«Конституциялық реформалар» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті

909

27 сәуір күні Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің алаңында «Екінші Республика: конституциялық реформалар» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті.

Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Отырысқа «Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері, мемлекеттік органдар өкілдері, саясаттанушылар, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Отырыс қатысушылары «Екінші Республика» ұғымының нені білдіретінін және оның алдында мәлімделген «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасымен өзара байланысын талқылады. Сондай-ақ, шара барысында сарапшылар елдегі саяси жүйеге негізгі заңға еңгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қалай әсер ететіні туралы пікір алмасты.

Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы Қазбек Майгельдиновтыңмодераторлығымен өтті. Ол Конституцияға енгізілетін негізгі өзгерістер мен толықтыруларды атап өтті.

«Бүгінгі таңда Конституциялық реформа бойынша жұмыс тобы өз жұмысын аяқтап, Конституциялық Кеңес аясында өзгертулер енгізу жұмыстары басталды. Қыркүйек айынан бастап аталмыш өзгертулер Парламент қабырғасында қаралып, жыл соңына дейін енгізіледі. Негізгі өзгертулерге келетін болсақ, Ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізу жоспарланып отыр. Соның ішінде Президент өкілеттілігін шектеуге, сайлау жүйесін оңтайландыруға, саяси партияларды тіркеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты өзгерістер қолданысқа енеді. Оның ішіндегі басты өзгеріс Президент өкілеттілігінің шектелгені. Бұл «Екінші Республика» қағидаты аясында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асады. Сондай-ақ, Тұңғыш Президенттің өкілеттіктеріне қатысты баптар Конституциядан алынып тасталады. Бұл ретте 91-бапта ҚР Тұңғыш Президенті – Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы мәртебесі қалады, бірақ «Елбасы» сөзі болмайды. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі мойындалып қалады, ал өкілеттілігінің кең ауқымы жойылады», – деді Қазбек Майгельдинов.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Серікжан Байбосынов Президенттің бастамаларын кейбір азаматтар дұрыс қабылдай алмай жатқандығын айтты.

«Мемлекетте үлкен өзгерістер болып жатыр. Өзгерістердің ішіндегі ең маңыздысы – Президенттің  өкілеттілігін шектеу. Айта кететін жайт, Президент өзгерістерді өзінен бастады. Осыған үлкен назар аударуымыз керек. Біріншіден, Президент өз өкілеттілігін атқарушы, заң шығарушы билікке берді. Екіншіден, өзінің жеке басына қатысты мәселелер,  яғни Президенттің туыстары, жақындары тек қана мемлекеттік қызметте ғана емес, сонымен бірге квазимемлекеттік секторларда да басқарушы қызметін атқара алмайды. Бұл осыған дейін болмаған өзгерістер.

Сонымен қатар, Конституцияға ұсынылып отырған өзгерісте жер мәселесі де нақты айқындалды. Енді жер мемлекеттің меншігі болады.

Көптеген азаматтар өзгерістерді дұрыс қабылдай алмай жатқандығын байқадым. Президенттің саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан негізделген облыстарды құру жөніндегі ұсынысына, басқа азаматтар тағы да аудандар ашайық  деген ұрандар айтуда. Аудан ашу мәселе емес, бірақ бұл сұраққа экономикалық тұрғыдан қарау керекпіз. Экономикалық тұрғыдан ешқандай пайда бермейтін, халық саны 6000-ға жетер-жетпес бөліктерде аудан ашайық деп елді дүрліктіріп, оған қол жинау Президенттің игі бастамаларының  ұсақталуына әкеліп соғады».

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Жібек Камали өз сөзінде мәслихаттардың рөлі мен әлеуетін күшейтуге тоқталды.

«Мәслихаттар мемлекет пен қоғам арасындағы коммуникациялардың маңызды буыны. Олардың рөлін күшейту бақылау сапасын арттыруға, жергілікті деңгейде қаржы тәртібін жақсартуға мүмкіндік береді. Жұртшылықпен байланысты жақсартуға мемлекеттік органдардың ашықтығы, жергілікті деңгейде шешімдер қабылдау кезінде қоғамның пікірін ескеру ғана ықпал ете алады».

«Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі Елдос Жұмағұлов реформалар туралы айта отырып Шоқан Уәлихановтың «Сот реформалары туралы жазбасын» мысалға келтірді.

«Шоқан Уәлихановтың «Сот реформалары туралы жазбасында» келесі жағдайларды ескеру туралы айтқан болатын: «Кез-келген өзгерістерді  қалыптастыру және оны кейінірек сақтау үшін бұл реформа материалдық қажеттіліктерге сәйкес келуі керек және ол қоғамның ұлттық сипатына бейімделуі керек

Менің ойымша, қоғамдағы ең басты талаптар ашықтық, әділеттілік және еркіндік. Яғни, саясаттағы ашықтық, әлеуметтік әділеттілік және экономикалық тең жағдайдың жасалуы. Халықты бейбіт митингіге шығарған да негізі осы талаптар. Жаңа Қазақстанның негізгі идеясы осы болар деп ойлаймын. Бұл идея – қоғамның талабы. Біраз уақыт өз-өзімізді алдап келгеніміз өкінішті. Әрине, осы жылдардағы жетістіктерімізді жоққа шығарсақ, өзімізді де жоққа шығарғанымыз. Іс те болды, ал сөзіміз одан да көп болды. Жолдауды нақты саяси реформалардың бастауы ретінде күткеніміз рас».

«Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ ректоры аппаратының басшысы Серік Қалқаманов түзетулер Қазақстанның билік институттары өзара әрекеттесудің жаңа моделге көшуін және жаңа саяси мәдениеттің нығайуын білдіретінін айтты:

«Мемлекет басшысы бұл модельді «Екінші Республика» деп атады. «Екінші Республика» одан әрі суперпрезиденттік республикадан президенттік-парламенттік республикаға көшуді көздейді. Бұл мемлекеттік басқару жұмысының мазмұнын өзгерту. Мемлекет басшысы қоғамымыздың саяси трансформациясына бағытталған барлық өзгерістер мен толықтыруларды Конституцияға енгізудің маңыздылығын атап өтті».

Өз сөзінің соңында Серік Қалқаманов қатысып отырған студенттерден Жаңа Қазақстанды құрудағы олар үшін маңызды критерийлерді атауды сұрады.

Айта кету керек, студенттер іс-шараға белсенді қатысып, талқыланған саяси тақырыптар бойынша өз пікірлерімен бөлісті. Спикердің сұрағына жауап бере отырып, олар тұлғаны бала кезінен қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу өте маңызды екендігі туралы бірыңғай пікір білдірді.

Конституциялық реформалардың партиялар арасындағы бәсекені арттыруға берер әсері туралы саясаттанушы Бауыржан Серікбаев өз пікірін білдірді:

«Партия құруға қажетті мүшелер санының төмендетілуі елімізде саяси ұйымға біріккісі келетін азаматтардың белсенділігін арттыруға ықпалын тигізеді. Қазірдің өзінде саяси партия құруға ниетті бастамашыл топтар құрылып жатыр. Партиялардың Парламентке өту  шегінің түсірілуі бүгінгі таңда елімізде тіркелген саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті күшейтеді. Президенттің саяси партия төрағалығынан кететіні, барлық облыс, қала мен аудан әкімдері, олардың орынбасарлары партия филиалдарының төрағалығында болмауы бір саяси партияның доминантты рөлден кетіп, барлық партияларға тең мүмкіндіктер береді. Партия құру үшін өңірлердегі мүшелер санын 600-ден 200-ге түсіру бастамасы болашақта құрылуы мүмкін партиялар үшін үлкен жеңілдік болмақ. Өз кезегінде можаритарлық жүйенің енгізілуі жеке азаматтардың да белсенділігін арттырып, азаматтық қоғамның дамуына ықпалын тигізеді. Аталған өзгерістер ел азаматтарының саяси белсенділігін көтеріп, қоғамның саяси реформалар мен ел өміріне белсенді араласуына оң ықпал етеді».

“Адырна” ұлттық порталы

 

 

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket