Жаңа Қазақстанға қош келдік пе?

2409
Adyrna.kz Telegram
Фото: Facebook
Фото: Facebook

Сонымен, референдум өтті. Конституция өзгерді.

Кеше сайлау учаскелеріне халық жақсы келді. Саналы келді. Жұрттың жүзінен үміт көрдім. Болашаққа деген сенім жетелеп келген миллиондаған адамның үміті ақталса екен…

Алайда бір адамның бастамасы немесе басты ереженің өзгергені үмітті ақтап бермейді.

Дауыс беруге келген миллиондаған адам Ата заңдағы өзгеріс сияқты өзгеруге тиіс.

Өзгеріс неден басталуға тиіс? Меніңше, басты өзгеріс заңға бағынудан басталуы тиіс. Заң бәріне бірдей. Заң үстем. Айталық, көлікте белдік тағу керек пе? Жылдамдықты сақтау керек пе? “Сергекке” түсіп қалам немесе айыппұл салады деген қорқыныштан заңға бағынбау керек, адамның ішкі мәдениеті соған жібермеу керек. Кез келген елде осындай миллиондаған ереже бар. Адамның ішкі мәдениеті ортақ ережеге бағындырмаса, әрқайсының басында “Сергек” тұрған жоқ.

Барлық азамат, қоғамдағы мәртебесіне қарамай, мейлі ол президент болсын, мейлі ол аула сыпырушы болсын, қабылданған ережені сақтап өмір сүрмесе, елде ешқандай өзгеріс болмайды.

Елестетші, алаңдағы 22 футболшы ортақ ережеге бағынбай ойнаса не болмақ?! Хаос болады.

Сондықтан, Басты ереже - Конституция өзгергеннен әрбірімізден күтілетін талап - заңға сәйкес, ұят-ар компасына сәйкес өмір сүру. Сонда ғана шынайы өзгеріс болады. Сонда ғана Жаңа Қазақстан туады.

Конституция өзгерді, енді бәрі өзгеріп кетеді екен деген жалған үміттен сақтандырғым келеді. Конституциядағы өзгеріске дауыс беру - бұл сіз істейтін ең оңай жұмыс, минимум, тауға шығардағы алғашқы қадам. Ал үлкен жұмыс алда. Асулар алда. Бұл - күнделікті жұмыс, өзімізбен жүргізетін ішкі жұмыс.

Шыңғыс Мұқан,

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары

Пікірлер