Түркістан облысында бес ауылдың жайылымдық жері аудандағы ірі шенеуніктің туыстарына берілген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Тұрғындардың айтуынша, кезінде жер үлесі ретінде берілген телімдер Сарыағаш ауданының жер қорына деп алынып, оны аудан әкімі орынбасарының туыстары 49 жылға жалға алыпты. Оған қоса, алқапты айналдыра қазып тастаған. Ал "ауылда мал жаятын жер жоқ" дегендер енді бай-бағландар алып қойған аумақты қайтара алмай жүр.
Сарыағаш ауданындағы Құрсай, Тасқұдық, Сарысу, Қарақалпақ пен Шәйхана ауылдарында мал жаятын жер жоқ. Төрт түлік ауыл ішінде көк қуалап жүр. Ауылдың дәл іргесіндегі жерлер жекеменшіктің қолына өтіп кеткен. Кезіндегі жайылым жерлерге егін салғандар болса, оны айналдыра өздігінше қоршап тастаған.
Ауыл маңындағы асфальт жанындағы тақыр учаскелер тұтас ауылдың жайылым жері. Ал іргедегі көз жетпес алып аумақ бірер кәсіпкерге тиесілі екен. Кезінде ел пайдаланған жерді 49 жылға жалға алғандар айналдыра ор қазып тастаған. Сондықтан бұл жерден не адам, не мал өте алмайды.
Ал ауыл маңындағы онсыз да тар жайылым тағы екі-үш айдан кейін мүлдем тақырға айналады. Малын тойдыру үшін жұрт амалсыз жем-шөп сатып алуға мәжбүр. Бес ауылдың жұрты бұл туралы ауыл әкімінен бастап, аудан басшыларына дейін сан мәрте айтқан. Бірақ әзірге нәтиже жоқ.
"Халықтың 90 пайызы жұмыссыз. Жұмыс жоқ, мал асырайын десе, жайылым жоқ. Осынша халыққа 220-ақ гектар жайылым бар. Малды ауыл арасында жайып отырмыз. Не жұмыс жоқ, не мал асырайтын табыс көзі жоқ. Халық қиналып отыр. Негізгі егістіктің жердің өзі 6 мың гектар еді, бір 2 мың гектардай жайылым бар еді. Оны әркім үлестіріп алып қойған", – дейді Сарыағаш ауданының тұрғыны Көкұлы Шерімбетов.
Колхоз, совхоз тарағанда әр отбасына егістік пен жайылымға деп 15 гектардан жер берілген. Бірақ екі мыңыншы жылдары аудан қорына алынып, кейін бай-бағландарға өткен. Ең қызығы, соның бәрі аудан әкімі орынбасарының туысы дейді.
"Ол жер негізінен, халықтың үлесіндегі жерді қазіргі аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Тәліповтің туысқандарының жекеменшігіне кеткен. Екі мың гектар сол кісілердің қолында. Қарапайым халықтың жері. Егістік, жайылым жер. Ол бізге бөлінген жер. Ал бізге әкімшілікке алдап келген, осы жер күйді, мына қағаз жүрмейді деп. Заң жүзінде ол қағаз жүретін болып жатыр. Ол алған жекеменшіктің ауылға қандай қатысы бар? Ешқандай қатысы жоқ, бұл ауылда тұрмаған", – дейді Сарыағаш ауданының тұрғыны Оңалбай Ибрагимов.
"Жер телімін тек туыстарына бөліп берді" дегенді естіп ауыл халқымен кездесуге әкім орынбасары да келді. Нұрполат Тәліповтың айтуынша, туыстарының жер алғаны рас екен. Бірақ олар егін егіп, жұртқа жұмыс тауып беріп жатыр дегенді алға тартады. Ал жердің беріліп кеткеніне қызметінің қатысы жоқ екен.
"Бұның бәрі бекер сөз. Мен аудан әкімінің орынасары болып бұрыннан істеп келе жатқан жоқпын ғой. Кеше ғана келіп, 10-15 жыл ішінде істеп жатырмын. Мен басқа салада істеп жүрген кезімде алынған. Бұл жерлер 2005-2004 жылдары алынған", – дейді Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Тәліпов.
Десе де жұрт айыптаған шенеунік ауданда бір жарым миллион гектар жер тапшы екенін мойындайды. Бірақ ауыл іргесіндегі жалға кеткен жерлерді қайтарсақ, жекеменшіктің құқын таптаймыз деп отыр. Ал әкімдерден қайран жоқ деген бес ауылдың жұрты енді жаппай қол жинап, сотқа жүгінетінін жеткізді.
"Адырна" ұлттық порталы.