Мәжіліс депутаты: 30 жыл үндемей, президентті мақтаумен болдық. Нағыз саяси күрес енді басталды!

14734
Adyrna.kz Telegram

"Нағыз саяси күрес енді басталды, тарих сахнасына жаңа тұлғалар шығады. 30 жылдық саясат бізге мұндай мүмкіндіктер бермеді. Бізде жабық саясат болды, ашықтық болмады. Тек қана екі таңдау - не билікті мақтайсың, не мүлде үндемейсің... Болашақта сайлауға түскен үміткерлер жеңіске жеткілері келсе, халыққа жақын болуға және әрқашан кездесулер ұйымдастырып отыруға мәжбүр болады". Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы Adyrna.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

 

ШЕТЕЛДІК САЯСАТКЕРЛЕР ЖАСТАРҒА ЖАҚЫН, КЕЗДЕСУДЕН ҚАШПАЙДЫ. БІЗДЕ НЕГЕ БӘРІ КЕРІСІНШЕ? 

 

"Неге Үкімет өкілдері, әкімдіктер жастармен кездесуге бармайды? Оның бір саяси астары бар. Қазір міне біз ауыл әкімдерін сайлай бастадық қой. Дәл осы сайлау басталғаннан кейін сол механизм іске қосылуы керек. Ендігәрі сайлауға түскен азаматтар әрқашан үлкен кісілермен, жастармен кездесетін болады. Ол оның атқаруы тиіс міндетті жұмысына айналады.  Бүгінгі күні біз мына ауыл әкімдерін сайлауды бастадық, ертең аудан әкімдерін, қала әкімдерін сайлаймыз, партия форматы ауысады. Болашақта сайлауға түскен үміткерлер жеңіске жеткілері келсе, халыққа жақын болуға және әрқашан кездесулер ұйымдастырып отыруға мәжбүр болады"

Мәжіліс депутатының айтуынша, біздегі саяси жүйе бұрын "жабық" сипатта болды.

"Ал дәл қазір бәрі басқаша сипат алуда. Мемлекет басшысы елде саяси реформалар жүргізуді қолға алды. Сайлаудың жаңа форматын ауыл әкімдерінен бастадық, кейін аудан, қала әкімдері сайланатын болады. Тарих сахнасына жаңа тұлғалар келе бастайды. Әлбетте, бәрі бір мезетте ауысып кетпейді.  Әуелі 30 пайызы ауысады, сөйтіп біртіндеп-біртіндеп алдағы 4-5 жылда біразы жанарады. Билікке енді келгендер осындай ашық форматқа бейімделуі керек. Сіз билік өкілін "жастармен кездесуге шақырдыңыз" делік. Ол міндетті түрде сіздермен кездесуге шығуы керек. Өйткені, сіздер сайлаушыларсыз. Ертең "бұл адам кездесуге келмеді" деп жазасыздар. Сөйтіп, ол сіздермен кездесіп, сөйлесуге мәжбүр болады. Осылай жаңа мәдениет қалыптасады"

Берік Әбдіғалиұлының мәлімдеуінше, бүгінгі күнге дейін депутаттар партия атынан сайланды. Ендігі уақытта Мәжіліс депутаттарының 30 пайызын тікелей қазақстандықтар сайлайтын болады.

"Енді 30 шақты депутатымыз Мәжілісте тәуелсіз депутат болады. Оны халық тікелей сайлағаннан кейін ол өзіне артылған жауапкершілікті сезінеді. Егер ол сіздің көңіліңізден шықпаса, -1 сайлаушыны жоғалтады. Сондықтан ол міндетті түрде кездесуге келеді. Міне, осылайша мүлде жаңа формат қалыптасады. Дәл қазір барлығы партияның деңгейінде ғой. Партиямен келгендердің көбісі мықты, білікті мамандар. Бірақ, мына "жария саясат" дейміз ғой. Олар оған үйренбеген. Ол өзінің нақты жұмысын білуі мүмкін. Бірақ интервью, сұхбат, кездесулерде оған неше түрлі сұрақтар қойылғандықтан, ол оның бәріне жауап беруге қысылады. Себебі, белгілі бір шеңберден шықпаған. "Мен оның бәрін қайдан білейін" дегендей. Сондай нәрселерді айтуы мүмкін"

Депутаттың айтуынша, біздегі билік өкілдері тек өзінің мамандығы бойынша сөйлескісі келеді. 

"Мен өзім бұрыннан саясат саласында жүргесін маған оңай. Мен келемін де кездесе беремін, білетінімді айтамын, білмейтінімді білмеймін деп айтамын. Мұндай ашықтыққа, жариялыққа мен үйренгенмін. Билікте ондай адамдар аса көп емес. Өйткені, олардың көбісі әр саланың маманы, сондықтан тек өзінің мамандығы бойынша ғана сөйлескісі келеді. Тек мамандығы бойынша ғана сұхбат алсаңыз, қуана-қуана сұхбат береді. Дәрігер денсаулық мәселесін таңнан кешке дейін айтуға дайын, тек басқа мәселелерді сұрама дейді. Сол сияқты заңгер де, ауыл шаруашылығы да өз саласының мамандары. Былай қарасаңыз, ондай мамандар да қажет. Өйткені, мысалы мен денсаулық саласы бойынша көп нәрсені түсінбеуім мүмкін. Белгілі бір мәселелер болса, барамын да сол әріптестеріме айтамын. Сол сияқты мамандар әрине керек. Дегенмен де, оларға да талапты күшейту керек. Ашықтық, жария саясат мәселесі қолға алынуы тиіс. Депутат болды ма, ақыры  саясаткер болуы керек"

Қоғамға барынша ашық болу мәселесімен билік өкілдері ақырындап айналысып жатыр...

"Келгенімізге бір жыл ғана болды ғой. Менің ойымша, нағыз өзгерістер енді орын алады. Өйткені, жаңа заңдар қабылдаймыз. Қазіргі биліктегілер тек тәжірибе жинауы керек. Ал болашақ депутаттар қоғаммен барынша ашық болуға міндетті болады. Мемлекет басшысы атап өткендей, әкімдердің өздері де, тіпті облыс әкімі болсын, қала, аудан, ауыл әкімі болсын тек қана функционал емес ендігәрі саясаткер болуы тиіс. Түрлі мәселелерді саяси деңгейде түсіндіре алатын, халықпен кездесіп, ашық әңгімелесе алатындай тұлға болуы керек. Бұл заманның, жалпы қоғамның талабы"

 

30 ЖЫЛ ӨТТІ. ЖАСТАР ЕЛІКТЕЙТІН ТҰЛҒАЛАРДЫ ТАРИХ САХНАСЫНА НЕГЕ ШЫҒАРА  АЛМАДЫҚ?  

"Жастар еліктейтін тұлғалардың болмауы дегенде, жастарды қазір қандай құндылықтар  мазалайды? Мәселе осыда. Мысалы, егер жастарды қазір саяси құндылықтар қызықтырса, шын мәнінде ол жағынан еліктейтін тұлғаларымыз өте аз. Бірақ сонымен қатар жастардың арасында басқа да құндылықтар бар. Спорт, ғылым, білім саласы болсын. Әрбір салада біздің мықтыларымыз бар. Бірақ дәл осы саясатқа келгенде, өкінішке қарай жастардың құндылығын ақтай алатын, соған сай келетін тұлғалар өте аз болып тұр... 30 жылдық саясат бізге мұндай мүмкіндіктер бермеді. Бізде жабық саясат болды, ашықтық болмады. Тек қана екі таңдау - не билікті мақтайсың, не мүлде үндемейсің..."

Оның айтуынша, билікті жамандадың ба? Сенің шаруаң бітті. Енді не шетелге қашып кетуің керек, не болмаса жұмыссыз қаласың.

"Өкінішке қарай, бізде осы күнге дейін нағыз шынайы саяси күрес болмады. Шынын айтсақ, елден кетіп, сыртта жүрген саясаткерлер де кезінде улап-шулап еді. Тіпті олардың өзі қазіргі жастарға қызық болмай қалды. Керісінше қазір жастардың арасынан жаңа тұлғалар шығып жатыр. Нағыз күрескер жастар өсіп келеді. Жастар қандай құндылықтарды бағалайды? Ең бірінші - адалдық. Жастар еліктегісі келетін саяси тұлға адал болса, қайраткер болса, күрескер болса, қызметте жүріп қаражатты, жеке басты ойламаса - сол нағыз үлгі алуға болатын кумир болмақ. Міне, біздің жастар сондай тұлғаларға зәру... Ондайлар мүлдем жоқ демеймін, биліктің өзінде, биліктен кеткендердің арасында ондай тұлғалар бар"

Оның айтуынша, біздің қоғам рухани бай, көзі ашық, көкірегі ояу, намысшыл, өзінің батырлық феномені бар нағыз ұлт тұлғаларына зәру...

"Егер күндердің күнінде бір тұлға келіп, біраз шындықты еш бүкпесіз айтып шықса, бәрі оған қол шапалақтап, көкке көтере бастайды. "Ооо, міне нағыз батыр" деп. Біздің қоғам нағыз батырды аңсайды. Елім деп еміренген шын батырларға зәруміз. Алайда, ол белгілі бір нәрсені дұрыс айтты ма, бұрыс айтты ма? Ол жағын қарастырмаймыз. Әйтеуір батыр дейміз. Жекпе-жекке шыққан сияқты ғой. Бірақ "батырлардың көзі соқыр" дейді ғой, айтатының айтып алады да, шын мәнінде саясат мүлде бөлек екенін ескермейді. Мына мәселелерді шешу керек деп талап етеді. Мысалы, бізде "өй анау көршілер соғысып жатыр. Біз де соғысайық. Біз қазір барып, бәрін қырамыз. Бәрі бізден қорқады" дейді. Былай қарасаңыз, шын мәнінде бұл батырлық. Алайда шындыққа тура қарасақ, бізде оларды расымен жеңетіндей күш бар ма?"

Әрине, мұндай нәрселерді көтеріп, айта білген жігіттердікі "батырлық". Біз оларды сыйлаймыз.

"Бірақ, шындыққа тура қарап жауап берейікші. Біз шын мәнінде, қазір анда барып соғыса аламыз ба?  Әскеріміздің түрі болса анау, анау жарылып жатыр, мынау жарылып жатыр. Кешегі "Қаңды қаңтарда" қорғай алмады ғой. Сондықтан, әрине батырлықтың болғаны дұрыс. Бірақ, ендігі кезекте даналық, ақыл, рух - осының бәрі бірге жүруі керек. Ал дәл қазір біз "жоқ соғыспаймыз, соғысып керегі жоқ" десек, "Еее, сендер қорқақсыңдар, сендер сатқынсыңдар, біз соғысамыз" деп шығады. Сөйтіп соғысамыз деп жүріп, Украина жарты жерін жоғалтып алды. "Біз сондаймыз, сондаймыз" деп. Оны ешкім жоққа шығармайды. Украинадағы саясаткерлердің бұл өрескел қателігін ұрпақтары енді кешіре ме, кешірмей ме? Ол жағы енді белгісіз. Бұл Украинаның бүгін емес, бұрын жасаған қателіктері ғой... Қатты қателесті"

Саясаткердің сараптауынша, Украина ешкіммен соғыспай қайта украин тілін, мәдениетін дамыта беруі керек еді.

"Кезінде Грузияда Саакашвили де, Ресеймен соғысамын деп бармағын тістеп қалды. Айтып отырмын ғой, кім не десе де, Ресейден өте сақ болу керек. Ең бастысы, еліміз бәсекеге қабілетті болатындай өз-өзімізді дамытайық, рухымызды дамыту керек. Әрине, батырлық қасиетіміз болуы керек, бірақ оны басқа жағынан көрсету керек. Әлемді білімімізбен, біліктілігімізбен жеңейік. Мәселен, Димашымыз бар, ол жеңіп жатыр. Иманбегіміз бар, ол да жеңіп жатыр. Сол сияқты азаматтарымыз қаншама. Жеңіп жатқан спортшыларымыз да жетерлік. Енді ғылым жағынан жеңейік, экономика жағынан жеңейік. Мысалы, бәрі бізге қызығып, "мә, сендер экономикадан мықтысыңдар" десе жақсы емес пе? Кіп-кішкентай елдер экономикалық жетістіктерге жетіп, әлемді мойындатып жатыр ғой. Біздің шығарған машиналарымыз, телефондарымыз, компьютерлеріміз бүкіл әлемді жауласа, сол емес пе біздің жеңісіміз? Технократ елге айналу керек. Үндістанның өзі IT саласын қолға алып, бүкіл әлемді өзіне қаратты. Былай қарасаңыз кедей ел, халық саны көп дейміз..."

Тіпті кішкентай-кішкентай елдердің өзі әлемді билеп-төстеп отыр...

"Жапонияның өзі анау робототехникасымен, жаңа технологияларымен таң қалдырса, Марк Цукерберг Фейсбукті шығарып бүкіл әлемді мойындатты. Былай қарасаңыз, ол да бір адам ғой. Фейсбукті шығарды, нәтижесінде оның бюджеті біздің Қазақстанның бюджетінен асып түсіп отыр. Біздің де арамыздан сондай мықты инженерлер, программистер, технократтар шықса, әлемді билеп алу дегеніміз осы ғой. Орыстардан да шығып жатыр, олар да қалыспай ВКонтакте, Telegram, InDriver сынды қосымшаларды шығарып жатыр емес пе. Сол сияқты қосымшаларды біз де шығарып, әлемді билеп жатсақ, міне осы арқылы оларды жеңуімізге болады. Экономикамызбен, ақылымызбен қаратайық. Димаш сынды жастарымыз көп болған сайын мықты елге айналамыз. Білектің күші емес нағыз білімнің заманы келді. Бізге дәл қазір осы керек. "Қырамыз, жоямыз» деген батырлықтың керегі жоқ"

Мен олардың батырлығын мойындаймын. Бірақ, мен олармен келіспеймін. Біз мықты болсақ, батырлығымызды басқа жағынан көрсетуіміз керек...

"Бізде шын мәнінде аға буын мен жастар арасындағы құндылықтар сәйкес келмейді. Осындай өтпелі заманда сәйкес келмеушілік бар. Өйткені, жастар қазір батырлықты талап етеді, адалдықты талап етеді. Ал үлкен кісілердің арасынан ондай қасиеттер аз табылады. Мүлде жоқ демеймін, «Қаңтар оқиғасы» кезінде шынында да, кейбір өңірлерде өз мойнына жауапкершілікті алып, жастардың алдына шығып, ақылдарын айтып, сөзбен тоқтатқан ағаларымыз болды. Мынау Маңғыстауда, Орал жақта, Қарағандыда т.б. қалаларда үлкен кісілер өздеріне артылған жауапкершілікті сезіне білді. Ал мына Алматы керісінше сипатта орын алды. Нағыз біздің зиялы қауым өкілдері шоғырланған жерде жастар тыңдайтын тұлғалар болмады. Жалпы саяси күрес енді басталды. Ертең шынайы сайлаулар орын алып, тарих сахнасына жаңа тұлғалар шығады. Мейлі ол сайлауда жеңсін, жеңбесін, бірақ, аға буын өкілдері бар, жастар бар барлығы қоғамдағы бүкіл мәселені көтеріп, ғаламтордан, теледидардан сөйлеуі керек"

Оның айтуынша, сайлауға түскен үміткерлер Хабар, Қазақстан, КТК сынды телеканалдарға қорықпай шығып, өзекті мәселелерді көтерулері керек.

"Оларды барлығы көруі керек. Сонда ғана қоғам оларды тани бастайды. Иә, бұрын оларға сөз сөйлетпейтін. Хабар, Қазақстан тіпті... Басқа каналдарды айтпағанда... Олар елдің арасында жүрді. Сөз бостандығы дейміз ғой. Олардың айтқан сөзін жастар ұйып тыңдап, қолдауы үшін нағыз ұлт тұлғаларын қоғамға көбірек шығаруымыз керек. Олардың бойында батырлығы да, даналығы да болған жөн. Үлкенді құрметтеп, кішіге ізет білдірсе -  ол даналығы, өмірді көрген, тәжірибесі бар, өзінің өмірлік жетістігі бар... Міне, осындай өзінің қарапайым сөзімен барлығын өзіне қарата алатын сондай ұлы тұлғаларымыз тарих сахнасына көбірек шығуы керек" 

Бізде қазір зиялы қауым өкілдері емес криминалитет өкілдері қаптап кетті...

"Жастар оларды тыңдайды. Отыр десе отырады, тұр десе тұрады. Өкінішке қарай... Өйткені, олар авторитет, өмірде осылай жетістікке жетіп, соны жастарға үлгі-өнеге ретінде көрсетуде. Керісінше ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын нағыз ел ағаларын іздеп, тауып, соларды тарих сахнасына теледидар, интернет арқылы көбірек шығаруымыз керек. Біздегі тұлғалардың көбі сөйлей алады. Өз пікірлерін білдіре алады. Тек мынау 30 жылда саяси жүйенің салдарынан қаймығып, бір жағынан қызығушылықтары тоқтап "ей бәрібір сөйлетпейді, мен кімге керекпін" деп бәрі іштей күйініп, қолдарын бір сілтеп жіберді емес пе..."

Сын сағатта ел мүддесін қорғайтын мықты тұлғалар ауадай қажет...

" Өйткені, Құдай сақтасын ертең тағы да халық наразылыққа шығып жатса, сондай бір ұйымдасқан түрде халықтың мұңың жеткізетін сенімді тұлғалар болмаса, ол қайтадан мынадай қақтығыстарға әкелуі мүмкін. Сөзге тоқтайтын халықпыз ғой. Сол сөзді айтатын тұлғалар халыққа жол сілтеп, алда жүруі керек қой. Ал мұндай жандарды өз арамыздан іздеп жүріп шығаруымыз керек, қоғамға таныстыруымыз керек. Ондай тұлғалар осындай бір өтпелі кезеңде сыналады, алдағы уақытта көп шығады. Өзіне жауапкершілік алған тұлғалар, ұлттың болашағына жауапкершілік алған тұлғалар - Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Абайлар... Олар  жәй ғана өлең жазып емес, өздерінің жауапкершілігін сезініп, осы "ұлтыма қалай пайдамды тигізсем екен?" деп ғұмыр кешті... Қазір де осындай тұлғалар шығуы керек"

Мұндай тұлғалардың шығуына саяси күрес себеп болады, сын сағатта бәрі сыналады...

"Саяси күрес жылдан-жылға күшейе береді. Қазір енді Мемлекет басшысы саяси өзгерістер жасап жатыр ғой. Ертең арты қалай болады екен? - деп уайымдайсың... Аман-есен, бәрі тұрақты болса екен деп. Қазір "Қаңтар оқиғасы" кезінде қудаланған азаматтарды үйлеріне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ, ол күрес әлі де болады. Сол кезде мынау ақ пен қара араласқан аласапыран заманда осындай тұлғалар шыға бастайды. Ол міндетті түрде қазіргі көріп жүрген азаматтар болмауы мүмкін.  Ендігі тұлғалар халықтың ішінен шығады. Ең бастысы, олар өзінің еңбегімен, адалдығымен, мінезімен халықтың сенімін ақтайтын нағыз тұлғалар болады. Кешегі Алаш тарих сахнасына шыққан кезде күрделі заман болды, сондықтан сондай тұлғалар шықты, бізде жәйбарақат, бәрі жақсы кезде ондай адамдар жоғалып қалады... Ондай тұлғалар қазір болмаса да, кейін міндетті түрде шығады"

Қазақ халқы ондай ұлы тұлғаларды өз арасынан шығарады, бұл табиғи үрдіс...

Алдағы уақытта өз мойындарына жауапкершілік арқалаған рухани көсемдер шығады. Ең бастысы, біздің қоғам оларды дұрыс танып, қолдау көрсетуі тиіс. Сондай тұлғаларды шығара алсақ, ұлттың да болашағы қалыптасады. Бізде енді көсемдер әр түрлі саладан шығып жатыр ғой. Дін саласында, тіл саласында т.б. Осылардың бәрін біріктіретін тұлғалар керек. Сондықтан саяси күрес шиеленіскен сайын сондай тұлғалар алға шығып, іріктеле бастайды. Өйткені, қазір біз өтпелі замандамыз. Мынау Конституциядағы заңдарға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Енді әрине бұның бәрі бірден нәтиже бермейді. Саяси күрес күшейген сайын оны тоқтату қиын болады. Мемлекет басшысы жол ашып, мүмкіншілік беріп жатыр. Партиялар тіркеледі, олардың барлығы ертең сайлауға түседі, басқа тұлғалар сайлауға түседі, біраз жаңа тұлғалар қалыптастады. Бәрі алда. Айтқандарыңыздың бәрі дұрыс. Осындай сұрақтарды қою керек. Осындай мәселелерді көтеру керек. Сұраныс болған сайын ұсыныс та болады. Егер сұраныс болмаса ондай да болмайды. Ал сол сұранысты қалыптастыру керек. Оны қалыптастыратын өздеріңіз сияқты азаматтар. Көбісі соны сезіп жүрсе де білмеуі мүмкін... Соларға нақтылап не керек екенін айтып біріктіруші күш болуымыз керек".

 

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер