Қазақстанда екі ресейлік техникалық жоғары оқу орындарының филиалы ашылады

3007
Adyrna.kz Telegram
Фото: dknews.kz
Фото: dknews.kz

Қазақстанда екі ресейлік техникалық жоғары оқу орындарының филиалы ашылады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы «Ашық НҚА» сайтында жарияланды, деп хабарлайды  “Адырна” ұлттық порталы.

«МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында, ал И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында құрылады», - делінген құжатта.

Филиалдардың білім беру бағдарламасына қазақ тілі мен Қазақстан тарихы пәндері енгізіледі. Бұйрыққа сәйкес, оқу мерзімі Қазақстандағы филиалдарда 2 немесе 3 жыл, ал Ресейдегі бас университет базасында 1 немесе 2 жылға жоспарланған.

«Білім беру процесі бас жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамын тарта отырып ұйымдастырылады. Олардың әрбір филиалдағы үлесі кемінде 50% болмақ. Филиалдар мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберіндегі қаражат, ғылыми жобаларды қолдау, инвестициялар және тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қаржыландырылады», - деп жазылған бұйрықта.

Филиалдар өз қаражаты немесе өзге де қолдау көздері есебінен студенттерге грант, стипендия мен басқа да төлемдер жасайды.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер