Жанды жерден ұстады: Мұнай құбырын жел зақымдады ма, саясат па?

3026
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан экономикасының басым бөлігін мұнайдан түскен қаржы құрайды. Ұзақ жылдар бойы шикізаттық экономиканы ұстанған Қазақстан, экономиканы әртараптандыруды іске асырмады. Уәделер мен бағдарламалар қағаз күйінде жүзеге асты, ал шынайы тұрғыдан сол шикізаттық экономика сақталып келеді. Бұл Қазақстанды геосаяси соққыларда бірінші зардап шегетін елдердің қатарына қосты. Әлемде мұнай бағасы көтерілсе Қазақстанның да экономикасына қан жүгіріп, мұнай бағасы түссе Қазақстанның да басы салбырай түсетіні сондықтан. 

Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін, ресейлік мұнай және газ саласына эмбарго жариялау мәселесі көтеріліп келеді. Ресей бүгінде өз мұнайын арзандатылған бағамен сатудың жолын іздеп жатыр. Ресейге күлетін жағдайымыз жоқ, себебі сол Ресей аумағы арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумында апат болып, Қазақстанның сыртқа мұнайы шығаруы азайды. Бұл біздің экономикамыз үшін үлкен шығындар деген сөз. Күніне бюджет бірнеше млн доллардан қағылады дегенді білдіреді.

Каспий құбыр консорциумының ұзындығы 1.5 мың шақырымнан асады. Бүгінде Каспий құбыр консорциумының акциялары «Транснефть» — 24 %, «ҚазМұнайГаз» — 19 %, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company — 15 % тиесілі. Өзге де Батыстық компаниялардың пайыздық үлестері бар. Қазақстан аталмыш құбыр жүйесі арқылы өз мұнайының 70 пайыздан астамын тасымалдайды. Сондықтан біз үшін мұнайы саласында бұл басты құбыр деген сөз.

(Карта: Транснефть)

Наурыздың басында Ресейдің Новороссийск маңында дауыл болып, құбырға зақым келгені айтылды. Зақымданған құбырда жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін екі айға жуық уақыт кететіні айтылды. Алайда сарапшылар құбырдың дауылдан зақымдануы екіталай деген ойда. Себебі бұған дейін сансыз дауылды көрген құбыр Ресей мен Украина арасында соғыс басталған сәтте зақымдануы да күдік ұялатады. Мамандар диверсия нұсқасын да ойдан шығарып тастау керек деген пікірде. "Бұл жерде құбыр арқылы қысым жасау саясаты да болуы мүмкін" деген жорамалдар бар.  Қазақстан басқа жолды іздеуде. Сарапшылар 16,5 млн тонна мұнайды Атырау-Самара құбыры арқылы тасымалдауға болады дейді, алайда бұл КМҚ арқылы тасымалданатын барлық мұнайдың үштен бірін ғана құрайды. Қазақстанның энергетика министрлігі өкілдері апта соңында Ресейге іскерлік сапармен бармақ. Басты тақырып екі ел арасындағы энергетика саласын дамыту болса, оның ішінде Қазақстан үшін Каспий құбыр консорциумы мәселесін реттеу де маңызды екені анық. Сондықтан күн тәртібінен ол мәселе де түспес.

Financial Times болса құбырдағы зақымдану Ресейдің қолымен жасалды деген пікірде. Себебі аталмыш құбыр арқылы мұнай сататын Батыстық компаниялар зақымдану аймағына бара алмаған, Ресей билігі рұқсат етпепті. Демек, Ресей құбырды өзі қалаған сәтте ашып, өзі қалаған сәтте жабады деген сөз. Бұл ресейлік ықпалды азайтқысы келетін Қазақстан үшін ойланарлық мәселе болуы тиіс.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер