Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Алматы қаласында өткен саясаттанушылардың «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты Х Конгресіне қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "24.kz"-ке сілтеме жасап.
Форум жұмысына белгілі сарапшылар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, тарихшылар мен гуманитарлық саланың өзге де өкілдері қатысты.
Ерлан Қарин өз сөзінде еліміз бен әлемде болып жатқан процестердің барлығын терең сараптаудың маңызды екенін атап өтті.
"Оқиғалар мен құбылыстарға сапалы сараптама жасау үшін оның сан алуан себебін ескере отырып, жан-жақты зерттеу керек. Сонымен қатар, сарапшылардың талқылаулары мен пікір алмасуларын ұйымдастырған жөн", — деді ол.
Мемлекеттік хатшы Жаңа Қазақстан туралы пікірталасты әлемдік саяси және экономикалық дамудың негізгі үрдістерді ескере жасау қажет екенін айтты.
Ерлан Қарин Президенттің елімізді саяси жаңғырту тұрғысындағы бастамалары жайында сөз қозғап, конституциялық реформа мен алдағы референдумның мәні мен маңызына ерекше тоқталды.
Мемлекеттік хатшының пікірінше, конституциялық реформалардың нәтижесінде суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға көшуге, бірқатар билік өкілеттіліктерін қайта бөлуге, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейтуге, елді басқару ісіне халықтың араласуын арттыруға, азаматтардың Ата заңмен белгіленген құқықтарының механизмін жетілдіруге қол жеткіземіз.
"Адырна" ұлттық порталы.