Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің Қытай сапары кезінде Жэньминь университетіндегі баяндамасы қытайлық қоғамда қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
22 қарашада Ерлан Қарин «Қазақстанның реформасы және Қытай-Қазақстан тұрақты жан-жақты стратегиялық әріптестігі» тақырыбында дәріс оқыды. Дәріс соңында Қытай Мемлекеттік кеңесі Дамуды зерттеу орталығының маманы, ресейтанушы ғалым Ван Сянжу қойған сұрақ оқырмандар арасында кең талқыланып, ғалымның өзі сынның астында қалды.
Ван Сянжу Қазақстандағы бала туу көрсеткішіне таңданысын білдіре отырып, өз елінде әйелдердің тұрмысқа шығуға және бала тууға құлықсыз екенін атап өтті.
«Қазақстанда барлық жерде балаларды көрдім. Бұл мемлекетіңіздің қолдау саясатының нәтижесі болуы мүмкін. Ал Қытайда әйелдер бала тууға ынтасыз. Оларды үлкендер де, басшылар да көндіре алмайды. Қазақстанда әйелдерді ерте әрі көп балалы болуға қалай көндіресіздер?», - деп сұрақ қойған.
Бұл сөздер әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, қытайлық әйелдердің наразылығын тудырды.
Ал ҚР Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әйелдерді ешқашан мәжбүрлеуге болмайтынын кесіп айтты. Ол Қазақстандағы әйелдердің құқықтары, адам құқығын қорғау және балалар қауіпсіздігі мәселелерінде маңызды реформалар жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы Ұлттық қордан жаңа туған әрбір балаға дивиденд бөлінетінін, бұл механизм елдегі әлеуметтік қолдаудың маңызды құралы екенін жеткізді.
Бұл диалог қытайлық интернетте үлкен пікірталас тудырды. Кейбір қолданушылар Ерлан Қариннің жауабын жоғары бағалап, оны өркениетті және батыл деп атады.
70 жастағы Ван Сянжу Ресей және Орталық Азия мәселелері бойынша сарапшы. Алайда бұл оқиға оның беделіне сызат түсірді. Қытайдың Жэньминь университеті оқиғадан кейін бұл сұхбатты өз сайтынан өшіріп тастады.