағы ФЗО-ға - фабрика-завод училищесіне оқуға түседі. Ол оқуға өте алғыр еді. Бірде мұғалімі он екі амалмен шығатын есеп бергенде, Баубек бірінші болып шығарады. Оқу  бітірген соң 1932-1934 жылдары «Ұлытау» совхозында жұмыс істейді.

1935 жылы тамыздың орта шенінде Баубек оқу іздеп Алматыға жол тартады.  Алматыға досы Ғабдолла екеуі көшіп келерде кітап толы жәшіктерді көтеріп келген еді. Бұл жөнінде Баубектің әзілдеп шығарған өлеңі де бар:

Арқада кітабымыз толған жәшік,

Келсін деп сенбегендер көрсін ашып.

Оқуға шын тілекпен аттандық біз,

Қол созып ілгеріге аяқ басып.

Болсақ та әрі жетім, әрі нашар,

Қараймыз алдымызға көзді ашып.

Ықыласпен оқымақпыз алғы күнде,

Жүрсек те шаршап, шалғып, қарын ашып.

Әрдайым әзіл-шынын араластыра сөйлеуінің себебі оның көңілінің ашықтығында еді. Жақын досы Мұқан Иманжан туралы: «Бірінші мақсатым Мұқанды үйлендіру, роман жазу, жазушы болу қиын емес. Мұнда Мұқанға қыз табу, үйлендіру қиын болды ғой» - деп достарын жарасымды әзілдермен күлдіріп жүретін. Достыққа да адал болатын. Достары да оны қадірлейтін. Оның көптеген хаттары осы Мұқан досының үйінде сақталды.

Соғыстың аты соғыс. Баубек Бұлқышұлы қазақтар және өзге ұлт өкілдерімен бірге жан аямай шайқасты. «Бұндай адамдармен жеңіске жетпеу мүмкін емес. Мен ұрыс даласында кейде қызбаланып кетіп, өзім де байқамай бұйрықтарды қазақша бере бастаймын. Жауынгерлер менің сол бұйрықтарымды бұлжытпай орындайды. Қазақ тілін түсінбейді, бірақ сөздерімді жүрегімен түсінеді. Себебі бәріміздің мақсатымыз бір».

«Жазуға асықпау керек, білуге асығу керек» деген жүрегі жалындаған Баубек Бұлқышұлы 1944 жылы наурыз айында туған жері Ұлытаудан алыста, Ново-Юльевка елді мекенінде ерлікпен қаза тапты.

«Жақын арада мен мен бір жас ақынның соғыста өлгенін көрдім, ол соғыста батырларша алысты да, батырларша өлді. Өлер алдында Байрон есіне түсіп кетті де, қойын дәптерін баспаға тапсыруға бізге берді. Дүниемен қоштасар кезеңде өлеңдерінің өмір сүруін ойлады, соны медет етті. Оның өлгеннен кейін де өмір сүргісі келді. Ол өмірі – жұрт оқитын өлеңдері».

Баубек Бұлқышұлының бұл сөздері өзі туралы  жазыллғандай.

«Мен – ұлы жиырмасыншы ғасырдың жасымын. ...Мен дүниеде жиырма-ақ жыл жасамадым ба? Бірақ дәл қазір ересек адаммын деп айтуыма болады. Мен жиырмадамын, бірақ мендегі ой ақсақалды, байсалды, талай белді артқа салған адамның ойындай».

Ол халқына орасан зор рухани мұра қалдырды. Сонысы жоғалмаса екен. Ұмыт болмаса екен.


Бердалы ОСПАН,

"АДЫРНА" ұлттық порталы

Пікірлер