Ондаған миллионын беріп, орынсыз қалған саудагерлер не дейді?

6269
Adyrna.kz Telegram

«Қазақта базарға барып, бағыңды сына» деген сөз бар. Базар қашанда қайнаған өмірдің, сауданың, қаржының ордасы болған. Алматы қаласында елуден астам базар бар, соның ішінде ең танымалы "Алтын Орда" базары. Қаланың оңтүстік қақпасында орналасқан "Алтын Орда" базарында ондаған мың саудагер нәпәқасын тауып отыр.

Бүгінде 800-ден астам саудагер су жаңа базарға көшіп, көңіліміз көншитін болды деп отырған сәтте, тағы да белгісіздікке тап болып, сәтсіздікке соғылған сыңайлы. Әңгіменің әлқиссасын арыдан бастасақ. "Алтын Орда" базарында қызмет ететін кәсіпкерлерге (саудагерлер) жағдай жасалмағаны жайлы сансыз сюжет шығып, бояуы кепкен сансыз мақала жазылды. Саудагерлер қыста суық, жазда қапырық сауда орынында тұрып, тауарын сатуға мәжбүр болуда. Талайы осылайша денсаулығын құртып алды. Кәсіпкерге еш жағдай жасалмаған, алайда тұрған орнының жалға алу құны удай қымбат. Тіпті жылдар бойы базар әкімшілігі өз міндетіне алып, іске асыруға тиіс жолды да, бояуды да саудагерлердің қалтасынан қаржы жинап, жасап келген. Саудагерлер солай дейді.

Араға уақыт салып, саудагерлерге жылы орын, жайлы мекен болар жаңа нарық салынатыны белгілі болды. Оны «Altyn Orda QazTrade LTD» іске асыруға тиіс еді. Заманауи жаңа базар салынып, модернизациялау жүретіні айтылды. Ол үшін базардың бұрынғы тұрған орнын сүріп тастап, сол орынға төбесі жабық, жылыту жүйесі заманға сай нарық салынуы тиіс еді. Солай болды да. Саудагерлер өз орындарын сүріп тастауға келісім берді, орнына жаңа нарықтан орын алған сәтте, оларға әр бутик үшін 5 пайыздық жеңілдік берілетіні айтылған. Базардың бұрынғы басшылығы осылай депті. Иланған жұрт қуана келісіп, әлі салына қоймаған жаңа нарықтан жайлы орын алуға кірісіп кеткен. Саудагерлердің айтуы бойынша бутиктердің құны шамамен 18 мың доллардан болған. Жиынтығы ғимараттан орын алу үшін 800 қазақ кәсіпкері 4 млрд теңгеден астам қаржы жинап берген. Сөйтіп аумағы 30 мың шаршы метр болатын екі қабатты базар құрылысы басталып кетті.

Бірақ базарда үлкен өзгерістер болуда. Басшылары ауысып жатыр. Енді қазақ кәсіпкерлері жаңа басшылық жаңа нарықтан орын бермеуі мүмкін деп күдіктенеді.

Әбдіжанова Әлия есімді саудагер былай дейді: «Қолымда құжатым бар. Төрт бутигім сносқа кетті. Бізге егер жаңа базардан орын алсаңыз әр бутиктен бес пайыз жеңілдік жасаймыз деді. Ескі бастықтар солай деді. Алайда осы жылы, ол жеңілдіктерді алып тастады. Сендерге жеңілдік жоқ деді. Сонда қалай? Олар біздің ақшамызға базар салды. Мен 18 мың доллардан екі бутикке 36 мың доллар төледім. Олар әр бутикке 5 пайыз жеңілдік болады деді, демек екі бутикке 10 пайыз болуы тиіс. Бұл дегеніңіз 3.6 мың доллар деген сөз. Алайда кейін ол жеңілдіктерді алып тастады. Біз материалды шетелден алдық, қымбаттап кетті, сондықтан жеңілдік жоқ дейді. Осылайша уәделерінде тұрған жоқ. Енді міне мамыр айында кіруге тиіс жаңа базарға қашан кіретініміз белгісіз, тіпті кірмей қалуымыз да мүмкін. Былайша айтқанда далада қалдық. Бұл мәселе шешілмесе, біз президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа шағымданамыз. Басқа амалымыз да жоқ. Жылдар бойы біздің маңдай терімізбен тапқан адал ақшамызды бердік қой. Несие алып бергендер де бар болар. "Алтын Ордаға" саудагерлер ғой жан бітіріп, мыңдаған халыққа жұмыс беріп отырған».

Саудагер Елеуова Гүлшат былай дейді: «Мен жаңа базардағы бес бутикке ақша салдым. Жаңа базардың қазір 95 пайызы бітіп тұр. Енді бұны бізге екі бастықтың арасында қалдырмай, толық бітіріп, ішіне кіргізіп берсін. Менің өзімнен 33 млн теңге алды. Бізге мамыр айында кіресіңдер деді, бірақ сиқы мынау. Әлі толық біткен жоқ. Ал жаңа бастықтар болса ауызбен кіресіңдер деуден ары аспауда. Бұл не сұмдық, маған ауызбен айтқан сөзі емес, құжатпен бекітіп берсін».

"Алтын Орда" базарының тағы бір есімін жасырын сақтауды жөн көрген саудагері келесідей пікір білдірді: «2018 жылдан бері осында жұмыс істеймін. Бұрынғы басшылық 2020 жылдан бастап жаңа базар саламыз деп бізден ақша жинай бастады. Енді міне үш күннен бері жаңа басшылық келген соң, түсінбеушіліктер басталды. Бұл ғимаратқа қашан кіреміз, қандай шартпен кіреміз, оның барлығы түсініксіз болып тұр. Жаңа басшылық жөнін білмейді, нақты айтпайды. Осылайша жаңа базар белгісіз болып тұр. Қанша жыл суық, түк жағдай жасалмаған базарда тұрдым. Жаңа базарға кіреміз деген сәтте, осындай белгісіз күйде тұрмыз. Мен өзім жиырма миллион теңгеден астам қаржы бердім. Әлі берешегім бар. Жыл сайын бөліп, 4-5 миллионнан беріп отырдым», - дейді.

Расымен жаңа базардың құрылысы әлі жүріп жатыр. Алайда толық бітпеген. Базардың жаңа басшылығының өкілі болса «ешкімнен қосымша қаржы алмаймыз, кім ақшасын берді, олардың барлығы да өз орнын алады» дейді. Дегенмен саудагерлер жаңа басшылықтың бұл сөзіне сенім артпайды. 800 қазақ кәсіпкері жылдар бойы жинаған миллиондарымыз желге ұшып, далада қаламыз ба деп алаңдап отыр.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер